Аппараттық жиын

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 28 тамыздағы №80 Жарлығы бойынша қаламыздағы көпбалалы ана Әсем Қасқабаева «Алтын алқамен» және Гүлмира Ахметова «Күміс алқамен» марапатталды. Әнуар Серікбайұлы қала активі алдында көпбалалы аналарға алқасын тағып,  сый мен құрмет танытты.

Аппараттық жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселеге орай білім бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова есеп берді. Жалпы, Сәтбаев қаласында 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамту мақсатында 16 балабақша, 14 шағын орталық жұмыс істейді.     Бұл мекемелердегі балалардың тәрбие мен біліммен қамтылу көрсеткіші — 98,7% құрайды. Яғни, мектепке дейінгі жас аралығындағы 4811 баланың 4260-ы балабақшаға, мектепалды даярлық топтарға барып, шағын орталықтарға орналастырылған.

Қала басшысы «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қол жеткізген жетістіктер көңіл көншітетінін айта келе, тәрбиешілер мен ұстаздардың  алдына бірқатар талаптар қойды. Оларды біліктіліктерін жетілдіруге, заманауи тәрбие беруге  шақырып, білім мен тәрбиенің сапасын алдыңғы қатарға қою қажеттігін қатаң ескертті.

Жиында мемлекеттік мекемелердегі көрсетілетін қызмет сапасы да талқыланды. Бұл жайында ақпараттық технологиялар және стандарттар бөлімінің басшысы Жанат Серікбаева баян етті. Бөлім басшысы атап өткендей,  бірқатар мемлекеттік мекемелердегі қызмет көрсету сапасы бойынша орын алып отырған кемшіліктер аз емес. Бірқатар бөлімдердің ақпараттандыру деңгейінің төмендігіне, ақпараттық стендтерінің және ресми сайттарының жоқтығына сын айтылды. Әнуар Серікбайұлы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы талапқа сай болуы тиіс екенін қатаң ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда болатынын айтты.

Жиын соңында қала басшысы өткен аптаның қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстардың барысын пысықтап, күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша өз орынбасарларына, бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Сәтбаев қаласы әкімнің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.