Сөз қадірі – өз қадіріміз

Иә, қазақ – сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр.

Міне, сол сөздің түбін түсіріп, жетесіне жеткізген, сайланып тұрған жауды да, байланып тұрған дауды да бір ауыз сөзімен тоқтатып, түйінін тарқатқан не бір от ауызды, орақ тілді би-шешендердің болғаны тарихтан мәлім.

Бүгінде сол «айтқан сөзі құрған қақпандай» болған азулы би-шешендердің бай мұрасын барынша насихаттап жатырмыз. Сондай бір айшықты іс-шара – «Би-шешендер – елдіктің алтын діңгегі» атты көркемсөз оқу шеберлерінің І аймақтық байқауы.

Оқырмандарымызды осы байқаудың жай-жапсарымен жақынырақ таныстыру мақсатында біз қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешке жолыққан едік.

– Қанат Жәнділдаұлы, аталмыш байқауды өткізуге кім мұрындық болып отыр және оның мақсаты не?

– Өзіңізге мәлім, осыдан екі-үш жыл бұрын қаламызда аймақтық өнер орталығы құрылып, жұмысын бастаған болатын. Онда ақындар мектебі, жыршы-термешілер мен көркөмсөз шеберлерінің, қолөнершілердің үйірмелері де құрылған еді. Міне, сол өнер орталығы өткен екі жылдан бері үлкен аймақтық шараларға бастамашы болып отыр. Бұған дейін бірінші облыстық ақындар айтысын, қобызшылар байқауы мен Тайжан Қалмағамбетов атындағы дәстүрлі әндер байқауын өткіздік. Кезек енді шешендік өнерге келіп жетті. Өтжан би атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің І аймақтық байқауын өткізуді қолға алдық. Ондағы мақсат – халқымыздың от ауызды, орақ тілді би-шешендерінен қалған аталы сөздер мен даңқты жыраулардың толғау-термелерін насихаттау. Осы арқылы жас ұрпаққа сөз өнерінің құдыреті мен қызметін ұғындыру, ата-бабаларымыздың пәлсапалық сөздерін қадірлей білуге, мәні мен мағынасын ұғынуға баулу.

Байқау негізінен Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып отыр. Сондықтан, бұл жерде қазақ хандығының құрылуы мен оның салтанат құруында би-шешендердің тарихи қызметі мен рөлі, ықпалы да кеңінен насихатталатын болады.

– Байқау қай уақытта өткізілмек? Оған қай жерлерден үміткерлер шақырылып отыр?

– Байқау негізінен 25-26 қыркүйек күндері Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтеді. Басталу уақыты – сағат 17.30. Байқаудың бірінші күнінде ашылу салтанаты мен театрландырылған көрініс және концерттік бағдарлама болады. Екінші күні үміткерлер сынаққа түседі. Байқау екі айналымнан тұрады, бірінші айналымда әр үміткер өздері таңдаған бір би-шешеннің дауға төрелік жасау кезеңін көрсетеді. Екінші айналымда алғашқысынан алға шыққандар өздері таңдаған жыраудың толғауын жатқа айтады, не мақаммен орындайды. Байқауға Сәтбаев, Жезқазған, Балқаш, Қаражал қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай аудандарынан үміткерлер шақырылып отыр. Әр аймақтан 2 үміткерден қатысады деп белгіленді.

– Байқау болған соң жеңіс болады, жеңімпаз анықталады. Олар қалай марапатталады? Бәйге қорына кім демеушілік жасап отыр?

– Ұйымдастыру алқасы орындарды да белгілеп қойды. Байқауда бір Бас бәйге (500 мың теңге), бір бірінші орын (300 мың теңге), екі екінші (150 мың теңгеден), үш үшінші (75 мың теңгеден) орын болады. Мұның сыртында үш дипломантқа сый (35 мың теңгеден) әзірленді.

Бәйге қорының демеушісі – Сәтбаев қаласының әкімдігі.

– Байқауға кімдер төрелік етеді?

– Қазылар алқасы да құрылды. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған аймақтық бөлімшесінің төрағасы, ақын, жазушы Батырбек Мырзабеков, қазылар алқасының мүшесі ақын Светлана Жумкина, ақын, журналист Ерсін Мұсабеков, ақын, жазушылар Ғазиз Ештанаев, Мұса Тілеуов, Кенжебай Ахметов және ақын, журналист Абдолла Дастанов.

– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.