Тұрғындардың қажеттіліктерін қамтамасыз еткен

20151009-07-1Қазан айының 9 жұлдызында күллі әлемнің пошташылары өздерінің кәсіби мерекесін – Дүниежүзілік пошта күнін атап өтеді.

Бүкіләлемдік пошта қызметі жер шарын түгел қамтитын алып желіні құрайды. «Қазпошта» акционерлік қоғамы да Бүкіләлемдік пошта одағының толық құқылы қатысушысы, ұлттық қазақстандық пошта желісінің операторы. Міне, тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ететін дара институттың Сәтбаев қаласындағы бөлімшелері де биылғы өздерінің мерекесіне айтарлықтай табыстармен келді. Біз мереке қарсаңында «Қазпошта» акционерлік қоғамының Сәтбаев қалалық №2 пошта байланысы бөлімшесінде болып, оның жұмысымен етене танысқан едік.

Пошта көпсалалы мекемеге айналды

«Қазпошта» АҚ Сәтбаев қалалық №2 пошта байланысы бөлімшесінің басшысы Нұрбану Түсіпова пошта жұмысына тоқтала келіп, соңғы кезде халыққа қызмет көрсету аясының кеңейе түскенінен хабардар етті.

– Пошта байланысы бұл күнде көп салалы мекемеге айналды. Өйткені, оның бөлімшелерінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемдер, еңбекақы алуға болатыны, коммуналдық төлемдер мен салықтар төлеп, депозит немесе несие ресімдеу, жеделдетілген ақша жөнелту жүзеге асырылатыны белгілі. Ал, хат, жөнелтпе, бандероль, басылымдарға жазылу және филателия жөнінде кім-кім де біледі.

Қызметтердің мұндай кең ауқымы сөз жоқ, тұрғындардың барлығына дерлік қолжетімді. Біздің бөлімше де осы жұмыстарды абыройлы атқарып отыр. Бүгінгі күні біз қала халқының 29432-сіне қызмет көрсетеміз. Яғни, Абай, Ерден, Шаталюк көшелері мен «қазақ ауыл» аталып кеткен жекеменшік сектордағы тұрғындар біздің бөлімшенің клиенттері. Олар үшін біздің пошта байланыс бөлімшесі – ақпарат алудың негізгі тұрақты көзі, жақын-жуықтарымен, достарымен, елмен, тұтас әлеммен байланысу жолы, – дейді Нұрбану Әпенқызы.

Бөлімше басшысының айтуынша, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемдер, коммуналдық төлемдер мен салық төлемдері, депозит немесе несие рәсімдеу, ақша аудару сияқты жұмыстармен де айналысады екен. «Біз бір жағынан банк болып несие береміз, оның төлемдерін де қабылдаймыз», дейді ол. Бұл бағытта 37 жыл еңбек өтілі бар оператор Валентина Солдатова мен жас оператор Гүлдана Әбілдина сапалы қызмет көрсетуде.

Бүгінгі күні бөлімше интернет-дүкен қызметін де қоса атқарып отыр. Яғни, қала тұрғындары өздері қалаған тауарларына интернет арқылы тапсырыс беріп, оны пошта арқылы алады. Бөлімше қызметкерлері оны да уақытылы жеткізіп беріп отыр.

– Теледидардан бір бойжеткеннің «Қазір пошта дегеннің қажеті қанша? Елдің бәрі хат-хабарды ұялы телефон арқылы жібереді. Ол әрі арзан, әрі тиімді» дегенін құлағым шалып қалғаны бар еді. Мен ол қыз баланың сөзімен келіспеймін. Пошта қашан да қажет. Қазірдің өзінде біздің пошта байланысы арқылы қаншама жан хат жазысып, хабар алысып отыр. Тіпті, шет елдерден де қала тұрғындарына «Сәлем хаттар» келіп жатады. Біз оларды үйлеріне жеткізіп, тұрғындардың қуанышын бөлісіп жатамыз. Біз үшін оның өзі үлкен мәртебе, – дейді Нұрбану Түсіпова.

Пошташы қанша шақырым жүреді екен?

