Елдігіміздің алтын арқауы…

30 тамыз – Конституция күні. Бұл күн соңғы бірер жылдан бері «Қазақстан Республикасының мерекелері» заңына сәйкес мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Осылайша Конституция күні барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік мейрамға айналды. Мемлекеттік мереке Сәтбаев қаласында өткен бейсенбі күні басталып кетті. Бұл күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын болды.

20150904-01-01

Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиын «Кеншілер сазы» ұлттық-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен шырқалған Әнұранмен басталып, той шымылдығы «Өз елім» әнімен түрілді.

Ата Заңымыз – ардақтымыз. Әр адамның құқығын қорғап, елдігіміздің еңсесін биік етті. Тыныштығымыз да, бірлігіміз де, ынтымағымыз да осы Ата Заңымыздың арқасында берік орнығып отыр. Салтанатты жиынды ашқан қала әкімі Әнуар Омар еліміздің бас құжатының осындай құндылықтарын тілге тек етті.

– Ата Заң – ел тұрақтылығының кепілі болатын бірден-бір құжат. Әлемде қазақ елінің барын дәлелдейтін Конституция құқықтық мемлекеттің негізін қалады. Еліміздің құқықтық, зайырлы мемлекет екенін дүниежүзі мойындады. Адам құқығын, адамның бостандығын бірінші орынға қоятын құжаттың маңызы туралы қазір әр азамат жете түсініп, Конституцияны меңгеруі керек. Демократиялық құндылықтарды жоғары санайтын құжат азаматтардың еркіндігін шектеуге жол бермейді, ол туралы ұрпақ әлі де жақсырақ танысып білуі тиіс, – деп түйіндеді қала басшысы өз сөзін.

Бұдан соң кезек марапаттау рәсіміне берілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығы бойынша қаламыздың дамуына үлес қосқан бір топ азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған болатын.

Салтанатты шара үстінде қала әкімі осы медальды иелеріне табыс етті. Солардың қатарында қаламыздың айнасы – «Шарайна» газетінің бас редакторы Майра Жаппасбаева да болды.

Салтанатта, сондай-ақ, бір топ азамат Қарағанды облысы әкімінің, бір топ азамат Сәтбаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ата заңның айтулы мерекесіндегі айшықты сәттің бірі Сәтбаев қалалық мәслихатының 42 сессиясы шешіміне сәйкес «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағын тапсыру болды. Қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук мемлекеттік қызмет ардагері, қалалық білім бөлімінің әдіскері Мбүгүлсін Есмұрзаева мен еңбек ардагері, «Казэнерго сервис» Жезқазған аймақтық кәсіпорнының №5 учаске басшысы Советбек Шайқысбековке «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыс етіп, лентасын тақты.

Салтанатты жиында Сәтбаев қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Серік Назарбеков сөз алып, жұртшылықты Ата заңның мерейтойымен құттықтады.

– Мемлекетіміздің Ата заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат болып табылады. Осы Конституциямен еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, оның басқару тетігі бір жүйеге келді, – деді прокурор өз сөзінде.

Алқалы жиында болған тағы бір айшықты шара қаламызда еңбек етіп, білім алып жатқан Ата заңымыздың түйедей құрдастарымен танысу болды. Бүгінде 20 деген жасқа жетіп, желкілдеп отырған жастарымызды Сәтбаев қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбай Наурызбай құттықтап, мерейтой иелеріне ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Конституцияның 20 жылдығына арналған салтанатты шарада патриоттық әндер де орындалып, жиналған жұртшылыққа рухани серпіліс берді. Меретойға арналған әншашуға өткен жылы құрылған «Достық үйі» жобасы аясында өмірге келген «Ақ әжелер» ансамбльі мен көршілес жатқан Ресей елінің Кемерово қаласынан келген меймандар да үлестерін қосты. «Деревенька» фольклорлық ансамблі кеншілер қаласының тұрғындарын Ата заңымыздың 20 жылдығымен құттықтап, тілектерін әнмен жеткізді.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.