Басты назарда – тазалық

20150925-12-2Өткен аптаның аяғында сәтбаевтықтар жаппай тазалық сенбілігіне шықты. Қаланы қысқы маусымға дайындау мақсатындағы шарада атқарылған жұмыс барысы ауқымды. Әр мекеменің қарамағына берілген аудандар мен көшелерді қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Жандарбеков аралады.

Қала көшелерін қоқыстан арылтуға мектеп оқушылары, оқу орындары студенттері, «Электр желісі», жеңіл автокөлік кәсіпорындары мен ұйымдардың жұмысшылары жұмылдырылды. Саябақтар мен шағын алаңдар назардан тыс қалмады. Қоқыстар тазартылып, тегістеу, жол жиегін сырлау, арам шөптерден арылту жұмыстары атқарылды.

Жаз бойы санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілді. Жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіліп, шаһарымыздың келбетін көріктендіруге күш салынды. Әр саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп осыдан айтылған емес пе. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары тазалыққа көп мән беріліп, оған тұрғындардың қолдау білдіруі сүйсінерлік жай. Қоршаған ортаны, қоғамдық орындардың, жұмыс орнының, көшелердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатындағы рейдтер өткізіле бермек, – дейді С.Оразбаев.

Бұл күні тұрмыстық қалдық төгетін орындар, арық жүйелері, аулалар назардан тыс қалмады. Жол жиектерін тазалау міндеті әр мекемеге бөліп берілген. Сәтбаев даңғылы, Абай көшесі бойында қызу қимылдаған Шығыс Жезқазған кенішінің жұмысы көңілден шықты. С.Оразбаев құбырларды ауыстыру мақсатында қазылып, сол беті ашық күйінде қалдырылған алтыншы жылу жүйесіне байланысты жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнына құлаққағыс жасады. Сонымен қатар, көше бойында орналасқан дүкендер мен орталықтардың сыртқы безендірулері сынға алынды. Мәселен, Абай көшесі бойында орналасқан «Кристина» дүкенінің сынық терезелері, түсіп қалған сыртқы сылағы қала сәнін бұзып-ақ тұр.

Мұнан соң, Ұлытау көшесі бойында орналасқан «Шиномонтаж», «СТО» машина жөндеу дүкендері алдындағы дөңгелек үйінділеріне мән берген әкім орынбасары оның талапқа сай еместігін, өрт шыға қалса қауіптің артатындығын түсіндірді. Рейд барысында Комаров, Бабыр би, Гурба көшелері назардан тыс қалған жоқ.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің көше тазалығына жұмылуы өз нәтижесін берді. Қала халқының жаппай асарлатуының арқасында әрбір мекеме, ұжымның, үй-үйдің, аула-ауланың, көпшілік бас қосатын орындар мен қоғамдық жерлердің айналасы әжептәуір тазарып, ажары кіріп қалды. Бұрыш-бұрышқа заңсыз үйілген күлтөкпелер тасымалданып, тұрғындармен қала тазалығы бойынша түсіндірме жұмыстары өткізілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, тазалық шаралары алдағы күндері де жалғасын таппақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.