Көршіңізбен татусыз ба?

Күні кеше ғана барша мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесін тойлап өттік. Осы күні айт шайына шақыратын көрші таппай дал болғандар аз болмады. Неге? Осыдан барып, қарбалас тірліктің қамымен жүреміз деп өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей, қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, қысылтаяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көрші ақысын ұмыт қалдырып жүрген жоқпыз ба деген ой келді жұмыр басқа…

Қазақта «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген аталы сөз бар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында елмен тату-тәтті тіршілік кешіп, жақсы көрші болудың өзі – үлкен сын. Дана халқымыз көршімен татулықты, ауызбіршілікті ұрпақ сабақтастығы ретінде соңынан ерген жас ұрпаққа насихаттап отырған. Бұрын алыстан ат терлетіп ағайын-туыс, сыйлы қонақ келе қалғанда, көршісі амандық-саулық сұрасып, әңгіме-дүкен құрып, үй иесіне қызмет ететін. Осының бәрі жас ұрпақты ел бірлігін сақтауға, салт-дәстүрді санасына сіңіріп, үлкенге құрмет етуге баулитын мектеп болып саналатын.

Ал қазіргі кезде көршімен қарым-қатынас көрінісі өз бейнесін сақтай алды ма? Зәулім-зәулім үйлері бар, көршілері бір-бірімен сәлемдеспек түгілі, бірін-бірі танымайтын қаланы айтпағанда, «ауылы аралас, қойы қоралас» жататын ауыл өмірінде де бұл көріністің байқалмай бара жатқаны жанға батады. Көршісімен болмашы нәрсеге араздасып, күндестік етіп күн кешіп жүрген көршілер де жоқ емес. Бұл әрекет біздің ұлттық болмысымызға сай еместігі айқын. «Адамның күні адаммен» демекші, қолдан келгенше көршіңе жәрдем беріп, ең болмағанда, шырайлы жүзбен қарсы алып, жылы сөзбен шығарып салудың өзі асқан адамгершілік емес пе?! Бұл іс кез-келгеніміздің қолымыздан келері хақ.

Ілгерірек заманда көршілер ағайыннан жақын болушы еді. Себебі, жырақта жүрген тума-туыс үйіңе жылына бір-екі рет қана келуші еді, ал қасыңдағы көршің күнде сенің үйіңде. Бүгінгі күні ағайынмен де, көршімен де қарым-қатынасымыз алшақтап бара жатқан тәрізді. Бұл – заманның тозғаны ма, әлде адамдардың ауызбіршілігі жоғалып, бір-біріне суып бара жатқаны ма? Әйтеуір ауыл болсын, қала болсын, жаныңа жалау болып, қайғыңа басу айтатын жақындарымыз азайып барады. «Татулық бар жерде береке бар» демекші, татулығымыз арта берсін, ағайын!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.