Ұлытаудың абыройын асырған ұлы той

20150828-04-1Қасиетті қазақ даласында 550 жыл бұрын Керей мен Жәнібек ұлы хандықтың іргесін қалады. Ұлтарақтай жер үшін аттың жалы, түйенің қомында жүріп, азаттықты аңсаған сол бабалар арманы бүгінде тәуелсіздіктің арайлы таңына бастап әкелді. Әрине, бұл шұғылалы күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Хандық іргесін қалаған күннен бастап қазақ жеріне көз алартқандардың ішінде жоңғар, қалмақтарға қарсы күрес 150 жылға созылды.

Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Білеуті өзендерінің жағасында1727 жылы және Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті.

Қазақ даласында үстемдік құрмақ болған қалмақтардың мысын басқан қазақ жасақтарының рухы осы шайқастардан соң арта түсті. Бұланты, Білеуті өзендерінің бойында қазақ халқының тағдырын шешкен бұл соғыста жер-жерлерден 30 мыңнан аса хас батырлар тізе қосып, төнген жауға оқтай атылды. Бұл алапат майдан құны мен бағасы жағынан ешқандай шайқаспен теңеспейді.

 

Бабалар ерлігіне құрмет

Бес жүз елу жылдық тарихы бар қазақ жерінде ұлт болып қалуымызда шешуші рөл атқарған іргеміздегі «Бұланты мен Білеуті» өзенінің аңғарында болған бұл майданның тарихи маңызын қайта жандандырып, осы шайқасқа қатысқан батырлардың есімдерін анықтап, кейінгі буынға насихаттау тұрғысында көп деген жұмыстар қолға алынып жатыр. Осыдан 280 жыл бұрын басы біріккен қазақ сарбаздарының қасиетті мекені ретінде Бұланты мен Білеутіні ұлықтау мақсатында 2015 жылдың тамыз айының 20 күні күні республикалық маңызға ие айтулы шара өтті.

Қырық мың қалмақтың қабырғасын сөгіп, «Ұлытауды жау қолына бермейміз деп» атой салған Апыр, Аралбай, Тілеулі, Төлек, Сағындық сынды және т.б. алып батырлардың ұрпақтарымен қатар «Қазақмыс» корпорациясы қасиетті жерде киіз үй тігіп, ас берді.

Ал, айтулы шараның маңызы Бұланты, Білеуті шайқасына қатысқан хас батырлардың ерлік рухына арналған стелланың ашылуымен арта түсті.

Стелланың ашылу салтанатына жиналған көпшілікті жезқазғандық ақын Жанбол Көпбосынов арнау жырымен арқаландырып алды.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бастаған бір топ зиялы қауым өкілі, соның ішінде халық Қаһарманы, ұлтымыздың мақтанышы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, Ұлытаудың тумасы, ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман және т.б азаматтар «Қалмаққырылған» жерінде 43 батырдың есімі жазылған ескерткіш тақта мен 7 метрлік стелланы салтанатты түрде ашып, Ұлытау баурайындағы бұл шайқастың маңыздылығына тоқталды.

Бабалар ерлігіне құрмет көрсетілген шарада өңір басшысы Нұрмұхамбет Қанапияұлы батыр бабалардың рухына тәу етіп келген ұрпақтарына алғысын білдіріп, қазақ жеріне тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін жас буынға түсіндіруде осындай игі шаруалардың маңызды екенін тілге тиек етті.

– Ұлт болып бір арман жолында жұдырықтай жұмылып, келер күннен азаттықтың ақ таңын көрерміз деген жүрегінде ұлы арманы болған бабалардың шешуші шайқаста батырлық көрсеткен қасиетті мекеніне табан тіреп тұрмыз. Мұндай маңызға ие тарихи орындарды қазақ даласының қай бұрышына барсаңыз да кезіктіретініңіз ақиқат. Алайда, құба жонда жатқан Бұланты мен Білеутіні біздің ұмытуға қақымыз жоқ. Себебі, біздің ер бабаларымыз осы қасиетті мекенде қасық қаны қалғанша атысқанмен атысып, жығысқанмен жығысып, найзаның ұшы, білектің күшімен қазақ даласын қорғап қалды. Біз сондықтан да ұлы бабаларымызға қандай құрмет көрсетсек те олардың өтеуін өтей алмайтынымыз хақ, – деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы.

«Қазақмыс» корпора-циясының бас директоры Бақтияр Қрықпышев, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Шабаз Смайлов сөз алып, тарихқа құрмет көрсетіп жатқан қалың көпшілікке, осы іс-шараның басы-қасынан табылған азаматтарға ризашылықтарын жеткізді.

Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының әртістері жағадан алған жауды ойсырата жеңуде біріккен қазақ қолының Ордабасыдағы алқалы жиынын, Әбілқайырдың ел басқарып, батырларды жігерлендірудегі көшбасшылық қабілетін, Бөгенбай мен Қабанбайдың қолбасшылық қырларын шынайы бейнеде бере білсе, қалмаққа қарсы шайқаста қазақ сарбаздарына жеңіс әкелген 92 баулы Қыпшақтан шыққан жас сарбаз Тілеулі батырдың «сасық кеуде» қалмақтың әскер басын жекпе-жекте қалай айла-шарғысымен жанын жаһаннамға жібергенін жоғарғы деңгейде көрсете білді.

Одан кейін дөң басына қойылған ескерткіш тақта мен стелланың лентасын халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қиып, қалың жұртшылықпен бірге батырлар кешенін аралап көрді. Жезқазғандағы Қ.И.Сәтбаев атындағы өлкетану мұражайының директоры Кенжалы Балкенов орнатылған ескерткіш тақта мен стелланың, әрбір батырдың ұрпақтары қойған белгі тастар мен қыр бастындағы сан ғасырлық тарихи оқиғаның куәсіндай болған құнды мұраларынан сыр шертті.

Бұланты, Білеуті шайқасында қазақ сарбаздары қалмақтың қалың қолына жұмсалған 1 миллионнан аса жебенің дайындалу әдіс-тәсілімен келген қонақтарды Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі мұражайының директоры Зейпін Қазанбаева мен байқоңырлық ұста-зергер Мұхаметқали Стамқұлов далалық ұстаханада таныстырды.

Шайқасқа қатысқан батырлардың суреттері мен қару-жарақтары қос мұражайдың ұйымдастыруымен қойылған көрме төрінен орын алды.

Аймақ басшысы Н.Әбдібеков осы ұстаханада арнайы дайындалған пішінге балқыма құйып, мұражайға сыйға тартты.

Сөйтіп, ұлтын ұлы мұраттарға жетелеген ұлы бабалардың ұрпақтары Бұланты мен Білеутінің бойында сан ғасырлық тарихтың жаңғыруына куә болып қайтты. Өткен 2014 жылы ғана іске қосылған «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы басып өтетін Бұланты, Білеутінің ендігі жерде даңқы асқақтап, тарихи маңызы арта түсетініне еш күман жоқ.

 

Тағылымы мол жиын

Ұлтымыздың тарихында Ұлытаудың алар орны ала бөтен. Үш жүздің басы бірігіп, таңбаларын тасқа қашап салған осы қасиетті мекеннің ұлылығын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылы ұлт ұясында берген сұхбатындағы «Ұлытаудың орны бөлек» деген сөзімен-ақ жеткізуге болады. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шараларының Ұлытау баруайында бастау алғанынан да бұл мекеннің тарихи маңызын елеп-екшеп жатудың өзі артық. Бабалардың ізі қалған өлкеде өткен үш күнгі ұлан асыр тойдың құрметті қонақтары мен Ұлытауға ағылған қалың жұртшылық «Ұлытау – ұлт ұясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ұлытаудың тарихтағы алар орнын тағы бір айқындады.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Әнес Сарай, қалық Қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Сағындық Жауымбаев, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртпай және т.б зиялы қауым өкілдері тағылымы мол жиында келелі ойларды ортаға салды. Соның ішінде Тұрсын Жұртпай Әлихан Бөкейханның арманы болған 25 метрлік туды Ұлытаудың ең ұшар басына орнату мәселесін қозғады.

Жиында Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров ұлтым деп еміреніп жүрген ұлы перзентіміз Тоқтар Оңғарбайұлы мен жазушы, драматург Әнес Сағымбайұлына ауданның Құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысты ортаға салды.

Келелі мәселелер көтерілген алқалы мәслихатта Ұлытаудың дәрежесін асқақтата беруде алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың да ауқымды екені сөз болды.

 

«Хан төбедегі» ұлан-асыр мереке

Замана көші жылжи отырып, жаңа ғасырда өткен тарихты саралауға мүмкіндік берді. Жер бетінде қаншама халық өзгенің бодандығында жүріп, мәңгүрттіктен жойылды. Қазақтай алып рухты халыққа қаншама ғасырда зобалаңның зардабы тисе де жігері мұқалмастан бүгінгі ХХІ ғасырда аты әлемге шыққан ел атанды. Мұның барлығында да кешегі ұлы бабалардың том-том болып жазылатын ерлік істері жатыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту бастамасын көтергенде тайлы-тұяғымыз қалмай қуанып, «Қазақта тарих жоқ», деп кеудемсоқтық жасаған кейбіреулердің аузына құм құйдық.

