Құрбан айттағы қайырымдылық

Асыл дініміздегі айтулы мереке ­­– Құрбан айт мейрамы барша жамағатты қайырымдылыққа, мейірім мен кешірімге шақыратын ұлық мейрам. Ұлы мейрамның аясында өткен аптада біздің қаламызда бірқатар қайырымдылық шаралар жүзеге асырылды.

Атап өтер болсақ, Б.Балқыбайұлы орталық мешітте Құрбан айт мейрамы күні қала әкімдігі және қала тұрғындары тарапынан Алланың разылығы үшін құрбандыққа малдар шалынды. Құрбандыққа шалынған малдардың еті қаламыздағы 60 отбасына таратылып берілді. Олардың қатарында тұрмысы төмен отбастары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы және жалғызбасты аналар бар. Мешіттің наиб имамы Мәди Берлібеков, бас имамның көмекшісі Бекзат Сейтжаппаров қала тұрғындарына құрбандыққа шалынған малдардың етін 5-10 кг. аралығында теңдей бөліп, таратып берді.

– Қуаныштысы сол, осы жолғы айт мерекесінде жақсылық жасап, көмек қолын созуға ұмтылған азаматтар жылдағыдан көп болды. Құрбан айттың сауабы мен қадірін сезінген бірқатар қала тұрғындары мешітке келіп, көмек пен қолдауға мұқтаж отбасылардың мекенжайларын алып, құрбандыққа шалынған малдың еттерін өздері таратып берді. Жалпы, осындай көмекке жоғарыда аталған отбасылардан тыс, тағы да 50 отбасы бөленді, – дейді Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Қондыбай қажы Ақпаров.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.