Төсбелгілер тағылған күн

Кеншілер мен байытушыларды марапаттауға арналған салтанат бұдан әрі қаламыздағы заманауи мейрамхана – «Керемет» тойханасында жалғасты. Мұнда тау-кен өндірісінің ардагерлері мен озат кеншілерге және байытушыларға арналып мерекелік дастархан жайылды.

Еңбегімен елге үлгі болып, еліміздің дамуы мен қаламыздың кемелденуіне сүбелі үлестерін қосып жүрген кеншілер мен байытушыларды қала әкімі Әнуар Омар құттықтап, бір топ еңбек майталмандарын «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалымен марапаттады.

Бұдан соң марапаттау тізгінін «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі мен осы бірлестікке қарасты қоғамдық ұйымдардың жетекшілері алды. Алғашқы болып «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің техникалық директоры Талғат Шайқыбеков бір топ еңбеккерлерді «Қазақмыс» холдингі директорлар кеңесі төрағасы мен «Қазақмыс» корпорациясы бас директорының Құрмет грамоталарын тапсырып, тау-кен шахты жабдықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Қозы-көрпеш Байтоқовқа І дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін, Шығыс Жезқазған кенішінің бұрғылаушысы Жеңіс Досжановқа ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін, бір топ кеншілер мен байытушыларға ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.

Мерекелік дастархан басындағы марапаттау рәсімінде келесі болып «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ерболат Сатыбалдин сөз алып, ардагерлер мен кеншілерді, байытушыларды мерекелерімен құттықтап, бір топ азаматтарды Құрмет грамоталарымен марапаттап, бір топ еңбек майталмандарының омырауына ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін тақты.

Мейрамханада болған марапаттау жиынында кеншілер мен байытушылар да өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, осыншалықты сый-құрмет көрсетіп жатқан басшыларға алғыс сезімдерін жеткізді.

Мерекелік шара, әрине, ән-жырсыз өткен жоқ. Мұнда да елімізге белгілі өнер майталмандары мен жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, еңбек адамдарынына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.