«Салтанат» сауда үйі жаңаша келбетте

Жұма күнгі жағымды жаңалықтардың бірі қаланың көркіне сән берген, дәулеті мен сәулеті үйлескен «Салтанат» сауда үйінің жаңаша келбетте ашылуы болды. Оған қала әкімі Әнуар Омар бастаған қаланың кәсіпкерлері мен мекеме, ұжым басшылары қатысты.

Салтанатты шараның шымылдығы ақын Жанбол Көпбосыновтың арнауымен ашылды. Одан кейін қала басшысы Әнуар Омар жиналған жұртшылықты жаңарған сауда үйінің ашылуымен құттықтады.

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қала кәсіпкерлерінің қосып отырған үлестері қомақты екенін айтуымыз қажет. Сәні мен салтанаты келіскен әлеуметтік нысандар жыл сайын бой көтеріп, қала халқына қызмет етумен қатар, қаланың сәулетін да жаңғыртып отыр. Соның бірі осы «Салтанат» сауда үйі. Осы жаңғырту арқылы оның қызмет көрсету әлеуеті де артты. Бірнеше жаңа орындар ашылды, – дей келіп, қала басшысы жаңарған сауда үйінің қызметіне сәттілік тіледі.

Салтанатта сөз алған сауда үйінің иесі Алаш Тұрлыбек ғимараттың құрылысына үлес қосқан құрышқолды азаматтарға алғысын білдіріп, жұртшылықты сауда үйіне шақырды.

Алаш Мырқалұлының айтуынша, бұл сауда үйі қала кеше Никольский аталған жылдардан бері бар екен. Сол уақыттан бері мұнда бір рет те күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимаратты жаңғырту жұмысы үстіміздегі жылдың сәуір айында басталыпты. Бір айдың ішінде қосымша ғимараттың іргетасы қаланып, шілде айының соңына таман құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Бұған дейін мұнда 18 сауда орны болса, бүгінде олардың қатары 36-ға жетіп отыр.

Ақжарма тілектер айтылған соң қала әкімі Әнуар Омар мен ғимарат қожасы Алаш Тұрлыбек лента қиып, сауда үйін ресми түрде ашты.

Заманауи үлгіде жабдықталған сауда үйі шынымен де көзге жылылық ұялатады. Бұрынғы сұрғылт түсті сүреңсіз бояудан арылып, ақшаңқан кейіпке енген «Салтанаттың» сәні кіріп қалған. Сауда жасаушылар да, сатып алушылар да дән риза. Қала тұрғыны Балқадиша Сейітжанова апамыз «Салтанат» бұрын сұрғылт еді, енді жайнап кетіпті. Аралап жүруге де қолайлы. Елге қызмет ете берсін дейміз» десе, осы сауда орнында ашылған күннен бері сауда жасап келе жатқан Светлана Гаврич мынадай салтанатты сарай жасап берген сауда үйінің иесіне алғыс сезімін де білдірді.

– 1998 жылы осы «Салтанат» сауда үйі ашылған еді. Содан бері осы жерден орын алып, жұмыс істеп келемін. Әрине, ол кезде сауда үйі жұтаң болатын. Қыста суық, жазда ыстық, жұмысқа қолайсыздау еді. Енді, міне, жаңарған «Салтанат» зәулім сарайға айналған. Бұл товар сататын біздің де, тұтынушылардың да көңіліне үлкен әсер етері сөзсіз. Бұрын еңсені басып тұрса, енді екі жаққа да қолайлы болды, – дейді ағынан жарылып.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.