«Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

20151002-02-22013 жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысының қаулысымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі ретінде бекітілді. Аталған мерекенің басты мақсаты жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту болып табылады. Сондай-ақ, еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, олардың еңбегін бағалап, «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау да мереке аясындағы игі шараға айналып отыр.

Сәтбаев қаласының өркендеуіне өздерінің қомақты үлесін қосып жүрген нәзік жандылар осы аптада «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Мұндай құрметке Сәтбаев қаласы әкімінің кеңесшісі Марал Мәдиева және «Шарайна» газетінің бас редакторы Майра Жаппасбаева ие болды. Бірі мемлекет саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және кәсіподақ жұмысының жандануына қосқан жеке еңбек үлесі үшін сый-құрметке бөленсе, екіншісі бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіподақтың жұмысын және қарапайым еңбек адамдарын насихаттау бағытындағы еселі жұмысы үшін марапатталды.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Жезқазған аймақтық кәсіподағының төрағасы Серікбай Аманжолов сейсенбі күні қала активімен өткен аппараттық жиында марапат иегерлеріне жылы лебізін жеткізіп, медальдар мен куәліктерді салтанатты жағдайда табыстады.

Комментарии закрыты.