Мұражай тартуы

Тәуелсізді-гімізге қол жеткізіп, ел іргесі бекемделген сонау тоқсаныншы жылы экономикалық өрлеу жолына қадамын алғаш жасап жатқан жас мемлекетіміз мәдени мұраларды да қайта жаңғыртып, көненің көзін ашу жұмыстарын қолға алды.

Соның ішінде Жезқазған аймағындағы мәдени ошақтардың да жұмысы бір ізге түсті. Әсіресе, мұражай саласын дамыту қолға алынды. 1998 жылы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен құрылған ұлы ғұлама ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың атын иеленген тарихи-өндірістік мұражайы бүгінде өндіріс саласы тарихынан сыр шертетін мол мұрасы бар рухани орталыққа айналды.

Алып компанияның демеушілігімен мұражай қайта жаңғырудан өтті. Кеншілер мерекесінде «Қазақмыс» корпорациясының 20 жылдық мерейтойына орайластырылып мұражайда заманауи үлгіде көрме залы ашылды.

Залдың ашылу салтанатына «Қазақмыс» корпорациясының перзиденті Владимир Ким, басқарма төрағасы Эдуард Огай, облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов пен Сенат депутаты Сергей Ершов және өндіріс ардагерлері қатысты.

Мұражайдың директоры, өлкетанушы Кенжалы Балкенов қайта өңдеуден өткен көрме залдарымен таныстырып, қордағы құнды дүниелердің тарихынан сыр шертті. Әр бөлме өзінше сыр шертеді. Жезқазған жерінен шыққан асыл тастар, табиғи алтын құймалардың сан алуан түрі көрмеге сән беріп тұр. Ал, аймаққа еңбегі сіңген өндіріс майталмандары жайында деректердің мол көзі де осында шоғырланған. Әсіресе, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлының Алматыдағы үйіндегі жиһаздар, жұмыс кабинетіндегі жәдігерлер қаз қалпында сақтаулы тұр.

– Корпорацияның қамқорлығының арқасында мұражай мол мүмкіндіктерге ие болды. Жаңа технологиялар мұражай жұмысын жеңілдетуде. Көрме залдарына «LED» теледидарлар орнатылып, тарихи деректер іздегендердің сенсорлы кинокиоск аппараты арқылы мол мағлұматқа қанығуларына мүмкіндік бар. Жалпы, мұражайдың қоры 800 жаңа жәдігермен толықты, – дейді Кенжалы Балкенұлы.

Өңіріміздегі өндіріс тарихынан сыр шертетін мұражай сөйтіп, корпорация тойына мол тарту жасады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.