Елбасымен іргелі мемлекет үшін

Өркениетті, дамыған 50 мемлекетпен тереземіз теңескен ел болып отырмыз.

Әлем қазақ деген ел барын осы 20 жылдың ішінде толық танып, білді. Осының барлығына Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өлшеусіз еңбегімен жеткенімізді жіті ұғына білуіміз қажет.

Сәуірдің 3-і күні өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу алдағы уақытта осы істердің жалғасын табуына мол ықпал жасары анық.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабы мен «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты бірлесіп №4 мектеп-лицейде «Біз мықты Қазақстан үшін» атты жастар акциясын өткізді. Акцияға қоғамдық штаб өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, білім ошағының мұғалімдері мен оқушылары және жас мамандар қатысты.

Алғаш болып №3 кәсіби лицейдің директоры, Қазақстан Республикасының Президентігіне кандидит Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының мүшесі Болат Бүркітов сөз алды:

«Ел таңдау жасайтын тұста біздің қала тұрғындары да нақты өз таңдауларын жасайды деп сенеміз. Ұлттың болашағы үшін кемеңгер тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы қолынан келгенін жасауда. Білім беру мен денсаулық сақтау саласын, ауылшаруашылығын жандандыру бағытында соңғы жылдары көп ел жете қоймаған табыстарға жетудеміз. Ел экономикасы қарыштап дамып, өзге елдермен тізгін қағысып келе жатқан ел екенімізді сіздер жақсы білесіздер.

Жалпы, арнаулы, жоғары білім алуға жастардың мүмкіндігіне толық жол ашық. Осы бағыттардағы атқарар жұмыстарды соңына дейін жеткізер Көшбасшыға сенім артып, қолдау білдіреді деп сенемін».

Елімізде ауылдардағы мамандардың тапшылығының оңтайлы шешілуіне көп септігі тиген «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да өз жемісін беруде. Бұл да Елбасының бастамасы болатын. Бағдарлама бойынша қызмет атқарып жүрген жас маман Айгерім Нысанбаева: «Елімізге сындарлы сәттер туған тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қазақ елі тығырықтан шығып, айналасы жиырма жылдың ішінде әлемге танылды. Елбасы жастарды қолдаудан бір тайған емес. Сол үшінде біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевты қолдаймыз» деді.

«Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының жанынан құрылған жастар мәслихатының депутаты Дмитрий Тюрин, жас маман, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі Гузелия Ганиева сөз алып, Елбасының дана саясатына жастар тарапынан үнемі қолдаудың болатындығын жеткізді. Сондай-ақ, сөз алған азаматтардың барлығы жиналғандарды алдағы сайлауда Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс беруге шақырды.

Акцияның маңызын жергілікті әншілердің орындауындағы Отан, Туған жер жайындағы әндер аша түсті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.