Сайлау – келешегіңді таңдау

Апта басында ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі Сәтбаев қалалық қоғамдық штабы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты тағы бір еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуге қоғамдық штабтың мүшелері Г.Есмұрзаева, А.Төлендина қатысып отырды.Жиынды Сәтбаев электр желілері кәсіпорнының директоры Аппаз Сәтбек ашты:

– Сәуірдің 3-күні өтетін Президент сайлауына кандидат ретінде «Нұр Отан» ХДП Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынғанын білесіздер. Мемлекетіміздің бүгінгі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы он жылға арналған бағдарламасында Тәуелсіз еліміздің болашақтағы бағыттары айқын атап көрсетілген. Онымен сіздер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жете таныс деп ойлаймын. Сондықтан сіздерді  маңызды қадамға жауапты қарауға шақырамын, – деп Сәтбек Сәруарұлы сөз кезегін ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі М.Жаппасбаеваға берді.

– Қазақстан тағы бір тарихи оқиғаның, тағы бір тарихи таңдаудың табалдырығында тұр. Мемлекетіміздің басында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанда Қазақстан 20 жылдың ішінде өзге елдер үшін ондаған жылдарды қажет ететін үлкен жолдан жүріп өтті. Осы жылдардағы жеткен жетістіктеріміз бәріңіздің көз алдарыңызда өтіп жатыр. Ең бастысы – демократиялық саяси жүйе қалыптасты, қоғамда тұрақтылық орнады. Тіршіліктің негізі, өмірдің басты құндылығы бейбітшілік десек, Қазақстан бүгінде ұлтаралық келісімнің арнасында ең бейбіт елге айналды. Осының бәрі барлық қазақстандықтар үміт артып отырған дара тұлға – Нұрсұлтан Назарбаевтың сабырлы саясатының арқасы. Олай болса, алдағы уақытта адаспау үшін дұрыс таңдау жасайық. Сайлауға ұйымшылдықпен қатысып, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына дауыс берейік! Елбасымен бірге алға, Қазақстан, – деп ұран тастады Майра Смағұлқызы. Одан әрі кәсіпорын жұмысшылары Х.Расулов, Ғ.Жәнібеков, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Ж.Мұңсызбаев сөз алып, кандидаттың сенімді өкілінің сөзін қуаттап, Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беруге шақырды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.