Жас мүсінші

20150911-12-2Тумысынан өнердің ерекше түріне қызығушылық танытқан Айдос Таңатар – сәтбаевтық жас мүсінші. №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте әліппе танып, 7 орта мектептен 9 сыныптық білім алған Айдос қазір Алматыда мүсін саласының қыр-сырына қанығып жүр. Орал Таңсықбаев атындағы сәндік- өнер колледжін «жақсы» деген бағаға тәмамдап, бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында білімін жетілдіру үстінде.

– Бала кезімде саз балшықты илеп, әртүрлі пішіндер жасайтынмын. Міне, сол кезден бастап мүсін саласына деген қызығушылығым артты. Өнердің осы түріне деген бейімімді байқаған ұстаздарым, ата-анам мені өнер мектебіндегі көркембейнелеу үйірмесіне қатыстырып, талабымды тереңдетті. Сөйтіп, алғаш рет қалалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған көрмелерде туындыларым жарыққа шыға бастады. Орындарды да еншіледім.

Біздің кенді қалада кенже дамып келе жатқан мүсін өнерін дамыту үшін мен бүгінде академияда Болат Досанов, Ескен Сергебаев, Есбол Әбілдинов сынды өнер майталмандарынан дәріс алып, өнерімді шыңдап жүрмін. Арманым – үлкен көрмелерде туындыларымды қойып, Сәтбаев қаласына еңбегі сіңген тұлғалардың мүсінін сомдап, туған қаламның атын шығару. Сол үшін де қазір көп ізденісте жүрмін, – дейді Айдос.

Талабы таудан жас мүсінші республикалық жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында өткен мүсіншілерді мамандандыру байқауында ІІ орынды еншілеп, шығармашылық шабытын еселеуде.

Тың ізденіс жолында жүрген Айдостың шығармашылық ізденісінің жемісі алдағы уақытта туған қаласының төрінде жарқырап тұрады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов. Суреттер А.Таңатаровтың жеке қорынан алынды.

Комментарии закрыты.