Салғырттық сан соқтырды

Осыдан екі апта бұрын редакцияға мұңлы кейіпте екі ана кірді. Көздерінде бір ауыр қайғының бары сезіліп тұрды. Екі баланың анасы Гүлбаршын Болатқызы дәрігердің салғырттығынан жолдасынан айырылып қалғанын айтып, жазып әкелген хатын көрсетті.

Хаттағы мәтінде: «Шілде айының 26 күні жолдасым Қайырлы Жоламанов көз жұмды. Оқиғаны нақты баяндар болсам, «Жаман» деген ауылда жұмыста жүрген жолдасымды құтырған түлкі тістеген.

Маусым айының 23 күні Жолдасым Қайырлы ауылдан келді. Сонда ерніндегі тыртықты байқап, «Мына жара не?» деп сұрағанымда, бір жеті бұрын түлкі тістегенін айтты. Болған жағдайды естіген бетте №5 отбасылық-дәрігерлік орталықтағы терапевт-дәрігер Құралай Қыздароваға мән-жайды толық баяндап, «Қанша дегенмен жабайы аң ғой, екпе жасау керек емес пе?» деп сұрадым. Құралай Бекенқызы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына хабарласып жауап ала алмаған соң, мені «Кейін өзім хабарласамын» деп шығарып салды. Дәрігерден еш хабар болмаған соң жолдасым «Қауіпті емес шығар» деген оймен ауылға кетіп қалды. 12 шілде күні тәбеті болмай, тыныс алуы нашарлап, қол-аяғы ұйып қала берген соң ауылдан қайта келді. Қан қысымы 70/50 болды. Келесі күні ауырып болмаған соң жедел жәрдем шақырдым. Ол кезде қан қысымы 60/40 көрсетті. Екпе жасап еді, еш нәтиже болмады. Жедел жәрдеммен №1 орталық емханаға жеткізілді. Алайда, жедел жәрдем қызметкерлері де, қабылдау бөлімінде де нақты диагноз қоя алмады. Ақыры жан сақтау бөліміне түсті. Онда орын болмаған соң бір күннен кейін терапия бөліміне ауыстырылды. Шілденің 20 күні жағдайы жақсы деп үйге шығарды. Ауруханадан шыққанда ем алғанын растайтын қағазды (выписка) сәрсенбі күні дайын болады деді. Бірақ, мен ол қағазды жолдасым қайтыс болған соң алдым. Ондағы қорытындыда: «Алкогольная интоксикация тяжелой степени» деп жазылған. Мен бұл қойылған диагнозбен мүлде келіспеймін. Асқа тәбеті тартпай, су ішуге де мұршасы келмеген адам қалай арақ ішеді? Арада 4 күн өткен соң, яғни, 24 күні Қайырлының жағдайы тағы да күрт төмендеді. Тұншығып, дем алуы қиындап, лоқси берген соң жедел жәрдемге хабарластым. Олар «ОДО-ға барыңыздар» деді. ОДО-ға барғанда дәрігер укол салып, «Омез», «Милгамма» және «Инсти» шайын берді. Алайда, олардан да еш көмек болмады. Кешкі сағат 10 шамасында қатты ауырып болмаған соң қайтадан аурухананың қабылдау бөліміне барып, дәрігерлерге жағдайды айтқанда, «Дереу жедел жәрдеммен жеткізу керек» деді.Тексере келе инфекция бөліміне жатқызды. Мұндағы мамандар бірінші рет түскендегі диагнозды түсінбей тұрғандығын алға тартты. Келесі күні бөлімге барғанда жолдасымды жан сақтау бөліміне жатқызыпты. 25 күні үйге тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мен ОДО дәрігері келіп, отбасы мүшелерінен түсініктеме алып, түстен кейін бізді де ауруханаға жатқызды. Сол күні екпе салды. Екінші екпені 28 күні салды. Алайда, 26 күні жолдасым өмірден өтіп кетті. Жан жүрегім езіліп, жолдасымның мәйітін туған жері Көкшетауға алып кеттік. Сонда жүріп бірінші тамыз күні үшінші екпені Көкшетаудан алдық. Ал, 8 күнгі екпені салдыруға медициналық-санитарлық бөлімге барғанда ондағылар ОДО-ға, ОДО медициналық-санитарлық бөлімге сілтеп отырды. Сонда «2 күнде тұрған ештеңе жоқ» деген жауапты естідім. Содан мен тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзинаға бардым. Шағымымды ести сала Гаухар Шәріпқызы емханаға хабарласып, екпені дереу салдыру қажеттігін айтты. Сонда емхананың дәрігерлері №1 орталық ауруханаға жолдасымды арақтан уланып түсті деген жауаптан қайтпады.

Гаухар Шәріпқызының көмегімен қалалық емханадан екпені алдық.

Осындай салғырт-салақтықтан жолдасымнан қапыда айырылып отырмын. Жолдасыма дер кезінде нақты ем қолданылса мұндай жағдай болмас па еді? ОДО дәрігері Құралай Бекенқызына «Сонымен екпе жасалмайтын болды ма?» деп барғанымда «Ұмытып кетіппін» деген жауап естідім.

Оның үстіне «Шарайна» газетінің 7 тамыздағы нөмірінде түлкі тістеген соң ешқайда хабарласпаған, ем-дом жасатпаған, яғни, кінә өзінен деген ақпарат берілді.

Мен жолдасымнан, екі бірдей бала әкесінен айырылып отыр. Мұндай салғырт-салақтық қашанғы жалғаса береді?», делінген.

Гүлбаршын Болатқызының хатын алған соң жағдайдың анық-қанығын білу үшін №5 ОДО-ның бас дәрігері Айткүл Ахметоваға хабарласқанда «Мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Өзіміз де есеңгіреп қалдық. Мен ол кезде іссапарда жүрген болатынмын. Жыртқыш аңдар тістегенде у адам өміріне әсер етпей қоймайды. Ал, қарамағымдағы дәрігерге 400 мың теңге айыппұл салынатын болды» деді.

Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзина ОДО дәрігері өзіне жүктелген міндетті аяғына дейін тиянақты орындамағандығы үшін арыз-шағым түсіріліп, сотқа жолданғанын айтты. Ендігі істің барысы тек соттың құзырында.

Арыз-шағымды тыңдаған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.