Міне, сол тарихи маңызға толы айтулы шараның басы Ұлытаудан бастау алды.

Ұлытаудың абыройын асырып, дүбірлете тойланған хандықтың мерейлі мерекесі сенбі күні «Болатсайда» республикалық деңгейде дүркіреп өтті.

Тау етегіне тігілген 80 киіз үйдің маңына топтасқан халық нөпірінен-ақ ұлы тойдың маңыздылығы аңғарылып тұрды. Қарағанды облысының қала, аудандары мен «Қазақмыс» корпорациясы, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы атсалысқан торқалы той қазақ халқының ымыра-бірлігін, қонақжайлылығын көрсете білді.

Бой көтерген киіз үйлердің маңында қазанға асылған ет, дастарханға қойылған ұлттық тағамдар мен киіз үйлердің іші-сыртының безендірілуі көрген жанның көзінің жауын алды. Торқалы тойға кенді қаланың атынан тігілген 10 киіз үй тау бөктерінде сәні мен салтанаты келісіп тұрды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар, аудан жұртшылығы әуелі тойдың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаровтың, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарайдың, халық Қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәріковтің, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртпайдың, ауданның Құрметті азаматы Шабаз Смайлов ақсақалдың ақжарма тілектері мен орамды ойларынан соң «Тарих тағылымы» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.

Салтанатты ашылуда сөз алған аудан әкімі Хамит Омаров: «Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын атап өтуге байланысты Қарағанды облысы бойынша мемлеттік бағдарлама бекітілді. Соның ішінде 10 бағдарлама Ұлытау ауданына тиесілі. Бұл торқалы тойға дейін халықаралық этнофестиваль, екі бірдей ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Біздің ұлтымыздың тарихы тасқа қашалған өшпес шежірелі тарих. Осы уақытқа дейін қазақтың тарихын жоқ қылып жіберуге дейін барған талай соғыстар болды. Бірақ, қазақ қайсар рухты халық болғандығының арқасында сол қиындықтарды жеңіп, бүгінде бабалардың ұрпағы Ұлытау бөктерінде бас қосып отыр. Алты алаштың баласы Ұлытауға тәу етіп келгенде қасиетті мекеннен тебіренбей кете алмасы анық. Тарихтағы Ұлытаудың орны сонысымен де бағалы әрі құнды. Елбасы өткен жылғы сапарында Ұлытаудың ұлылығын барша елге ерекше тебіреніспен жеткізді. Қазақ хандығының тойы Ұлытаудан бастау алуы біздер үшін зор мақтаныш. Осы мерекенің жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысқан аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековке, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясына, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа ауданының басшылығына аудан халқының атынан алғысымды жеткіземін», дей келе, Хамит Нұрланұлы облыс басшысының құттықтау хатындағы ыстық ықлас сезімін аудан халқына жеткізді.

Айшықты шарада сөз алған Әнес Сарай, Тоқтар Әубәкіров, Тұрсын Жұртпай сынды ұлт зиялылары: « Қазақ елінің тарихы өте тереңде жатыр. Кешегі Қыпшақ ұлысынан бастау алған Қазақ хандығы өз дәуірінде атағы аспанға жеткен ұлы мемлекет болды. Біздің тарих сонау Алтын Ордадан бастау алатындығын ескерсек, қазақ елінің тарихи шежіресін айтып тауысу қиынның қиыны. Ал, осы тарихи көште қазір табан тіреп тұрған Ұлытаудың мәртебесі де аты да жоғары. Ұлытау – ұлы тарихтың тамыршысы. Әр тасы, топырағы, сайын дала төсіндегі Жошының, ер Едігенің, Алаша ханның, Домбауылдың мазарларынан өткен тарихтың тылсым сырын ұғынасыз. Ұлытаудан ұлық тойдың бастау алуы тегін емес. Кешегі жаугершілік заманда Ұлытаудың тағдыры екі талай болды. Алайда, бір мақсат жолында жұдырық болып жұмылған қазақ хандары мен батырлары Ұлытауды келер буынға аманаттады. Сол бабалардың аманатын арқалап отырған сіздер өте бақыттысыздар. Анау Ұлытаудың ұшар басына ту тігіліп, «Мынау менің Ұлытауым», деп алыстан мен мұндалап тұрса ер бабалардың аманатының орындалғаны болар еді» деді ел ағалары.

Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрдың әртістері бабалар арманының жүзеге асуы мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның даму, өркендеп өсу, бейбіт те ымырашыл тіршілігін айқын көрсеткен көрініс көптің ықыласына бөленді.

