Ел қуатын Елбасымен бірге еселейміз!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп жастарға сенім артады. Сол жастардың патриоттық сезімін одан әрі нығайта түсу – «Нұр Отан» Халықтық  Демократиялық партиясының басты бағытының бірі. Осы мақсатта партия жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты қызу жұмыстар атқаруда.

Өткен бейсенбі күні Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабы, «Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы  Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған «Жастардың патриоттық тәрбиесі» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізді.

Пікір алмасуға «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, жастар мәслихатының депутаттары, білім ошағының ұстаздары мен оқушылар қатысты.

Дөңгелек үстел басында қазіргі жастардың мемлекет саясатына араласуы, тіл мәселесі және патриоттық тәрбие жөнінде сөз болды.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Дулат Төлегенов ашып, жүргізді.

«Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев өз кезегінде:  –   Қазақ елінің сан ғасырлар бойы бастан өткерген алапат жылдарын біз тек тарихтан оқып, білудеміз. Сол тарлан тарихқа деген жастардың ынта-пейілі арта түспесе кеміген жоқ. Жастар саясаттағы өз белсенділігін 3 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысып, дауыс беруі арқылы да көрсетеді деген сенімдеміз, – деді.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының  мүшесі Ақмарал Темірбаева: – Жиырма жылдың ішінде кемелденген елдің дамуында жастардың да үлесінің бары даусыз. Жастар мемлекет саясатына да, патриоттық тәрбиені қалыптастыруда да аз үлес қоспады. Жастарды қолдау одан әрі нығая түссе, бұл игі іс одан әрі жандана түсіп, әр жас патриот болуға тырысады.  Жастардың тілге, салт-дәстүрге, ел тарихын білуге деген құлшыныстары бұрынғы жылдарға қарағанда арта түскенін байқап отырмыз, – деді.

Қозғалған тақырыпқа №1 мектеп-гимназияның мұғалімдері Г.Миркинова, А.Дәрібаева, кітапхананың әдіскері Д.Дүйсекенова, №3 орта мектеп оқушылары Д.Желібаев пен Н.Давыденко үн қосты. Жиын соңында Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының мүшелері жастарды Елбасы Н.Ә.Назарбаевты қолдап, дауыс беруге шақырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.