Тәуелсіздіктің алтын діңгегі – тіл мерекесі тойланды

Туған елім – тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы, Өссе тілім мен де бірге өсемін, Өшсе тілім мен де бірге өшемін! – деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары болып табылатын тіл мерекесі Сәтбаев қаласында ерекше аталып өтті.

Кеншілер сарайындағы «Тіл – тәуелсіздіктің алтын діңгегі» атты салтанатты кеште бірінші болып сөз кезегін алған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Серік Имамбай:

– Адам баласы үшін тілдің орны бәрінен бөлек. Тіл – достықтың, бей­бітшіліктің, болашақтың кепілі. Әрбір мемлекет басты рухани байлық ретінде тілді да­мытуға айрықша маңыз береді. Біздің елімізде тіл мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын бәріңіз білесіздер. 1998 жылы ҚР «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Осы заң аясында әр аймақта Тілдерді дамыту басқармасы құ­рылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда елімізде үштұғырлық тіл саясаты қолға алынды. Егер азаматтарымыз үш тілде еркін сөйлейтін болса, дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болатынымыз анық, – деп атап айтты.

20150925-01-1

Тіл жанашырларын марапаттау Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Тіл жаршысы» номинациясын жеңіп алған «Шарайна» газетінің тілшісі Бағдат Қазкеновты құттықтаудан бастау алды. Мұнан соң мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген, шәкірттері республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанған бір топ ұстаз сахна төріне шақырылды. Олардың қатарында қалалық білім бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова, №12 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Тазабекова, С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі Ш.Баймағамбетова, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің мұғалімдері А.Рақышева мен Г.Баяхметова, №5 жалпы білім беретін орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Э.Нұржанова бар. Құрмет иелеріне қала әкімінің Алғыс хатына қоса заттай сыйлықтар табыс етілді.

Қаладағы қазақ тілін дамыту, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тарихи тағлымдарымызды дәріптеу бағытындағы «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы көңілден шығарлық. Оның жанынан құрылған «Ақбаян» қыз-келіншектердің сырласу отауы, «Ақ әжелер» фольклорлық ансамблінің жастарға берер тәлімі мол. Осы турасында баяндаған «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, ақын Мәуия Бекмағанбетова: «Елімізде сан ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Олардың тілін, дәстүрін ұстануына барлық жағдай жасалған. Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдық мерейтойына арналған ХХІІ сессиясы еліміздің ертеңі ерек екенін саралап берді. Тағдырын өз қолына алған қазақстандықтардың қандай қиыншылық туындаса да бірлік пен татулықтың арқасында әлем алдында құрметке бөленгендігі, көп ұлтты халқымыздың біртұтастығы – артықшылығымыз екендігі сенім туғызады», дей келе:

– Қазақстан – қазақ тілі, кеңдігім,

Қазақстан – қазақ тілі, елдігім,

Қазақстан – қазақ тілі, мәңгілік,

Қазақстан – қазақ тілі, сенімім,

Осы сенім алып шығар ел жүгін! – деп жүрегін жарып шыққан жауһар жырдан шашу шашты.

Бұл күні жергілікті көркемөнерпаздардың күшімен дайындалған концерттік бағдарлама Кеншілер сарайын думанға бөледі. Соның бір жарқын мысалы «Мемлекеттік тілді жоғары құрметтеу сол тілді жан құштарлығымен үйренуден бас­талады» деген қағиданы берік ұстанған түрлі ұлт өкілдерінің өз өнерлерін ортаға салуы. «Любавушка» орыс, «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени орталықтарының өкілдеріне қоса, республикалық Тайжан әндерін орындаушылар байқауының үшінші орын иегері Е.Әлқожин, «Назқоңыр» халық әндерін орындаушылар байқауының жеңімпазы Д.Жапаров, облыстық дәстүрлі әндер байқауының жүлдегері Р.Тақашовтың домбырада шырқаған әндері ешкімді бей-жай қалдырмады.

Тәуелсіздіктің алтын діңгегі болған тілімізді ұлықтауда барша ұлт өкілін бауырына басқан тұғыры биік ел екендігімізді сәтбаевтықтар осылайша тағы бір танытты. Татулық пен келісімнің арқасында әлі талай асқаралы белестерді бағындырарымыз сөзсіз. Сол мақсатқа жету тілегі мен жүрегі бір берекелі халықтың еншісінде.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.