Бүгінгі қазақ әйелі қандай?

20151009-06-1Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен «Қазақ әйелінің қоғамдағы келбеті» республикалық форумына осы мәселе өзек болды. Біз жете түсінбей, мән бермей жүрген кейбір сұрақтарға жауап беріліп, талқыланды. Бүгінгі қазақ әйелінің мәртебесіне баға берілер тұста әңгіме қазақ эпостарындағы Құртқа мен Ақжүніс, ұлыс анасы мен ұлт мәйегі болған Домалақ ене, Қыз ене, Айша-бибі, Абақ ана, Абайдың анасы Ұлжан, ел басына күн туғанда қолына найза-қалқан алып жауға шапқан Бопай секілді аналарымыздың аяулы бейнесінен бастау алды.

Ақ жаулықты аналарымыз бастап, бойжеткендер қостаған, үш буын өкілдеріне қоса қала басшысы Әнуар Омар қатысып, жүргізіп отырған алқалы жиында халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтарын насихаттап жүрген яссауитанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі Дін істері комитетіне қарасты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы «Қыз баланың қадірі», «Дәстүрлік құндылық», «Туыстық қатынастар», «Басшылықта жүрген әйелдер», «Отбасының бұзылу себептері», «Қызметтегі әйелдерге көрсетілетін көмектер», «Жалғызбасты аналар» турасында сөз қозғады.

«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйелдер. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» деп жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, бүгінгі күннің тың, өзгеше үрдісі қазақ әйеліне мүлде бөлекше, жаңа заманауи талаптар мен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Олар тек тұрмыста ғана емес, әлеуметтік салаға, қоғамдық өндіріс пен ғылым, әдебиет, өнер, спортқа да барынша үлесін қосып, еншісін алуда. Нәзік жандылар журналистика мен білім беру саласының да бел ортасында жүр. Мәліметтерге жүгінсек, еліміз бойынша мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі алпыс пайыз болса, жоғары лауазымдағы әйелдер он пайызды құрайды екен. Бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесіне, рухани тәрбиеге барынша көңіл бөлініп жатқандығын айтқан А.Әбдірәсілқызы «Дін және әйел» атты арнайы аймақтық форумдар аясында құрылған «Қыз Жібек» клубтарының жұмысымен таныстырды. Қазақ қыздарының қозғалысына бастамашы болған клубтардың өз жемісін бергендігін, осы атаумен газет пен арнайы порталдың ашылғандығын, сырласу кештері өткізіліп, «Қызым, саған айтамын» жинағының жарық көргендігін қуана жеткізді. Мұндай бастамалардың нәзік жандыларға серпін бергені сөзсіз.

Сәбиге барлық қасиет пен құт, тәрбие мен өнеге анадан, ана сүтінен дариды. Тіл де, діл де ананың берекесі мол рухани әлемі мен аялы алақаны арқылы жүрекке жол тауып, санаға сіңеді. Қазақ әйелінің ажары мен сұлулығын тану үшін ұлттық таным-түсінік деңгейінде ойлау ләзім. Оның ата-енеге құрметі, келіндік ибасы, қайын аға мен қайындары ортасына ат қойып, әдеп сақтауы, қонаққа деген бөлекше ілтипаты мен ас-тағамға деген ұқыптылығы, осының бәрі-бәрі де «Қазақ қызы» дейтін қарапайым аттан тамыр тартып жатыр. Іргелі елдіктің мәйегі мен ұлттық болмыс-бітім Отан ұғымымен парапар дүниелер. «Отаншылдық отбасынан басталады» дейді қазақ. Мыңдаған отбасы қазақ қоғамын құрап, түтін түтетуде. Ал, отбасының береке-құты мен ұйтқысы тағы айналып келіп қазақ әйелінен бастау алмақ, – деген А.Әбдірәсілқызының көкейге қонымды, ұтқыр сөздері көңілден орын алып, көпке ой салды.

«Бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, бар тілегін перзентінің жолына арнаған, ұлттың ұйытқысы болған қазақ әйелдерінің қадіріне жете алып жүрміз бе?» – дегенде А.Әбдірәсілқызы қызметке ерікті және еріксіз түрде араласып жүрген әйелдердің проблемасына тоқталды. Мәдени және экономикалық тұрғыда бәсекеге қабілетті, көшбасшы елдердің қатарына қосылуға таласы бар мемлекет екенімізді ескере отырып, ұлтымыздың басты байлығы қазақ қыздарының тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін баса айтты. Қазақ қыздарын инабаттылық пен ізеттілікке, сыпайылық пен әдептілікке баулып, тәлімді тәрбие берудің жолдарын түсіндірді.

