Әсерлі күй қалдырған бір күн

20150904-11-04Сарыарқаның жазира даласының тұла бойы тұнған тарих, қат-қат шежіре, жерінің қойнауы – көне жәдігерлер көрмесі. Адам айтса сенгісіз оқиғалар мен құбылыстардың да саны аз емес. Арқаның төсінде орналасқан Теректі өңірі де көне дәуірдің куәсі іспетті. Өйткені, «Теректі әулие» деп аталатын тас төбешіктер көне заманның құпиясын өз қойнауына жасырып жатқандай.

Осындай киелі жерге Сәтбаев қаласының білім бөлімінің ұйымдастыруымен қаламыздағы білім мекемелерінде жұмыс істейтін «Жас өлкетанушылар» курсына қатысушылардың 20 өкілі және 4 жетекші қатысып, туған өлкеміздің табиғи-тарихи нысандарын аралап тарихымен танысу мақсатында экскурсия ұйымдастырды.

Қазақ халқының болмыс-бітімін, асыл мұраларын, тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртуда, санасына сіңіруде мұндай шаралардың рөлі ерекше. «Теректі әулие» аталатын мекен қызыл қоңыр тастардан тұратын аласа ғана 5-6 төбешік екен. Оқушылар кешендегі Әзірет Әлінің аяғының ізі деп аталатын тастағы ізді, ежелгі петроглифтерді көзбен көріп, көңілге біраз нәрсені түйіп қайтты. Бас сиятын тау тесігі “томограф”, жатуға болатын тас жақтаулар, бұта басына, бұлақ қасына байланған ақ шүберек, ел арасында «күнә тасы» аталып кеткен үлкен жақпар тас, «Әулие сырғанағы»… Қалай дегенмен, оқушылар қасиетті жердің тарихымен танысып, табиғи ескерткіштерді өз көздерімен көріп, риза болып қайтты.

Тарихи құндылығы зор, көздің жауын алар жауһарлар әлі талай ұрпаққа бабалар аманатын алып барары анық. Көнеден жеткен мұра – суретті тас бетінің жақпар-жақпар құшағы бір-бір дастан. Құпиясын уақыт құлыптаған, ғасырдың теңбіл тәжіне айналған бұл жартастар ұлы даланың Эрмитажы секілді.

А.Джанасбаева, №19 жалпы орта білім беретін орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.