Наурыз – думан, Наурыз – той. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамында басталып кетті

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін кешегісімен жалғастырар бірден бір мереке – Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз.

Көктемнің ең әдемі мерекесі арулар күнінің қызығы басылмай жатып, екінші бір тамаша мейрам басталып-ақ кетті. Мұндай Наурыз – думан, Наурыз – тойды сейсенбі күні қалалық «Қазақ тілі» қоғамы өткізді. Орыс, украин, татар-башқұрт, т.б. ұлттық-мәдени орталық өкілдерінің басын қосқан мерекелік дастарханда қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, басы ет болып, ұлттық тағамдар тартылды.Қалалық мәслихаттың депутаттары, еңбек ардагерлері, мемлекеттік мекеме басшылары Наурыз тойдың құрметті қонақтары болды. Оқушылар сарайының өнерпаздары мен «Ақ әжелер» ансамблі думанға дүбір қосты.

Ұлыстың Ұлы күніне деген құрмет халық арасында басымдыққа ие болғалы оған өзге ұлт өкілдері де оң пейіл таныта бастады.

Наурыз мейрамға арнайы шақырылған филиппиндік волонтёр қыздар өз сөздерінде Наурыздың қалай тойланатынын көргілері келіп жүргендерін жасыра алмады. Жергілікті ақын, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Мәуия Бекмағанбетова әр ұлттың басын қосып, бір табақтан дәм татырып, Наурыздың барша ұлттардың дәстүрлерін бір-бірімен үйлестіруге қызмет ететін мереке екендігін танытты. Қонақтарды төс түйістіріп қарсы алудан басталған ата салтымыз мерекенің соңына дейін үзілген жоқ. Театрландырылған қойылымдар кәде-жоралғысымен жалғасып жатты.

Құрметті қонақтар Ә.Сәденова, А.Төлендина, Т.Хмилярчук, Р.Бурда, Г.Таңсықбаева, А.Темірбаева, Ж.Мизамбаева, М.Естиярова құттықтауларын жеткізіп, М.Бекмағанбетова бастаған Оқушылар сарайының өнерпаздары мен «Қазақ тілі» қоғамының мүшелеріне тамаша мереке үшін ризашылықтарын білдірді.

Ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері арнап әкелген ән шашуларын сыйлады.

Мереке барысында М.Бекмағанбетова «Ақ әжелер» ансамблін және «Қазақ тілі» қоғамының белсенділерін Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтарын тапсырды.

Көктемгі жаңарудың, махаббаттың, мейірім мен достықтың мерекесіне жиналғандар Наурыз көженің дәмін басқалардан бұрын татып, бір-біріне игі тілектерін айтып тарасты.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.