«МАҚСАТ» сыйлығы – белсенді жастарға

20150918-06-1Қала күні қарсаңында Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қала әкімінің дарынды жастарға арналған дәстүрлі «Мақсат» сыйлығын тапсыру салтанаты болып өтті. Жетінші рет өткізіліп отырған бұл шарада аталмыш сыйлық қаланың ең белсенді жастарына берілді.

Қала тұрғындарының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Олардың арасында оқу-білім мен ғылымда, өнер мен спортта, өндірісте, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте өздерін ерекше танытып жүрген белсенділер көп. Міне, сол өз істерімен дараланып, көш бастап жүрген жастарымызға соңғы жылдары қала әкімінің «Мақсат» сыйлығын тапсыру дәстүрге айналған еді. Биыл осы бір жақсы іс өзінің жарқын жалғасын тапты. Қала күні қарсаңында Кеншілер сарайында сыйлық өз иелеріне салтанатты түрде табыс етілді. Биыл «Мақсат» сыйлығы 5 номинация бойынша тағайындалды.

Салтанатты қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай ашып, өңір жастарын әрдайым белсенді әрі отансүйгіш болуға шақырды.

– Сәтбаев – жастардың қаласы. Оның жылдан-жылға жайнап, сәулеттене түсуі жолында жастарымыз да өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Осы жолда өздерінің ерен еңбегімен замандастарына үлгі болып жүрген жастар аз емес. Бүгін солардың бір тобы мәртебелі сыйлыққа ие болғалы тұр, – дей келіп, Серік Сағынатұлы Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Кәмила Самарханова мен 11 сынып оқушысы Жанар Мадияроваға «Жыл белсендісі», Технологиялық колледждің студенті Қанат Тортаев пен №16 мектептің 10 сынып оқушысы Мадияр Сәруарға «Жыл еріктісі», қалалық қаржы және экономика бөлімінің экономисі Мира Оразалиева мен Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аманкелді Құрақбайға «Жылдың үздік жас маманы», қалалық мәдени-сауық орталығының балалар секторының меңгерушісі Халифа Төлеу мен осы орталықтың хореография үйірмесінің жетекшісі Аллагүл Қасеноваға «Жылдың өнерлі өрені», Сәтбаев қаласы әкімдігінің дін мәселесін зерттеу орталығының сектор меңгерушісі Аян Сартаев пен қала әкімінің көмекшісі, жас мемлекеттік қызметкер Қаныш Рамазановқа «Мінсіз қызмет» номинациясын табыс етті. «Мақсат» сыйлығы иегерлерінің әрқайсына диплом мен ақшалай сыйақы тапсырылды.

Салтанатты жиында «Мақсат» сыйлығының иегері Жанар Мадиярова, Жұмабай Исақан және Халифа Төлеу сөз сөйлеп, өздерінің болмашы еңбегін жоғары бағалап, сый-құрмет көрсетіп жатқан қала басшылығына алғыс сезімдерін білдіріп, замандастарын ортақ Отанымыз – Қазақстан мен ортақ үйіміз – Сәтбаев қаласын түлету жолында белсене еңбек етуге шақырды.

Алқалы жиын соңы әуезді әндерге жалғасты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.