Оңалту бағдарламасының жұмысы оң бағаланды

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиеваның төрағалық етуімен қалалық мүгедектер істері жөніндегі Кеңестің жоспарлы отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі «Мүгедектермен әлеуметтік оңалту бағдарламасы бойынша жұмыс ұйымдастыру» мәселесіне байланысты қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлер, мүгедектер және аз қамтылғандармен жұмыс жөніндегі сектор меңгерушісі А.Өтенова мәлімет берді.

– Сәтбаев қаласы бойынша бүгінгі күні 3872 мүгедек есепте тұрады. Мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде көмек көрсететін 4 бөлімше жүйелі жұмыс атқаруда. 2011 жылы өзгенің көмегін қажет ететін 45 мүгедекке облыстық бюджеттен 136,0 мың теңге, үйде тәрбиеленіп оқитын 80 кемтар балаларға 134,0 теңге көлемінде жергілікті бюджеттен жәрдемақылар төленді. Жүріп-тұруы қиын I-топтағы мүгедектерге жергілікті бюджеттен 991,0 теңге төленіп, оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бірінші тоқсанда 58 мүгедек міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді.

Қалада мүгедектермен жұмыс жүргізетін Кеңес, «Шапағат» мүгедектер қоғамы, «Нұрлы үміт» және «Нұрлы жүрек» қоғамдық бірлестіктері мен зағиптар орталығы жұмыс істейді, – деді баяндамашы. Қаралған екінші «Зағиптар қоғамымен жұмыс жүргізу» мәселесі бойынша Зағиптар қоғамының төрайымы Б.Шұмбаеваның хабарламасы тыңдалды.

–    Біздің зағиптар қоғамында қазір 20 адам жұмыс істейді, оның 12-сі II-топ мүгедектері. Негізгі жұмысымыз – «Қазахмыс» корпорациясының тапсырысын орындау, яғни жұмыскерлерге қажет қолқаптар, киімдер тігеміз. Қалалық жұмыспен қамту бөлімімен тығыз байланыстамыз, өтіп жатқан іс-шаралардың бәрінде бізді қонақ ретінде шақырады, мерекелерде де, қайырымдылық акцияларында да  ұмытпайды.

Оңалту бағдарламасының арқасында денсаулығымызды түзеп санаторийларға жібереді, – деп ризашылығын білдірді Ботагөз Шұмаева.

–    Біздің ғимаратымыз (Құсайынов көшесі; 5) 1958 жылы салынғандықтан, әбден ескірген, құлауға дайын тұр. Күрделі жөндеуді қажет етеді, бізде оған қаражат қарастырылмайды. Соған демеушілер тауып, жөндеуден өткізіп беруге көмектесіңіздер, – деген өтінішін де білдірді төрайым.

Күн тәртібіндегі бірімен-бірі байланысты екі сұраққа орай комиссия төрайымы М.Мәдиева отырысты қорытындылап, мүгедектерді оңалту бағдарламасының жұмысына оң баға берді. – Бұл бағдарлама мүгедектерге көрсетілетін медициналық, әлеуметтік, білім және өзге де оңалту қызметтерінің қатарын ұлғайтуға әрі оның сапасын арттыруға ықпал етеді. Сол арқылы келешекте мүмкіндігі шектеулі жандардың лайықты еңбекке қол жеткізуін қамтамасыз етеміз, – деді Марал Сағынайқызы.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.