Сандуғаш сайраған сәнді өлке

Қойнауы кенге толы Сәтбаев қаласы биыл 42 жасқа толды.   Ұлтымыздың ұлы перзенті Қ.И.Сәтбаевтың атын иеленген кенді қаланың торқалы тойын тұрғындар біркісідей көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.

Кеншілер алаңын дүбірге бөлеген той сенбі күні қала әкімі Әнуар Омардың, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчуктың және қаланың  Құрметті  азаматтарының қатысуымен өткен салтанатты шараның ашылуынан бастау алды.

Шаһар басшысы торқалы тойдың шымылдығын түре тұрып, кеншілердің еселі еңбегінің нәтижесінде өсіп-өркендеген қаланың тұрғындарына өзінің жалынды құттықтауын жолдады

– Сәтбаев қаласы – еліміздегі жас  қалалардың қатарында. Кенді қаланың өсіп-өркендеу, даму тарихы келешекпен де тығыз байланыста көркейе береді. Оған негіз де жоқ емес. Кен өндіру мәселесін 45 жылға дейін жеткізу тұрғысында жаңа кен орындарын ашу, одан бөлек өзге де  шағын өндіріс ошақтарын іске қосу, ауылшаруашылығын дамытуға арнайы бағдарламаның  жүзеге асырылғалы отырғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Мұның сыртында осы қолға алынған істерді әрі қарай дөңгелетуде тұрғындардың ерік-жігерлері қажет.  Қаланың сәулетті, таза әрі орнатылып жатқан мүсіндер мен балаларға арналған түрлі қондырғылардың өзінің қызмет ету уақытына дейін дұрыс сақталуы тұрғындардың өздеріне тікелей байланысты.  Қаланы дамытудың барлық мүмкіндіктерін әкімдік барынша қарастырып отыр. Осы  негізде де шаһар тұрғындарының атсалысуы ауадай қажет. Өзін «Ұлы дала елі» деп танып, мәңгілік даму стратегиясымен өрлеуге бағыт алған еліміздің құрамында Сәтбаев қаласы да жаңаша бағытта дами береді, –  деді қала әкімі Әнуар Серікбайұлы.

Мерекелік көңіл-күйде қаланың көркемөнерпаздары әннен, биден шашу шашып,  алаңға жиналған көпшілікке мол тарту жасады. Әсіресе, өнер мектебінің  «Ұлттық сән» театрының кішкентай бүлдіршіндері көздің жауын алатын әр ұлттың киімін сахна төріне алып шыққанда ерекше көрініс берді.

Алаңда  «Сәтбаев – болашақтың қаласы», «Сәтбаев  – гүлденген қала», «Сәтбаев – шеберлер қаласы», «Сәтбаев – білімділер қаласы», «Бақытты балалық шақ», «Сәтбаев – мәдениет пен өнер ордасы»,  «Тәні саудың – жаны сау», «Сәтбаев – достықтың қаласы» деген атаулармен  ұйымдастырылған қалашықтар мен көрмелерді тамашалаған қала басшылары  мен тұрғындар  кенді қаланың қай салада болмасын даму тенденциясын бағамдады.

Шаһар тойы күзгі жиын-теріннің науқанына тұспа-тұс келетіндіктен, білім беру ошақтары сан алуан өнімдерден жасалған тағамдарды, сый-сияпаттарды «Күзгі сый» көрмесінде жарқырата көрсете білді.

Спорттық шараның да шырайын келтіріп, үлкен-кіші әртүрлі додаларға қатысып жатты.

Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің  оқушылары туған қаламызға флеш-мобпен тарту жасады.

Кенді шаһарды бір күн дүбірге бөлеген той-думан кешкілік  қала өнерпаздары мен көркемөнерпаздар ұжымдарының «Қаныштың қаласында ән саламын баршаңа» концерттік бағдарламасына ұласып, отшашумен түйінделді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.