«Ортақ іске жауапкершілікпен қарайық», – дейді төраға

20151002-06-1Сәтбаев қаласында сәні мен сәулеті жарасқан көпқабатты үйлер аз емес. Осы үйлерде туындайтын түйінді мәселелер – тұрғындар мен ПИК (Пәтер иелері кооперативі) арасындағы келіспеушіліктер қысқа дайындық барысында өрши түседі. Міне, осындай кикілжіңдердің алдын алып, мәселені қалай шешуге болатындығы жөнінде Комаров көшесіндегі 13 үйден орын алған «Көмек» ПИК-тің төрағасы Қуандық Өтешов (жоғарғы суретте) әңгімеледі.

– Алдағы жылу беру маусымына тиянақты дайындалудың маңызы зор. Сіздерде қытымыр қыстан қысылмай шығудың мүмкіндіктері қалай қарастырылуда?

– Барлығы басшыға байланысты. Егер іскер, құрылыс пен инженерлік саланы жақсы білетін адам болса ПИК-тің жұмысы алға басады. Расы керек, тұрғындар пәтерінің әр шаршы метрі үшін (айына 15 теңге) төленетін жарнаны жылдар бойы төлемей, әуреге салады. Ал, ақша төлемеген жерде жұмыс қалыпты жүргізілмейтіні белгілі. Өйткені, сантехник, аула сыпырушы, еден жуушы сияқты жұмысшыларды ұстау үшін де уақытында еңбекақысын беріп тұру керек. Біз тек тұрғындардан түскен ақшадан жалақы төлейміз. Қарамағымызда 12 көпқабатты, 7 екі қабатты үй бар. Бүгінгі күні ондағы тұрғындардың қарызы екі жарым миллионнан асып жығылады. Бір ғана Комаров 13 үйдің тұрғындарының қарызы 490 мыңды құрап отыр. Соған қарамастан, шамалы ақшаны ұқсатуға тырысудамыз. «Сәтбаевэнергосбыт» мекемесі ұзақ уақыт төленбей келген жарнаны жинауға көмектесуде. Бірақ, бұл қызметі үшін үстеме ақша төлеуге мәжбүрміз.

Бүгінге дейін тұрғын үй нысандарының жартысынан астамы әзірліктерін аяқтағаны жайлы актілерін алды. Қалғандарында жылу жүйелерін жуып-тазалау, шаю, дәліздерді, терезелерді қымтау жұмыстары қызу жүргізілуде. Жылу желілерінің 70-80 пайызы әбден тозғандықтан, түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыстар жүзеге асырылып, жылумен үзіліссіз жабдықтау басты мәселе екенін түсіне отырып, шаруаны тас-түйін шешуге барлық мүмкіндіктерді жұмылдырудамыз. Күрделі және ағымдық жөндеу барысында жертөлелердегі тораптық, тарату құбырлары жаңартылып, зақымдалған бөліктері қалпына келтірілді. Қатты аяздарда оқшаулағышпен орап тастаймыз. Бір сөзбен айтқанда, «Көмек» ПИК-не қарасты үйлердің қыстан қысылмай шығатынына сенімдімін.

– Тұрғын үйдің кіреберісін, төбесін, жертөлесін кім жөндейді?

– Егер тұрғындардың барлығы жарналарын уақытында төлеп тұрса, біздегі кәсіби мамандар жөндеуден қашпайды. Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша бұл мәселе оң шешімін тауып та жүр. ҚР «Тұрын үй қатынас­тары туралы» заңда жалпы үй мұқтаждығына қажетті шығындарды тұрғындардың өзі төлейді деп көрсетілген. Сондықтан, не төлесеңіз де өз үйіңіздің мүддесі үшін жұмсалмақ.

Осы жазда Комаров көшесіндегі көпқабатты 4 а үйінің жертөлесіндегі құбырлар толықтай жаңартылды. Ортақ тоқ тарататын торап та ауыстырылу үстінде. Қазір Комаров 13 а үй дәліздерінің барлық терезелері толықтай айырбасталып, орнына жаңа пластикалық терезелер орнатылды. Ерден 193, Гурба 104 үйлердің жертөлесіндегі ауыз су құбырлары ауыстырылды. Сонымен қатар, қарамағымызға жақында ғана берілген, бұрын «Сәт Тазалық» ЖШС қараған Ерден көшесіндегі алты қабатты 221 үйдің жертөлесі апатты жағдайға түскен екен. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша бізге берілгеннен кейін жертөлесі толықтай тазартылып, шіріген, тесілген құбырлар жаңартылды.