Мерекелік шара одан әрі облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің, Жезқазған қаласындағы Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның, Сәтбаев қаласы, аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ұлытау ауданы сонау Шу жерінен шыққан марафоншыларды да қарсы алды. Осыдан 2 апта бұрын көне Тараз жерінен шыққан 15 азамат Керей мен Жәнібектің көк туын Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаровқа тапсырды.

Түскі мезгілде қадірлі қонақтар арнайы тігілген киіз үйлерден ас ішіп, бірін-бірі мерекемен құттықтап жатты. Той алаңында әсем әндер шырқалып, домбырадан күмбірлеген күй төгілді.

– Біз бүгін үлкен тойдың куәгері болып отырмыз. Қараңыздаршы, қазақтың өткен тұтас тарихы бейнеленіп, ұлтымыздың ұлы мұрат жолындағы бабалар ерлігі бір жаңғырды. Аудан халқы мұндай тойдың қасиетті жерде өтуі – тарихтағы Ұлытаудың алар орнын өзгелерге таныту деп біледі. «Мәңгілік ел» болуды мақсат еткен қазақ елі «Нұрлы жолда» болашаққа қарышты қадамдар жасай берсін. Бүгін төбемізге көтеріп, ұлықтап жатқан ата-бабалар рухы қолдай берсін», – дейді Ұлытау ауданының тұрғыны, еңбек ардагері Құрманғали Тобашев ақсақал.

«Хан төбеге» жиналғандардың көзі шаршы алаңда белдесіп, қарсыласын жер қаптырғанша қара күшін танытқан палуандарда болды. Қазақ күресінен өткен ашық байрақты бәсекеде жастарымыз жеңіске ұмтылды. Атап айтар болсақ, ашық турнирде 1997-98 жылы туылған жастар арасында 70 келі салмақ дәрежесінде І орынды ұлытаулық Ернат Төлеш, ІІ орынды Шеңбер ауылының палуаны Ислам Рахманқұлов иеленсе, ІІІ орынды жаңарқалық Нұржан Жолтаев еншіледі. Ал, «Түйе палуандардың» ішінен жүлделі ІІІ орынды Қарқаларының адуынды азаматы Ерсін Мұхаметжанов қанжығаға байласа, ІІ орынға лайықты күрес өнерін көрсете білген Нұраның жігіті Бекзат Ахметбеков болды. Ал, «Түйе палуан» атағын жаңарқалық Асыл Барменов жеңіп алып, «Гранта» автокөлігін тізгіндеді.

Делебе қоздырған сайыстан соң көптің назары Ұлытаудан 10 шақырым жерде өткен ат жарысына ойысты. Жиырма үш шақырымдық «Тоқ бәйгеге» түскен 13 шабандоздың ішінен Шет ауданынан келген Шалқар Толымбековтың жүйрік тұлпары бірінші келіп, иесіне автокөлік тарту етсе, Жаңаарқа ауданының азаматы Дидар Тоғызбаевтың үкілеп қосқан аты бәйгеде екінші келіп, мерейін үстем етті. ІІІ орынның жүлдесіне қарағандылық Әсет Қалыбековтың дарабозы лайық деп танылды.

Отыз екі шақырымдық «Аламан» бәйгенің 6 айналымында 17 сәйгүлік бірінен-бірі оза шауып, кейде үзеңгі қағысып тең келіп отырды. Желдей ескен жүйріктердің жүгенін тізгіндеп, тақымға қысқан шабандоздардың ерекше шабыстары төбеге топтасқан халықтың делебесін қоздырды. Будақтаған шаңның арасынан соңғы айналымда Шет ауданының жүйрігі қара үзіп мәреге бірінші жетті. Сәйгүлікті баптап, жарысқа қосқан Қуат Ахметов автокөлік иеленді. Кенді қаламыздан «Аламан» бәйгеде Аманкелді Ержановтың жүйрігі оза шауып, ІІ орынның жүлдесін алды. Ал, ІІІ орынға тігілген бағалы сыйлықты ұлытаулық Азамат Қыдырбеков қанжығалап кетті.

Қазақ күресінде, қос бәйгеде оза шапқан жүйріктерге «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы атынан автокөліктер мен мотоциклдер және заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Кеш қарайған сәтке дейін торқалы тойдың дүбірі тау етегін думанға бөлеп жатты. Ұлытаудың орталығында ауданның көркемөнерпаздары кешкілік ұлт ұясына мейман болып келген қонақтарға концерттік бағдарламаларын ұсынып, әннен, биден, күйден шашу шашты.

Ұлытаудағы ұлық тойдың соңы отшашумен түйінделді.

Репортажды дайындап, сурет түсірген Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.