Бірлігі жарасқан қонақжай басқарма

ЮНЕСКО мәдени мұраға енгізген Ұлыстың Ұлы күні биыл қаламыздың көптеген мекемелерінде өз деңгейінде аталып өтті. Өткен аптада мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы бірігіп Наурыз мерекесіне орай думанды кеш ұйымдастырды. Оның басты қонағы басқармада талай жыл еңбек істеп, қазір зейнеткерлікке шыққан Айша Сагидулаева болды.

Наурыз мейрамымен қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында қамтылған қазақ тілін дамыту мәселесін бірге қарастырған дастархан басындағы отырыста аталмыш ұйымдардың қызметкерлері арасында сайыс та өткізілді.

Оған А.Сагидулаева, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Б.Құндақбаев, эпидемиологиялық сараптама орталығының бастығы Н.Алмағанбетов қазылық етті. Сайыскерлер «ас мәзірі», «өнер сайысы», «орамалды дұрыс байлау», «ұршық иіру» мен «жүн түту» секілді қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптейтін тапсырмалар бойынша өзара бақ сынасты.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын жетілдіру, қазақ тілін дамыту мақсатында орыс ұлтты қызметкерлер Наурызға арнап қазақ тілінде өлеңдер оқыды. Алтындай сары бауырсақтар, дәмді ас, құрт көже мен басқа да көптеген дайындалған қазақтың ұлттық тағамдары ақ дастарханның сәнін ашты.

Көтеріңкі көңіл-күй, ойын-күлкі, шат-думан орнаған бұл тойда басқарманың тар бөлмесі патшаның кең сарайынан кем болмады. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» дегендей, басқарма мен сараптама орталығы қызметкерлері арасындағы қарым-қатынастың жылылығы мен мейірімділігі келген қонақтардың барлығын тәнті етті.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.