Тасқыннан зардап шеккендер баспана алды

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Бұқар жырау ауданына жасаған жұмыс сапарының барысында көктемгі қызыл суда қираған үйлердің орнына салынған жаңа баспаналарды көріп, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданының Ақтөбе, Ынтымақ, Сарытөбе ауылдарында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе ауылдық округінің Ақтөбе және Ынтымақ ауылдарында бір және екі пәтерлік 36 тұрғын үйлерді су басып, 51 отбасы зардап шеккен. Тәуелсіз сараптама Ақтөбедегі екі үйді, ал Ынтымақта бір үйді апатты және тұруға лайықты емес деп таныды.

Зардап шеккен тұрғындарға жоғалтқан мүлкі үшін 6,5 млн. теңге көлемінде өтемақы төленген. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек көрсетілді.

Көкпекті ауылдық округінің Сарытөбе ауылында да 48 үйді (61 пәтер) су басып, соның 17-сі апатты болып танылды. Қазіргі уақытта 12 үй салынған. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжаттары болмаған қалған зардап шегушілер үшін басқа үйлер сатып алынып, облыстық қоғамдық қайырымдылық қорының қаражатынан материалдық көмек төленіп жатыр.

Бұдан басқа, зардап шеккен барлық адамдарға табиғи апат салдарынан келтірілген шығынды өтеу бойынша 23,6 млн. теңге сомасына өтемақы төленген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.