Құрмет пен қолдау – парызымыз

Cәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында қоғамдық-ағартушылық науқандарды өткізу жөніндегі 2015 жылға арналған медиа – жоспарға сәйкес «Мүгедектер мен қарияларды қолдау және құрметтеу – әрқайсымыздың парызымыз» тақырыбында отырыс өткізілді. Отырысқа басқарма басшысы М.Мухәділ төрағалық етіп, бас маман — бас қазынашы Г.Ашенова баяндама жасады.

– Өмірдің небір кедергілеріне қарамастан, өмір сүруге деген құштарлығымен өмірдің мәнін түсініп, сана-сезімдерінде сабырлық ұялаған мүгедек жандардың дені сау жандарға тәрбиелік, еңбекқорлық жағынан үлгі болып жүргендігін көріп жүрміз. Олар тұрмыстық қызмет көрсету саласында, кәсіпкерлікте, ауылшаруашылық, т.б. жұмыс жасай алады. Бала кезімізде аталарымыз бен әжелеріміздің «Жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр» деп Жаратқанға жалбарынып отырғандарын естуші едік. Сондай-ақ, олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін әр сөздеріне тұздық ететін. Сол уақыттары бұл қылықтарына күле қарап, кәрі адамға әдеміліктің не қажеті бар дейтінбіз. Сөйтсек, қарттар сөзінің жаны бар екен. Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әр түрлі қартаятыны заңдылық. Біреулер шал тартқан шағында үрім-бұтағының ғана емес, күллі жұрттың ықыласына бөленіп, ардақтысына айналса, кейбіреулер бала-шағаның берекесін қашырып жүріп шал-кемпір атанатыны шындық. Қалай дегенде де Аллаһтың берген ғұмырын әркім өз ақыл-парасатымен мәнді етпек. Қоғамның ізгілігі балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықпен бағаланатыны бұлжымас ақиқат. Бұл тұрғыда еліміздегі мүгедектер, қорғаушысы жоқ кембағалдар, жалпы зейнеткерлер Президентіміздің дәстүрлі халыққа Жолдауында назардан тыс қалған емес. Адам баласының бойындағы бұл ізгі ниет-Аллаһ Тағалам бұйыртқан әрбір секундтың еншісінен бөлінбек емес, бөлінбейді де. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлаудан жаңылмаған. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы хақ. Бұған бала тәрбиесіне ерекше ден қойған бабаларымыздың «Атаңнан бота қалмасын бата қалсын», «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген қанатты сөздері дәлел. Әрі бізге бұл тағылымдар тарих беттерінен белгілі. Сондықтан қоғамымызда түрлі діл, дін, тіл өкілдерінің өмір сүруіне қарамастан түсіністіктің, сыйластықтың орнауында Елбасы жүргізіп отырған сындарлы-салиқалы саясатпен бірге аға ұрпақтың да үлесі ерен, – деді баяндамашы.

Отырыста басқарма қызметкерлері данагөй тұлға қарттарымыздың өмірі мен еңбек жолдары өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болса, біздің міндетіміз – үлкен құрмет көрсету, мүгедектер мен қарияларды қолдау.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.