Жарымжан көңілдерге нұр сепкен

20150911-04-1Шырайлы шығыстың ару қызы осыдан 40 жыл бұрын Арқа даласына табан тіреді. Өрімдей бойжеткен жезділік жас жігітпен отау құрып, болашақ өмірге үлкен жоспарлар құрды. Бүгінде алпыстың асқарына шығып, немерелерінің қызығын қызықтап отырған Талиға Ғабдулқызы Қапарованың мерейлі тойы кенді қаланың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Әлеуметтік саланың ұңғыл-шұңғылын бес саусақтай меңгерген Талиға Ғабдулқызын ел-жұрт қайырымды жан ретінде жақсы таниды.

Еңбек жолын байланыс саласынан бастаған, қаланың әлеуметтік дамуында өзіндік қолтаңбасы бар Талиға Қапаровамен қос мерекесі қарсаңында сұхбаттасқан едік:

– Шығыс Қазақстандағы «Самарское» кеңшарында туып-өсіп, сол жерде білім алдым. Әкем өмірден ерте өтті. Анама көмекші болайын деп мектепті бітірген соң әуеліде дүкенде, кейіннен байланыс торабында оператор болып еңбек жолымды бастадым. 1973 жылы Ташкенттегі байланыс институтына түстім. Сонда өмірлік серігім Нұрлан Қапаровты кездестіріп, арада екі жыл өткен соң Жезқазған өңіріне келдік. Жездіде байланыс торабында радиооператор болып еңбек жолымды қайта жалғастырдым. 1983 жылы Жезқазған қаласындағы байланыс басқармасында пошта бөліміндегі операторлықтан учаске басшысы қызметіне көтерілдім. Қарамағымда 26 адам болды. Осы мекемеде жүріп, халықтық бақылау, кәсіподақ комитетінің жұмысын жаңғырттық. 1986 жылы жолдасымды Никольский поселкесіндегі байланыс торабына басшы етіп тағайындады. Менің де қызметім осында ауысып, пошта бөлімінің екінші бөлімшесін басқардым.

Әлі есімде, 1991 жылы Нұрлан үйге келіп: «Мына жұрт өзі де бастық, әйелі де бастық деп әңгіме айтып жүр. Мен саған жаңа қызмет таптым әрі басшыларымен де сөйлесіп келдім. Қызметіңді ауыстыруға қалайсың?» деді. Мен келісіміміді беріп, зейнетақы қорына бас маман болып жұмысқа орналастым. Қор жұмысына марқұм Азамат Елеуов басшылық ететін. Арада 1 жыл өткен соң Азамат Елеуов еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы, мен орынбасары болып тағайындалдым. 1993 жылы зейнетақы қорына жаңа реформалар енгізіліп, тың жүйелер қолға алынды. Зейнетақы, жәрдемақы аудару сынды жұмыстар бір ізге түсті. Өз еңбек жолымда Серік Төрегелдин, Баттал Мұқышов, Владимир Малышев, Сералы Досмағамбетов, Қанат Балмағамбетов, Советбек Медебаев, Бауыржан Шыңғысов, Батырлан Ахметов сынды қала басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Әсіресе, Қанат Сұлтанұлының бастамасымен қала халқының әлеуметтік жағдайын оңалту, кедейлік, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында бірнеше жобалар қолға алынды. 2001 жылы бөлім басшысы Азамат Жұмағалиұлы кенеттен қайтыс болып, орнына Сабыр Омаров келді. Сабыр Базылұлының жетекшілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға, жалғызбасты қарттарға арналған бөлімше аштық. Онда оларды жуындырып, киімдерін тазалап, үтіктеп беретін мамандар қызмет жасады. Бір күні Қанат Сұлтанұлы кабинетіне шақырып алып, «Сіз осы салада он жылға таяу еңбек еттіңіз, бөлімді басқаруға біліктілігіңіздің жететінін ұйымдастырушылық қабілетіңізден байқадым. Бөлім басшысы лауазымына келіссеңіз қалай болады?», деді. Мен арнайы дипломымның жоқтығын алға тарттым. Ол кісі «Оқу керек» деді. Содан 2005 жылы Орталық Азия университетіне қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы қызметіне тағайындалдым. Бөлімнің атқаратын міндеті өте ауқымды. Республикалық маңызға ие жобаларды, бағдарламаларды жүзеге асыруда «Жол картасы» бағдарламасын қолға алып, қаладағы 13 білім беретін нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жұмыс іздеп келген жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау үшін барлық мекеме басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Ұжымда 90-нан аса адам еңбек етті. Олардың әрқайсына жүктелген міндеттер өте ауқымды болды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қас-қабағын бағып, зейнеткерлерге, соғыс және тыл ардагерлеріне қамқорлық жасап отырдық. Бөлімді басқарған 8 жыл ішінде талай жандарға аз да болса көмегімнің тигені болар, кейде көшеде кетіп бара жатқан кісілер тоқтатып алып, «сіздің және сіз басқарып отырған бөлімнің арқасында жағдайымызды түзедік, рахмет» деп алғысын айтып жатады. Осы аралықта бөлімге келген талай жас мамандарды да тәрбиелеп, өздері таңдаған мамандыққа адал болуды талап етіп отырдым. Қазір бөлімді басқарып отырған Бауыржан Әпеков, бөлімнің сектор меңгерушісі Сәуле Өтенова сынды мамандар өз істеріне берілгендер. Қаланың қалыптасу, даму тарихында өзімнің аз да болса үлесімнің барына қуанамын. Мемлекеттік қызмет саласында үзеңгі қағысқан әріптестігіміз достыққа айналған жандар да баршылық. Әсіресе, Марал Сағынайқызы, Шынар Қаппасқызы, Айгүл Қосманқызы, Қарлығаш Мәметқызымен қазірге дейін сәлеміміз түзу. Бұл біздің достыққа адалдығымыз деп білемін. Осы қалада өсіп-өркендедім, дос таптым. Сондықтан, маған Сәтбаевтан артық қала жоқ, оның гүлдене беруіне тілектеспін», дейді мерейтой иесі.

«Жарымжан көңілдерге нұр сеуіп, олардың келер күнге деген үмітін жандырған Талиға Ғабдулқызы еңбекте озат маман болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана, асыл әже. Мен ол кісіні сонау 90-шы жылдардан бері танимын. Кең пейілділігі, адамгершілігі, жоқтан бар жасап, алдына келген жанға бар мейірімін арнап жүрген тәлімгерімізден үйренгеніміз көп. Ол кісінің бастамасымен құрылған мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында қаншама бала өздерін еркін сезініп жүр. Басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілеті, тиянақтылығы кейінгі мамандарға үлгі», дейді әріптесі Сәуле Өтенова.

Елдің алғысын алып, құрметке бөленіп жүрген Талиға Ғабдулқызы жолдасы Нұрлан Құрмашұлымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ардақты жан. Үлгілі отбасына айналған шаңырақтың үлкені Альбина Алматыда жеке кәсіпкерлікпен айналысса, Асқары елордасы – Астанада «Самұрық қазына» әл-ауқат қорының геологы, ал, кенжесі Руслан «Халық банкінде» жемісті еңбек етуде. Жолдасы Нұрлан аға өмірден өткен соң немерелерінің балғын күлкісін жанына қуаныш, көңіліне жұбаныш көретін ардақты жан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына» арналған мерекелік медаль мен «Қайырымдылық» медалін омырауына тақты. Бұл марапаттар мерейтой иесінің адал еңбегінің жемісі.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.