Орнықты жауап қайтарды

20150904-11-02Өткен аптада облыстық мәслихаттың депутаты, кен өндіру, металлургия өнеркәсібі еңбеккерлерінің «Кәсіп Қазақмыс» салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төреқожа Тілемісовтің кеңесшісі Қабжан Досмақов сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподағы Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерболат Сатыбалдин қатысып, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді. Он төрт адамнан келіп түскен арыз-шағымдардың көбісі жұмысқа орналасу турасында. Өз мамандығы бойынша жұмыс іздеушілер қатарында Жезқазған медициналық колледжінің түлектері Асыл Досанова, Арайлым Сүлейменова, Индира Ержігітова, Зухра Фазилова болды. Қажетті құжаттарды дайындап, қайтадан өтініш жазу керектігін түсіндірген Қ.Досмақов депутаттың оларға кезек тәртібімен жауап беретіндігін жеткізді. Ал, кәсіби білімі бар Нұржан Әубәкір мен Сұңғат Исанов, Хамзат Зиядинов, Исмаил Шамхалов, Азамат Жұлдызғалиев, Бақтияр Әбдрахманов, Андрей Фисунов негізгі мамандығы бойынша өндірістен жұмыс іздейді. Олардың өтініші де ретімен қаралатын болды. Қала тұрғыны Қайрат Қасымбековті Шаталюк көшесінде тұратын балалардың жайы толғандырады. Өздері тұратын көп қабатты үйдің ауласында балаларға арналған ойын алаңының жоқтығы қинайды екен. Оның өтініші бойынша тиісті жерлерге қатынас хат жолданатын болды.

Ұзақ жылдар «Қазақмыс» компаниясында еңбек етіп, Шығыс Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жерінен зейнеткерлікке шыққан Асқар Бапанов «Шығыстүстімет» ӨБнің ЖШС болып қайта құрылуына байланысты қазір ешқайда тіркеуде жоқтығын, енді «Жезқазғантүстімет» ӨБнің зейнеткері болғысы келетіндігін жеткізді. А.Бапановқа аталмыш мәселе бойынша депутаттың атына өтініш жазу тапсырылды.

Қабылдауда көтерілген мәселелер есепке алынып, жүзеге асырылуы бақылауға қойылмақ. Халықпен етене араласып, азаматтардың талап-тілектерін, шағымдары мен мұң-мұқтаждарын дер кезінде ескерген халық қалаулысының көмекшісі көптеген мәселелердің түйінін тарқатып, көкейдегі сауалдарға орынды ой айтып, орнықты жауап қайтарды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.