Ата заңның 20 жылдығы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойын Сәтбаев қаласының жұртшылығы мейлінше салтанатты жағдайда атап өтті. Бұл күні қаланың орталық алаңында түрлі іс-шаралар өткізілді. Ол таңғы сағат онда аула клубтары арасында өткен көңілді старт ойынымен басталды. Мұнда «Сұңқар» және «Сарыарқа» аула клубының жеткіншектері түрлі жарыстардан өзара бақ сынасты…

 

Дәмхана ашылды

20150904-06-01Мереке күні өткен айшықты шаралардың бірі қаламызда «Сәтті» дәмханасының ашылуы болды. 40 орындық дәмхананың иесі – жеке кәсіпкер Сандуғаш Жакупова.

Шағын және орта кәсіпкерлікке алғаш қадам жасаған Сандуғаш осы дәмхана арқылы 5 адамға жаңа жұмыс орнын ашып отыр.

– Қаламызда түскі ас ішетін арнайы дәмхана тапшы екені жасырын емес. Жұмыс бабымен келген меймандар да, осы аумақтағы мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлер де түскі ас ішу үшін қаланың бір шетіндегі үйлеріне асығып жатады. Міне, біз осы бір қолайсыздықты жою үшін орталықтан осындай дәмхана ашып отырмыз. Дәмхана таңғы сағат тоғыздан кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. Дәмханаға келгендерге 300-800 теңге аралығында түстік ас кешенін ұсынамыз, – дейді жеке кәсіпкер бізбен әңгімесінде.

Міне, елдің игілігі үшін ашылып жатқан дәмхананың тұсаукесеріне қала әкімі Әнуар Омар арнайы келіп, тілегін айтып, лентасын қиды.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» ұлттық жоспарында еліміздің дамуы үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз керек деп баса айтқан болатын. Бүгінгі Ата Заңымыздың 20 жылдық торқалы тойына сый ретінде ашылып отырған мына дәмхана сол ұлттық жоспарды орындаудың бірден бір дәлелі, – дей келіп, қала басшысы Сәтбаев, Жезқазған аймағындағы өндірістің тынысы әлі де қырық жылдан астам уақытқа созылатынын, қаламыздың одан әрі кемелденіп, өркендей түсетінін, осы бағытта кәсіпкерлерге артылар жүктің салмағы ауыр боларын тілге тиек етті.

Дәмхананың ашылу салтанатында «Халық банкі» Сәтбаев қалалық филиалының басшысы Фюза Куликова сөз сөйлеп, «Сәтті» дәмханасының иелеріне сәттілік тіледі.

 

Сәбиге сыйлық жасады

20150904-06-02Соңғы жылдары қаламызда мемлекеттік мереке күні өмірге сәби әкелген аналарға қала әкімі атынан сый-сияпат жасау дәстүрімізге дендеп енді. Сол бір жақсы іс Ата заң күнінде де жалғасын тапты.

Бұл күні қалалық перзентханада Артем атты азамат дүниеге келді. Салмағы 3 келі 170 грамм, бойы 51 сантиметр. Артемнің анасы Валерия Ульбрих студент екен. Ал, әкесі Денис Ульбрих темір жол кәсіпорнында машинистің көмекшісі болып жұмыс істейді.

– Біздің Артемнің туған күні Ата заң мен кеншілер күні сынды еліміздегі айтулы мерекелермен қат-қабат келіп отыр. Біз үшін бұл үлкен мәртебе, – дейді жас ана.

Мереке күні қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай қалалық перзентханада болып, өмірге өзінің тұңғышы Артемды әкелген Валерия Ульбрихты құттықтап, қала әкімі атынан ақшалай сыйақы мен сәбилерге арналған заттар жиынтығын табыс етті.

Жалпы, жыл басынан бері қаламызда 437 бала дүниеге келіпті. Олардың 229-ы ер балалар да, 208-і қыз балалар.

 

Жеке куәлік табыс етілді

20150904-06-03Ата заң күніне арналған шаралар легі кешкісін орталық алаңда орын тепкен жазғы эстрадада жалғасты. Мұнда қаламыздың көркемөнерпаздары әуелете ән шырқап, бишілер тобы мың бұрала билеп, қала жұртшылығына мерекелік әсер сыйлады.

Қаламыздағы үрмелі аспаптар оркестрінің әуезді әуенімен қариялар қалықтай билеп, жастар оларға сүйсіне қол соқты. Бұл күні, сондай-ақ, 16 жасқа толған жас азаматтарға жеке куәліктер де салтанатты түрде табыс етілді.

Қазақстан Консти-туциясының 20 жылдығы тойланған тамыз айында кеншілер қаласында 5 азамат 16 жасқа толған екен. Сәтбаев қаласы әкімдігінің «Сәтбаев жастары» жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арман Мұханбетжанов кәмелеттік жасқа толған азаматтарды құттықтап, оларға жеке куәлік табыс етті.

Бұл күні орталық алаңда спорттық ойындарға да кеңінен орын берілді. Қаламыздың білекті жігіттері 16 және 24кг кір тасын көтеруден, қол күрестіруден және арқан тартудан өзара күш сынасып, жеңімпаздар сый-сияпатқа кенелді.

Мереке соңы шағын отшашумен тәмамдалды.

Дайындаған Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.