Қамқорлық – елдіктің белгісі

Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен 10 қазан – Мүгедектер күні болып белгіленген еді. Содан бері елімізде осы күн мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құрмет көрсететін, қамкөңілді адамдарға барынша жылу сыйлауға тырысатын атаулы күн ретінде өткізіліп келеді. Әрине, өзгенің көмегіне мұқтаж адамдарға тек атаулы күні ғана емес, күн сайын қолдау керек.

Мереке қарсаңында біз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпековке жолығып, аталмыш бөлімнің мүгедек жандармен жұмысы, олардың өмірге құштарлығын арттыруда, мүгедектердің қоғамнан өз орнын табуына көмектесуде нақтылы қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жөнінде әңгімелескен едік.

Көмектен кенде емес

Бауыржан Әпековтың айтуынша, қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 4512 мүгедек есепте тұрады, соның ішінде 313 адам – І топ, 1735 адам – ІІ топ, 2201 адам ІІІ топ мүгедегі. Ал, 263 адам 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» №26 бұйрығына сәйкес, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына орай мүгедектер протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, санаторлық-курорттық емделумен, жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектер үшін жеке көмекші қызметімен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, басқа адамның көмегіне мұқтаж І және ІІ топтағы жалғызбасты мүгедектерге күтім үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үстемелік көмек, яғни, 1982 теңге және 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде оқытуға қосымша көмек ретінде тоқсан сайын әр балаға 7929 теңгеден жәрдемақы төленуде.

Мұның сыртында, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, 16 жасқа дейінгі 252 мүгедек балаларға 3,0 мың теңгеден жалпы 756,0 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліпті.

Мүгедектер күніне орай 2000 І және ІІ топ мүгедектеріне 3000-6000 теңге көлемінде бір жолғы материалдық көмек көрсетілмек. Сондай-ақ, І және ІІ топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейінгі бала жастан мүгедек балалар қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жолда жүру билеттерімен толық қамтамасыз етілген. Мереке қарсаңында үйде мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға көмек көрсету бөлімшесінде есепте тұрған 30 бала тегін цирк өнерін тамашалады.

Пандус һәм инватакси

– Мүгедектердің құқықтарын іске асыру, олардың нысандары мен қызметтерге кедергісіз қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау, өмір сүру және қоғамға кірігу деңгейін арттыру мақсатында Сәтбаев қаласы бойынша бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес мүгедектерге қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ғимараттарды (тұрғын үйлерден басқа) паспорттау үшін қала әкімінің жанынан 2012 жылы 13 маусымда № 39ө өкімімен жұмыс тобы құрылды. Сәтбаев қаласы бойынша 37 нысан паспортизациядан және бейімдеуден өтті, олар талапқа сай.

Қаладағы әлеуметтік ғимараттарға кіріп-шығудың ыңғайлылығы, яғни қолайлы пандустардың болуы ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ғимараттарда пандустардың болу-болмауын қадағалау біздің бірлестіктің құзырына жатпайды. Дегенмен, біз өз бастамамыз бойынша сынақтар өткіземіз, ескертулер жасаймыз Кейбір мекеме басшылары біздің бұл ескертуімізге оң көзбен қарайды, кейбірінің ол пандусты өзгерту үшін қаржылай, басқаша мүмкіндіктері болмауы мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда біздің пікірімізбен санасып жатады, – дейді Бауыржан Әпеков әңгіме барысында.

Бөлім басшысы мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде жүріп-тұруларына да жағдай жасалғанын тілге тиек етті.

– Бүгінде қалада мүгедектерге арналған такси (Инватакси) қызметі ашылды. Аталмыш такси қызметі мүгедектердің өтініміне сәйкес күнделікті тұрғылықты жерінен тағайындалған пунктіне дейін яғни, жұмысқа, оқу орнына, одан кері тасымалдау және жетелеп жүруді, мүмкіндігі шектеулі адамдарды өкілетті және атқарушы органдарға, әлеуметтік сала нысандарына медициналық мекемелерге бару үшін тасымалдауды қамтамасыз етеді, – дейді бөлім басшысы.

Жұмысқа орналасуда кедергі жоқ

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, олардың қоғамда кірпіш боп қалануына ықпал ету тұрғысында көп жұмыс атқарылуда. Сәтбаев қаласының кәсіпорындарында, ұйымдарында және мекемелерінде меншік нысандарына қарамастан жұмыс орындарына мүгедектер үшін квота жұмыс орындарының жалпы санының үш пайызы мөлшерінде белгіленген. Осыған байланысты, қаланың барлық кәсіпорындарына, ұйымдарына және мекемелеріне әр жұмыс берушіде жұмыс атқаратын мүгедектердің санын анықтау туралы сұраныстар жолданған.

– 2015 жылдың басынан бастап 61 жұмыссыз мүгедектер тұрақты жұмыспен қамтылды. 5 мүгедек қайта оқытудан өтіп, жұмысқа орналасты, 22 мүгедек ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарында 6 адам, жастар практикасы бағдарламасында 2 адам уақытша жұмыс атқаруда.

Мұның сыртында, 2012-2020 жылдары моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында, ІІ топ мүгедегі Саят Әбдіров өзінің жеке кәсібін ашу мақсатында 1 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды және өзінің кәсібін ашып, жұмыс атқаруда, – дейді Бауыржан Әпеков.

Түйін

– Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Біз де осы бағытта күнделікті қызметімізді одан әрі жандандырып, адамдардың көңіл-күйін көтеріп, олардың қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне қатысты шараларды жүзеге асыра беретін боламыз.

Осы мақсатта, 10 қазан күні Спорттық сауықтыру кешенінде, Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аймақтық спорттық турнир өтеді. Онда көңілді старт, кресло-арбамен жарыс, дартс және дойбыдан жарыс өтеді. Осы жарысқа мүмкіндігі шектеулі жандарды қатысуға шақырамыз, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков әңгімесін түйіндей келіп.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.