Нұрбану Әпенқызының айтуынша, №2 пошта байланысы бөлімшесінде 9 адам жұмыс істейді екен. Оның екеуі оператор, алтауы пошташылар. Біз алыстан келген сәлемдемелер мен хат-хабар, газет-журналдарды қала тұрғындарына жеткізіп беріп жүрген сол пошташылардың да жұмысымен таныстық.

Пошташылар бригадирі Бағила Батееваның осы салада тер төгіп жүргеніне он жылдан асқан екен. Ал, байырғы пошташы Зинаида Фогттың қара сөмкені арқалап хат-хабар мен газет-журналдар таратып келе жатқанына ширек ғасыр уақыт болыпты.

– Пошташы қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық қой. Оған мықтылардың мықтысы ғана шыдас береді. Біздегі қыздардың қай-қайсы болмасын сондай мықты қыздар. Апалы-сіңілілі Айгүл мен Толқын Жасаровалар кейінгі толқын болса, Лариса Тараненко мен Жұмакүл Сеңгірбаеваның толымды тәжірибелері бар.

Мен бригадир болғандықтан ғана 20 үйді аралаймын. Ал, өзге қыздарда ең азы 30-35, көбінде 40 үйден артық. Солардың бәрін аралап, хат-хабар мен газет-журнал тасу оңай емес. Мұның сыртында банктер мен «Қазақтелекомның» хабарламалары, басқа да квитанциялар мен жедел хаттар бар. Олардың бәрін уақытылы апарып отыруың керек. Бұған зейнетақы мен жәрдемақыларды қосыңыз. Сонда пошташыларға апта бойы тыным жоқ десек болады, – дейді бригадир Бағила Батеева.

Халық та бала сияқты, хат-хабарын уақытылы апарсаңыз қуанады, сәл кешіксеңіз ренжиді. Әсіресе, зейнетақы мен жәрдемақыны жеткізіп бергенде олар пошташыларға алғысын жаудырып жатады екен.

Осындай бір ауыз жылы сөз олардың күн ұзақ жүріп, шаршап-шалдыққандарын жуып жіберетінін байқадық біз. Пошташылардың әңгімесін тыңдап отырып, «осы кісілер күніне неше шақырым жүреді екен?» деп ойладым. Оны өздерінен сұрап көрдім де. «Кім біліпті? Жобасын да есептемеппіз» деген пошташылар алдарында жатқан газет-журналдар мен хат-хабарларды сұрыптауға кірісті.

Жәшігі жоқ үйлер, кодталған есіктер…

Қай жұмыста болмасын кедергі келтіретін, қолбайлау болатын жайттар аз емес қой. Мұндайдан пошташылар да кенде емес екен. Олар «Қай үйге барсақ та есіктері жабық, есіктеріне код қойылған. Қай үйге барсақ та пәтердің нөмірін теріп, ашуын сұраймыз. Кейбір үйлерге барғанымызда есіктерін аштыра алмай, кіріп-шыққан адамдарды күтуге тура келеді. Пошта жәшігі болмағандықтан, амалсыз пәтер есігінің тұтқасына, электр қалқандарына немесе сымдарының арасына газеттерді қыстырып кетіп жатамыз. Енді қайтпекпіз?» дейді олар жарыса.

Ал, тұрғын үй-коммуналдық цехтары, пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдар көп қабатты үйлердің бірінші қабатына пошта жәшігін орналастыруды ұйымдастырмай отыр. Бөлімше басшылығы бірнеше рет ұсыныс жасап, хат жазған. Алайда, үй иелері тарапынан қорытынды жоқ, төменгі қабаттарға пошта жәшіктері әзір орнатылатын емес. Олар тіпті «бұл іс біздің құзырымызға кірмейді, әр пәтер иелері пошта жәшігін өз пәтерлерінің есігіне ілсін», деген уәж айтып отырған көрінеді. Сондай-ақ, пошта тасушылар үшін сыртқы есіктің кілттерін жасатып берсе деген тілектері де ескерілмей келеді.

Әрине, бұл мәселелерді тиісті құзырлы орындар ескерер деп ойлаймыз.

Дайындаған Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.