Қазіргі замандағы қазақ қызы мәдениетті, әлеуметтік ортаға бейімді, қоғамдық орында белсенді бола отырып, отбасының амандығы басты басымдық екендігін білуі тиіс. Күйбең тіршіліктің салдарынан аналарымыз балаларына тәрбие беруге дәрменсіз болмаса екен. Не уақыттары жоқ, не құндылығы жоқ отбасының мәдениетіміздің мәйегі болудан қалары сөзсіз. Ошағын сақтаудың орнына оңай ажырасып, бала туудан қашып, үй шаруасынан безу фактілері әйел тәрбиесінің тоқырауға ұшырауының бір көрінісі. Бесік ана қолында, тіл мен діл ана сүтінен дариды, шаңырақ әйел берекесімен биіктейді, ендеше, қазақ әйелін пір тұтпай, қадірлемей, қазақ аруларының сұлулығын танымай тұрып, өзге дүние жайлы ауыз ашу артық болар, – дей келе, А.Әбдірәсілқызы бұның бәрімізге ортақ дерт екендігін, ел боламыз десек бесігімізді түзеу керектігін, халқымыздың болашағы бүгінгі қазақ әйелінің құрсағында екендігін нақтылады.

Аналардың ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке-ырысы ғана емес, ел мен елді елдестіруші, араздықты бітістіруші, дәнекерлеуші екендігі туралы Дін істері комитетінің республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Әзірет Сұлтан мешітінің ұстазы, дінтанушы Ақбөпе Тілегенова баяндады.

Қазақта «Жігіттің жақсы болуы нағашысынан» деген сөз бар. Түп мәніне үңілсек, ата-бабаларымыз аналарының, жұбайларының қадір-қасиетіне, оның шыққан тегіне ерекше мән берген. Мұның өзі қыз баланың ұрпақ өрбітудегі орнының жоғары, жауапты екендігін танытады. Қазақ халқының болмысындағы, дүниетанымындағы бар игі қасиеттерді тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы әйел-ана деп санаған. Халқымыздың татулығын, береке-бірлігін келтіруші ана екендігіне тарих куә. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген халық даналығы осыдан туған. «Қызға қырық үйден тыю» деген дана философиялық қағидаға орай ата-бабаларымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қыз өссе – елдің көркі» дегенге сай болу үшін оны адамгершілікке, парасаттылыққа, еңбек сүйгіштікке, әдемілікке баулыған. «Қыз жат жұрттық» деп айтып, қыздарының тәрбиелігімен, көргенділігімен дараланғанын қалады. Сол үшін де ата салттың мәнін өзгертпей, оны қатаң сақтап, келесі ұрпаққа жеткізіп отырды, – деген А.Қанатқызы нәтижесінде қазақ қыздарының адами қасиеттерді бойына жинап, өзге халықтардан осы арқылы ерекшеленетіндігімізді жеткізді.

Мұнан соң сөз кезегін алған Сәтбаев қаласы әкімдігінің дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Зәмзагүл Қиянова бір жылғы жұмыстарына есеп берді.

Айтуынша, қазіргі кезде қаламыздағы бес жүзге жуық дін жолындағы нәзік жандылардың екі жүзі қоғамнан оқшауланып өмір сүруде. Олармен сөйлесу барысында өздерінің діни наным-сенімдеріне байланысты жұмыс істеуде кедергілерге ұшырағандықтарын білдірген. Осы түсінбестікті ауыздықтау үшін ақпараттық-насихат тобы мүшелері, мешіт имамы ақсақалдармен, кәсіпкерлермен, мәслихат депутаттарымен түрлі тақырыптарда жеті кездесу өткізген. Жастардың діни сауаттылығын арттыру, теріс ағымға түсуінің алдын алу, кедергілерге ұшыраған әйелдердің әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылып, нақты шешімдер қабылданды. «Қауырт желі» арқылы орталыққа тоғыз ата-анадан балаларының теріс жолға түскендігі туралы ақпарат жеткен. Психолог, теологтар жастармен жедел кездесулер өткізіп, жұмыспен қамту мәселелері қарастырылған.

Қазіргі әйелдердің сыртқы сипатына қатты мән беретіндігін, ал, сөйлесу кезінде рухани жұтаң екендігін байқаймыз. Қазақ әйелі өз ерекшеліктерінен айрылып бара жатқандай. Оларда еліктеушілік басым. Сондықтан, бүгінгі қазақ әйелінің келбеті қандай болу керектігін талқылау үшін де білікті мамандарды шақырдық. Алдағы уақытта діни сауатты ашу курстарынан басқа, іскер әйелдер кездесуі, тігіншілер, аспаздар, шаштараздар байқауларын, қыз балалардың киім үлгісі жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Қандай да бір көмек қажет болса орталыққа хабарласуларыңызға болады, – дей келе, З.Ертайқызы орталық жұмысының дамуына белсене атсалысқан бір топ азаматқа алғысын білдірді.

Басқосуда ақ жаулықты аналар атынан сөз алған Рәш қажы Мизамбаева жүрекжарды лебізін білдіріп, игі істің ортасында жүрген көшбасшы жандардың жұмысына сәттіліктер тіледі.

Республикалық форум қазіргі қоғамдағы әйел-ананың орны мен рөлінің айқындалып, беки түскендігін танытқандай болды. Рухани тазалықтың биігінен көрінуге талпынып, ақылдылығымен отбасы мен қоғамның ұйытқысы болып жүрген қазақ әйелдері жоқ емес, бар. Олардың кейінгі буынға әйел-ананың ұлылығын, мәртебесін тануға септесетіндігі сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.