Қадірі мол Құрбан айтта кездесті

20151002-04-1Барлық мұсылман баласы жүрегінде нұр ойнап, асыға күтетін Құрбан айт мейрамы биыл қазан айының жиырма төртінші жұлдызында басталды. Бұл күні үлкен де, кіші де ерте тұрып, жуынып-шайынып, Алланың жердегі үйі – мешітке Айт намазына ағылды…

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті» – делінген. Бұл күні ең алдымен Айт намазы оқылады. Құрбандық малы намаздан кейін ғана сойылады. Осы қағида сақталып, қала мешітінің ауласындағы арнайы жабдықталған орында құрбандыққа деп әкелінген малдар сойылып, мал иелерінің қалауынша мұқтаж жандар мен балалар үйлеріне таратылады. Бұл үрдіс соңғы уақытта қалтқысыз орындалуда.

Қала әкімі құттықтады

Бейсенбі күні қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінде Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітте болып, мұсылман қауымды ұлық мерекемен құттықтады.

– Барлықтарыңызды мұсылманның ең қасиетті де маңызды мейрамы – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Құрбан айт – бірлік, бейбітшілік және Алла алдындағы теңдік мейрамы, әр адамды бауырмалдылыққа, кешірімділікке шақырады.

Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Ұлық мереке мүбарак болып, әр отбасына бақыт, береке қонсын! Барша мұсылман қауымына шын жүрегімнен береке-бақыт, әр отбасына тыныштық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын, – деді қала басшысы.

Қалың қауым жиналған мерейлі тұста Балмағамбет Балқыбайұлы мешітінің бас имамы Қоңдыбай қажы Серікбайұлы айт намазы басталғанға дейінгі аралықта уағыз айтып, Құрбан айттың мәні, тарихы туралы әңгімеледі, имандылық туралы сөз қозғады.

Айт намазына жиналған жамағаттың қарасы мол болды. Тіпті мешіт ауласында да сап құрған балалар бір-біріне ілтипатпен орын ығыстырып, сыйысып тұрып жатты. Ал намаз уақытында мешіт ішінде имамның үні ғана естіліп, тыныштық орнады.

Айт намазынан кейін әкім мен бас имам құрбандыққа сойылатын малдарға бата беру рәсіміне қатысып, қабыл болсын айтты. Қала әкімі айтқа жиналған қауымды мешіт жанында тігілген киіз үйге, арнайы жайылған дастарханнан дәм ішуге шақырды. Қаламыздың өнерпаздары жиналған қауымға ән-жырдан шашу шашты.

Ақ ниеттер тоғысқан сәт

Орталық мешітке қарай таң бозынан ағылған жұртшылықта есеп болмады. Алла үйі алдында кездескен үлкен мен кіші бір-бірімен жарқын жүзбен дидарласып, ізгі тілектерін білдіріп жатты. Бұл жерден ақ сақалды қарияларды да, орта жастан асқан ел ағаларын да, жас жігіттер мен жасөспірімдерді де кездестіресіз. Бәрін табыстырған – Құрбан айт құдіреті, Аллаға құлшылық ету ниеті.

Намаздан кейін де жиналған қауым бірден тарап кетпей, мейірімді жүзбен жақсы тілектерін білдірумен болды. Солардың бірі қаламыздың ақсақалы Тәуекел Әпекұлы қалалықтарды құттықтап, өз лебізін жеткізді.

– Құрбан айт – мұсылман баласы үшін мерекелердің ішіндегі ұлығы, көпшілік асыға күтетін, ниет білдіруге ұмтылатын ерекше бір кезеңі. Осы сәтті пайдаланып, шын жүректен шыққан ізгі тілегімді білдіремін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болып, бүгінгідей бейбітшілік заманда ғұмыр кешуге жазсын. Сәтбаевтықтардың баршасының отбасына амандық-саулық, ізгіліктер тілеймін. Құрбандық шалу ниеттері қабыл болсын! – дейді Тәуекел аға.

Бұл күні мешіт жанындағы арнайы белгіленген орындарда құрбандық шалушылар көп болды. Құрбандық шалғандар сойылған малдың еттерін жетім-жесірлерге, міскіндерге, тұрмысы төмен жандарға таратып, қарттар, балалар үйі секілді қамқорлық күтетін орындарға жөнелтумен болды.

Осындай игілікті іс Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешітте де өтті. Мұнда да айт намазы оқылып, жиналған жамағатқа айт шайы берілді. «Қазақмыс» корпорациясының Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты кәсіпорын ұжымы құрбандыққа сойылған ірі қара малын осы мешітке арнайы әкеліп тапсырды.

– Құрбан айт мүбарак болсын. Барша сәтбаевтықтарға береке, бақыт тілеймін. Біздің кеніштің атынан қаламыздағы мұқтаж жандарға арнап бір ірі қара малын сойып, осы мешітке әкеп отырмыз. Алла ниетімізді қабыл етсін, – дейді кеніш әкімшілігі атынан келген Дархан Әбдіқасов бауырымыз.

Қасиетті Құрбан айт күні ақ жаулықты аналарымыз да мешітке келіп, айт намазына қатысып, ұрпақтарына ақжарма тілектерін білдірді. Солардың бірі Мәруа Сүлейменова әжеміз. «Көпті жамандаған көмусіз қалады» деген бұрынғыдан қалған сөз бар. Бір-бірімізді ғайбаттамай, тату-тәтті болайық. Құрбан айтымыз құтты болып, Алла тағала құрбандық шалғандардың ниетін қабыл етсін. Айттан айтқа аман- сау жетуге жазсын» деген тілегін жеткізді.

Ән-жыр мен спорт – мереке ажары

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, бұл күні ұлттық спорт ойындары мен ән-жырға да кеңінен орын берілді. Қаламыздағы қос мешіттің ауласында әуелете ән шырқалып, спорт ойындары ойналды.

– Құрбан айт мерекесін ұлттық нақышта атап өту үшін қала әкімдігі мен мешіттер және қалалық спорт бөлімі ауқымды шаралар ұйымдастырып отыр. Бұл күні мешіт аулаларында қазақша күрес, асық ату, арқан тартысу, кір тасын көтеру сынды сайыстар өткізілетін болады, – дейді бізбен әңгімесінде қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Батырлан Өмірзақ.

Айтқанындай-ақ, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіт жанында балуандар белдесіп, боз кілемнің шаңын шығарды. Жетпіс келі және одан жоғары салмақта боз кілемге шыққан балуандардың белдесуіне жиналған жұртшылық сүйсіне қол соқты. Олардың қатарында Мадияр Сәкенов І орынды иемденсе, Нұрбол Рахымберлі мен Дияс Әшімов екінші және үшінші орындарды жеңіп алды.

Жетпіс келіден жоғарғы салмақ дәрежесінде белдескен балуандар арасында Жәнібек Сүлейменов топ жарып, түйе балуан атанса, Мадияр Сәкенов бұл жолы екінші орынды місе тұтты. Ал, Самат Жапаров үшінші орын тұғырына көтерілді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Оны қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай табыстады.

Ал, Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің ауласында қаламыздағы аула клубтарының өнерлі өрендері ән шырқап, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйласа, Құрбан айтқа жиналған жамағат арқан тартысып, кір тасын көтеріп күш сынасты. Балғын балалар асық атып, өздерінің мергендіктерін көрсетті. Мұнда да жеңімпаздарға кәделі сый-сияпат жасалды.

Құрбан айттың алғашқы күні қалада осындай айшықты шаралармен ерекшеленіп, жұртшылыққа қуаныш сыйлады. Үш күн бойы кеншілер қаласының жұршылығы айттап, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.