Әлемдегі әсемдік – әйелден

Кеше ғана көктемнің қызғалдақтай құлпырып, бәйшешектей балауса жарған алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнін атап өттік. Аруларға арналған талай мерекелік шаралар өтті. Солардың ішінде ең маңыздысы – Қазақстан әйелдерінің I съезі болды. Елордада еліміздің әр өңірінен келген елге сыйлы, сөзге ұста, ойлы аналар мен сұлу қыздардың бас қосқан алқалы жиыны өтті.

Осы алқалы жиынға Сәтбаев қаласының арулары атынан қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі, қала әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық – демографиялық саясаты жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Қарлығаш Мәмедқызы Махамбетова қатысты.Өз басым мен соған қуандым. Менен жасы кіші болса да, Қарлығаштың мемлекеттік қызметте істегеніне біраз болды. Қарапайым қаракөз қарындасымның өз ісіне деген мығымдығы әрқашанда мені риза етеді. Отбасында аяулы жар, адал ана болып, үлгілі бала тәрбиелеп отырған Қарлығаштың еңбегі еленіп жатса, неге қуанбасқа?!

Сол жиыннан келген соң, Қарлығаш Мәмедқызымен сұхбаттасудың ыңғайы келді. Съезден алған әсері жөнінде, қандай маңызды шешімдер қабылданды, ел  саясатына әйелдердің ықпалы қандай деген сұрақтар жайында әңгімеміз өрбіді:

– Бұл алқалы форум ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық аумақтарынан 700-ден астам делегат және шет ел қонақтары қатысты,– дейді Қарлығаш Мәмедқызы.– Съезді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы отбасы істері мен гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы  Гүлшара Әбдіқалықова ашып, жүргізді.

Әрине, алғашқы сөз Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа берілді.  Нұрсұлтан  Әбішұлы әйел азаматтарды съезд жұмысының басталуымен және алғашқы көктем мерекесімен құттықтап, қазақстандықтардың барлық отбасыларына береке-бірлік тіледі.

– Съезде ерекше әсер қалдырған, іскерлік ұсыныстар айтылған жағдайлар болған шығар…

– Әрине, бұл жиынның  әсері ерекше болды. Онда мен тек қонақ ретінде болмай, өз жұмысыма қажетті, біздің әйелдер ісі жөніндегі комиссияның қажетіне жарар мәселелерді тезис ретінде жазып отырдым. Мысалы, қазақстандықтардың ішінде алғашқы Еңбек Ері атанған әйел, Алматы қаласының №159 гимназиясының директоры Аягүл Мырзаева республикада «Қыз тәрбиесі – ана қуаты» атты орталық ашу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл өте дұрыс пікір деп ойлаймын. Қазіргі интернет жайлаған заманда ананың аяулы алақанынан, жылы сөзінен қалыс қалып жатқан қаншама бойжеткен бар. «Ел болам десең етегіңді жина, бесігіңді түзе» деп қазақ текке айтпаған ғой.

Маған қызмет бабында әртүрлі заңдармен жіті танысуға тура келеді. Съезде ҚР Президенті жанындағы кешірімділік комиссиясының төрайымы Зинаида Федотованың біздің кейбір заңдардың өмір ағымынан қалыс қалып, ескіргені жөніндегі пікірі ұнады. Шын мәнінде, заң базасына көп өзгерістер қажет. Өйткені, өмір бір қалыпта тұрмайды, соған заң да сәйкес болу керек.

Съезде денсаулық саласында болар жақсы жаңалықты осы саланың министрі Салидат Қайырбекова  жеткізді. Біздің елімізде алғаш рет жүрек трансплантациясын жасау қолға алынбақ. Өзіңіз ойлаңызшы, қаншама адам өмірі аман қалады?!

Бұл жаңалықты Елбасы съезде құптап, қолдау білдірді.

Мемлекеттік емес ұйымдардың тәжірибесін кеңінен пайдалану керектігі де айтылды. Егер біз шынайы азаматтық қоғам құратын болсақ,   осындай ұйымдардың көп болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Маған қазақ әдебиетінің ғұлама данышпаны Мұхтар Әуезовтың немересі, шет елде тұратын шығыстанушы Зифа Әуезованың отансүйгіштігі ұнады. Ол кісі шалғайда жүрсе де өз Отанын, ана тілін ұмытпағанын, әрқашанда Қазақстанның жетістігін насихаттап жүретінін ерекше атап өтті.

Съезде кәсіпкер әйелдер мемлекеттік тапсырыс бойынша өтетін тендерлердің талабын  қайта қарау, Қазақстанның басқа қалаларын да Астанаға сәйкестендіріп дамыту керектігі жөнінде айтты.

Алқалы жиында елге танымал өнер, спорт салаларының өкілдері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсаходжаева, Ғалия Нұрғалиева секілді арулар да жүрекжарды пікірлерімен бөлісті.

– Алқалы жиыннан басқа да шаралар болған шығар…

– Әрине. Ару Астананы араладық, мұражайларда болдық. Әсіресе, маған үлкен әсер қалдырғаны – Бейбітшілік және келісім сарайында болған «Жизель» балетінің қойылымы. Оны бізбен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады. Осы балет өнеріне Парижден келген балет жұлдыздарымен бірге Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры қатысты. Өнердің ең биік шыңы болып табылатын балет өнеріне тәнті болғаныма қуанып қайттым.

– Жалпы айтқанда, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына өткен Қазақстан әйелдерінің алғашқы съезі маңызды оқиға болды. Талқыланған мәселелердің өзегі — әйелдердің білімді, білікті маман екендігін мойындау, отбасындағы береке-бірлік еркекпен бірге әйелдің қолында екенін, қай салада болмасын әйелдің әр шаруаны домаландырып алып кететініне сену, аруға деген сүйіспеншілік, анаға деген құрметтің құдіреті әрқашанда сөнбейтініне илану болды.

Съезде Елбасымыз айтқандай, «әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған… Адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашанда тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы боп келеді». Ылайым, солай бола берсін!

– Әсерлі тартымды әңгімеңізге рахмет. Әрқашанда мерейіңіз үстем болсын!

Сұхбаттасқан Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.