Бата – тілектің анасы

Жуырда әріптесіміздің қызы Петропавл жаққа тұрмысқа шықты. Ұзату тойы болып, құдалар қызымызды қазақы дәстүрмен қолдан алды. Сонда Қайырбек құда келістіріп тұрып бата берді. Қазақшаға шорқақ келеді деп жүрген солтүстік өңірдің азаматынан мұндайды күтпегеніміз рас еді…

Қазақ – батаға ерекше мән беріп, құрметпен қараған халық. «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер», «Бата – тілектің анасы» деп бекер айтпаған аталарымыз.

Құрбан айт – нағыз тілек пен игі сөздің ең көп айтылатын кезі. Себебі, ел бірін-бірі шақырып, дастарханнан дәм татып, бата-тілектерін айтады. Марқұм болған жақындарына мал шалып, құдайы беріп, құран оқытады. Сондай дәмдердің бірінде болғанда байқағаным, жастың болсын, жасамыштың болсын бата беруге келгенде шорқақ екендігі. Тұрсынбек Қабатовтың тойға барғанда тілек айту туралы бір әзілі бар еді ғой. Сол айтқанындай, үлкен кісілердің құдайы-асқа барғанда бірер ауыз жақсы бата үйреніп алғандары артық болмайды-ау деген ой келді маған сонда. Олай дейтінім, қазіргі күні ел арасында «бата беретін ақсақалдарымыз азайып бара жатыр» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда, арамызда бата беріп, ас үстінде аталы сөз айтатын қарияларымыз шын мәнінде аз. Қазіргінің «заманауи» шалдары аста болсын, той-томалақта болсын бата беруден гөрі, «тілек» айтуды жөн көреді. Ал, бата беру дәстүріне келсек, ол – бөлек әңгіме.

Соңғы жылдары біздің дәстүріміздің өзі біраз өзгеріске ұшырады. Соған байланысты батаның да жаңаша сипат алғаны рас. Бұрын оның түрлері көп болса, қазір сәл азайып қалған сияқты. Дегенмен, батагөй қарттарымыз әлі де бар. Олардың баталары дәл бұрынғыдай болмаса да ұлағатты, нақыл сөздерге бай. Сондай-ақ, бүгінде батаны жаттап алып, әдемі айтатындар да кездеседі. Бірақ, менің ойымша, бата ең алдымен шын көңілден айтылуы тиіс. Яғни оның түпкі мағынасы жақсы тілек, жақсы ниеттен болуы шарт. Шын көңілден айтқанда ғана тілек қабыл болады.

Қазіргі баталар бұрынғыдай емес. Ертеде бата берушілер халықтың ойынан, көңілінен шығатын оралымды жақсы сөздер айтып отыратын. Қазіргілер «бақытты болыңдар» дегеннен аса алмайды. Егер қариялар ұл-қыздарымызға жақсы батамызды беріп отырса, ұрпағымыздың дұрыс жолмен жүруіне мол септігін тигізетіні анық. Батаны тыңдайтын адам болса, оны жаңа ойға жетелеп, жаңа белестерге көтереді. Сондықтан, кез келген жиын, тойда бата беретін ақсақалдар өнегелі, тәрбиелі сөздерге толы тілегін білдірсе екен деймін.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.