Алғашқы қоңырау соғылды

20150904-12-01Еліміздің барлық елді мекендеріндегі сияқты Сәтбаев қаласындағы білім ұяларында да алғашқы қоңырау салтанаты болып, Білім күнінің алғашқы сабағы өтті…

Осындай айшықты іс-шара қаламыздағы заманауи білім ошақтарының бірі Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде де болып өтті. Оған қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова және білім бөлімінің әдіскері Ирина Беткер қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының көк байрағын көтерумен басталды. Туды көтеру құрметіне мектептің үздік оқушылары Жасұлан Ақбаев пен Жанар Мадиярова ие болды. Бұдан соң еліміздің Әнұраны әуелете шырқалды. Осы ресми шаралардан соң кезек салтанат қонақтарына берілді. Алғашқы болып сөз алған қала басшысы Әнуар Омар мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттап отырған 1 сынып оқушыларына құтты қадам тілесе, алтын ұя мектептерінен түлеп ұшатын 11 сынып оқушыларына алдағы сынақтарда сәттілік тіледі. «Сіздер Ұлы Абай атындағы мектептің шәкірттерісіңдер. Ендеше, осы атаққа сай болыңдар, хакім Абайдай болмасаңдар да, соған ұқсап бағып, еліміздің тірегі болыңдар» деген ыстық ықыласын білдірді әкім Әнуар Омар.

Салтанатта, сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова мен мектеп директоры Гүлмира Жаппасова сөз сөйлеп шәкірттеріне деген ақжарма тілектерін жеткізді.

Мектеп директоры өз сөзінде білім ошағының биыл күрделі жөндеуден өткізілгенін, жаңа оқу жылының жаңарған, жаңғырған мектепте басталатынын марқая айтты.

Иә, мектеп директоры айтқандай, Абай атындағы №4 мектеп-лицейіне биыл 126 млн. 521 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Оның 71 196 мың теңгесі жергілікті бюджеттің қоржынынан алынған.

Күрделі жөндеу негізінен моноқалалар бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мектептің есік-терезелері айырбасталып, мәжіліс және спорт залдарының едені жаңартылды. Мектеп аумағы абаттандырылып, жаңадан қоршалды. Пандустар орнатылып, жүгіру жолдары төселді.

Биылғы оқу жылындағы басты ерекшеліктердің бірі мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған 1 сынып оқушыларына Елбасының арнайы сыйы – «Менің Отаным – Қазақстан» кітабының тарту етілетінін бұған дейін де айтқан болатынбыз. Білім күні осы сый бүлдіршіндерге салтанатты жағдайда табыс етілді. Оны қала басшысы Ә.Омар мен қалалық білім бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова бастап табыстады.

Алғашқы қоңырау салтанатында «Білім ханшайымы» бірінші сынып жетекшілеріне білім кілтін салтанатты түрде табыс етті. Орайы келгенде айта кетейік, биыл Абай атындағы орта мектептің табалдырығын 8 бірінші сынып оқушылары аттағалы тұр. Олардың алтауы қазақ тілді, екеуі орыс тілді сынып. Бұл сыныптарда 211 бала білім алатын болады. Олардың 156-сы қазақ тілінде оқыса, 55 бала орысша дәріс алады. Жалпы мектепте 1600-ден астам бала үш ауысымда оқитын болады.

Салтанатты жиын алғашқы қоңырау сыңғырымен аяқталды. Қоңырауды соғу құрметіне 11 сынып оқушысы Бақытжан Садырбаев пен 1 сынып оқушысы Айзере Қуандық ие болды. Қоңырау соғылған соң 1 сынып оқушылары өз сыныптарына кіріп, білім күнінің сабағына қатысты.

Осындай алғашқы қоңырау салтанаты мен білім күні қаланың барлық мектептерінде өтті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.