– Басты міндетке не кіреді?

– Дәліздерге жөндеу жұмысын тұрғындардың өздері жүргізуі тиіс.

Ал, ыстық-суық судың уақытында келуін қадағалау, жертөлені су басудан сақтау, шұңқырларды және қабырғалардағы жарықты бітеу, шарбақтар мен кіреберіс есіктерді, жылыту жүйелерін жөндеу және пайдалану, қосу және ағыту, кішігірім ақауларды жою, жертөледегі канализацияны тазалау, бұрандалы қосылыстардағы ағуды жою, жер асты бөлмелерін және басқа жалпы пайдалану орындарын дезинфекциялау, кіреберістерді жарықпен қамтамасыз ету, бірінші қабаттағы және шатырдағы электр шамдарын ауыстыру, апаттық-диспетчерлік қызметті шақыру, қарды шығару, жүргінші жолдарындағы қақтарды жою, қысқы маусымда тротуарларға құмды дайындау және себу секілді негізгі міндеттерді жауапкершілікпен орындауға тырысамыз.

Барлық жұмысты тұрғындармен бірлесіп, кеңесіп атқарғанда ғана қыстан қысылмай шығатынымыз анық. Кей тұрғындардың өз міндеттеріне түсіністікпен қараудың орнына ұзын арқан, кең тұсауға салатыны, бар жауапкершілікті бізге итеретіні өкінішті. Соның салдарынан кестеден кешеуілдеу фактілері кездеспей қоймайды. Ең басты қиындық қажетті қаражаттың уақтылы жиналмауына келіп тіреледі. Сондықтан, ортақ іске жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.

– ПИК кәсіби мамандардан құралған ба? Жұмысқа алынғандардың арасында ішкілікке салынғандар бар деп естиміз.

– Шебер, дәнекерлеуші, есепші, үш сантехник, электрик, үш аула сыпырушы, кезекші маман секілді оннан астам адам жұмыс істейді. Ішкілікке салынғандарды жұмысқа алмаймыз. Барлығының кәсіби білімі бар.

– Қандай мәселе алаңдатады?

– Трастық құбырдың 200 метр жерде қашықта орналасқандығы қиындық туғызуда. Жиі бітелетіндіктен жертөлелерден су кетіп қалу қаупі орын алуда. Негізгі қарамағымыздағы тұрғын үйлерге ортақ құбыр тораптарының құдығын тазалау жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының міндетіне берілуі тиіс.

– Алда қандай жоспарлар бар?

– «Қыстың қамын жаз ойла» деген. Бізде қыс, жаз деген жоқ, жыл бойы қысқы маусымға әзірлік жұмыстарын жүргізе береміз. Қазір соның игілігін көрудеміз. Байланыс тораптарын жөндеу, батареяларды тазалау, дәліздерді жылылау шараларын барынша ұқыптылықпен іске асырдық.

Алдағы уақытта бекітілген тұрақты төлемдер мен жарналарды уақытында төленуін бақылауда ұстамақпыз. Смета мен есепті құрып, жылдық бюджетті бекітуді жүзеге асырмақпыз. Жұмысымызға кедергі келтіретін бір нәрсе – тұрғындардың дер кезінде келісілген қаражатты төлемеуінен қарыз мөлшерінің артып кетуі және олардың өздері тұрып жатқан үйге жанашырлық танытпауы. Қоқыстарын екі адым жердегі қоқыс жәшігіне апармай аулаға, тіпті подъезге тастап кететіні қынжылтады. Ескертуден кенде емеспіз, бірақ, тыңдамайды. Әрине, кездесулер өткізіп, қаражат мәселесін түсіндіріп, жалпы тұрғын үй жайын айтып есеп беріп, бірлесе жұмыс істеуді жалғастырамыз. Жұмысымызды елеулі етуге тұрғындардың да лайықты үлес қосқаны абзал. Қарыздарын төлеп, өздеріне тиісті міндетін атқарса, бізге де тиісінше жоғарғы талап қоюға мүмкіндік туар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.