«Шарайнаның» ширек ғасырлық тойы

Биыл кеншілер қаласының жылнамасына айналған «Шарайна» газетіне 25 жыл толды.

Газеттің сарғайған беттерінде кенді өлкенің ширек ғасырға жуық тарихы сайрап жатыр. Тарих үшін қас-қағым сәт қана болғанымен, 25 жылда «Шарайна» газеті елдің жадынан мәңгі өшпейтін жаппай колхоздастыру, аштық, «халық жауларын» іздеу науқаны, сұрапыл соғыс, соғыстан соңғы жылдар, «кемелденген социализм» дәуірі, ұлттық ояну, азаттықтың ақ таңы, Тәуелсіздіктің алғашқы ботатірсек кезеңі, дамудың сара жолына түскен бүгінгі Қазақстан – бәрін-бәрін елдің естеліктері арқылы тасқа түсіруге тырысты.

20150918-12-1

Осыны терең түсінген қала әкімі Әнуар Омар газеттің мерейтойына ерекше мән берді. Жыл басынан бері қаламызда газет мерейтойына арналған шаралар ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қаламызда «Шарайна» газетінің 25 жылдығымен басталып, бір топ қаламы қарымды журналистер үлкен марапатқа ие болды. Әйтсе де, қала әкімі, ақын, журналист Әнуар Омар «Шарайнаның» ширек ғасырлық тойын өзге мерекелердің шылауында кетпесін деп, той-томалағы толастаған сәт – қыркүйектің 11 жұлдызында атап өтуді жоспарлады. Сөйтіп, өткен жұма күні қаламыздағы жаңа мейрамханалардың бірі – «Хан шатыр» аталатын тойханада газеттің 25 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Оған қала әкімі Әнуар Омар, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, Жезқазған поселкесінің әкімі Асылхан Сәдуақасов, қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай қатысты.

Салтанатқа сондай-ақ, кеншілер қаласын он жылға жуық басқарған, «Шарайнаның» шарықтауына оң ықпалын тигізген қаланың бұрынғы әкімі Қанат Балмағамбетов пен газеттің алғашқы редакторлары Абдолла Дастанов және Төлеш Асантегі, газеттің бір топ бұрынғы қызметкерлері құрметті қонақ болып шақырылды. Меймандардың қатарын аймағымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері толықтырды.

«Хан шатырда» өткен ширек ғасырлық тойды қала әкімі Әнуар Омар ақжарма тілекпен ашты.

– Тоқсаныншы жылдардың басында дүниеге келген «Шарайна» газеті өңірдің жылнамасын ширек ғасыр уақыт жазып келе жатқан басылым. Осы қас қағымдай ғана сәттің өзінде өмірдің талай соқпағынан өткен газет әркез елмен бірге болып, халықтың мұңын бөлісті. Қазіргі таңда газет Тәуелсіздік аясында өркендеген кеншілер қаласының бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.

«Шарайна» – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ел Үкіметінің саясатын сындарлы жүргізіп келе жатқан, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымның бірі. Алдағы уақытта да ел мүддесі жолында бірлесіп еңбек етіп, еліміздің гүлденуі жолындағы шығармашылық еңбектеріңізде толағай табысқа жете берулеріңізге шын жүректен тілектестігімді білдіремін, — деді қала әкімі өз сөзінде.

Бұдан кейін Әнуар Серікбайұлы басылымда ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан бір топ қызметкерлерді қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Жиында қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук құттықтау сөз сөйлеп, бір топ қызметкерлерге мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті.

Кезек салтанаттың қадірлі қонақтарына берілді. Олардың көшін қаланың бұрынғы әкімі, газеттің шынайы жанашыры Қанат Балмағамбетов бастады. Қанат Сұлтанұлы өз сөзінде кешегі оңтайландыру жылдарындағы оралымсыздықтардың газетке де салқынын тигізгенін, тіпті, сол кездері қалалық бюджеттің қоржынын ұстаған Жезқазған қаласының басшылары газетті қаржыландыруға қарсы болғанын, соған қарамастан қаланың төл басылымы тоқтамай шыққанын әңгімелей келіп, оның бүгінде үлкен қолдауға ие болып, аймақтағы БАҚ-тар арасында өзіндік орны бар екенін марқая тұрып айтты.

Қанат Балмағамбетовтың сөзін сол жылдары газеттің басы-қасында жүрген редакторлар Абдолла Дастанов пен Төлеш Асантегі және газеттің алғаш құрылған күнінен бері тіреуі болып келе жатқан ардагер журналист Мәди Әлжаппаров жалғап, басылымның қандай соқтықпалы, соқпақты жолдардан өткенін, соған қарамастан бүгінгідей әлеуеті зор газетке айналғанын әңгімелеріне арқау етті.

Бұдан соң салтанатқа арнайы келген аймағымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де өз лебіздерін білдірді. Әріптестерін ширек ғасырлық қуаныштарымен құттықтаған олар арнайы сыйлықтарын да ұсынды.

Жезқазған поселкесінің әкімі Асылхан Сәдуақасов газет ұжымына поселкелік қалың оқырмандардың тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, сонау жылдары газетте қызмет еткен қызметкерлер атынан сөз алған, осы газетте табан аудармай 15 жыл қызмет еткен Сәуле Оспанова мен «Жезказган сегодня» сайтының қызметкері Евгений Ванюшов өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

Салтанатты шарада қалалық мәдени-сауық орталығының директоры Нина Геймбух өзінің жылы лебізін білдіріп, оны осы орталықтың өнерпаздары ән-бимен әспеттеп, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Салтанатты шараны қорытындылаған «Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің редакциясы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігінің директоры Бауыржан Бірманов пен 1999 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан газеттің бас редакторы Майра Жаппасбаева осы іс-шараны ұйымдастырушылар мен кеш қонақтарына өздерінің алғыс сезімдерін білдірді.

– Осы өткен 25 жыл «Шарайна» газеті үшін тек қана даму, шарықтау жылдары болды. Қандай жағдайда болмасын газеттің шықпай қалған, не болмаса беттерінің азайған кезі болған жоқ. Соның нәтижесінде, газет бүгінде аймақтағы ең көлемді, яғни 24 беттік басылымға айналды. Қазақ және орыс тілінде жарық көріп, екі бірдей газеттің жүгін көтеріп отыр. Бұл, біріншіден, қала басшысының шынайы қолдауының, екіншіден, оқырмандарымыздың, үшіншіден, әлеуеті жоғары ұжымымыздың арқасы, – деп түйіндеді сөзін бас редактор Майра Смағұлқызы.

Осылайша, «Хан шатыр» тойханасында өткен «Шарайнаның» ширек ғасырлық тойы есте қаларлықтай болды.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.