«Халықтың көңілінде сөзім қалса…»

20151009-12-1Кеншілер қаласының мәдени өмірінде тағы бір елеулі оқиға болды. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ақын Ш.Ділдебаев атындағы жас ақындар мектебінің жетекшісі Ғалил Шілдебайұлы Жәнібековтің «Ақсарай» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Ақынның салтанат кешіне қала басшылары, зиялы қауым, өскелең ұрпақ өкілдері, Ғалекеңнің туған-туыстары жиналды. Кешті аймағымызға танымал, талантты ақын, ұстаз Аман Бұқар жүргізіп отырды. Салтанаттың шымылдығын «Дәридай» атанып кеткен айтыскер ақын Мұқаш Сейтқазиновтың ұлы, жас ақын Мұқағали Сейтқазы жыр шашумен ашты. Ғалил ақынның шәкірті Ботагөз Ерубаева ұстазына деген жүрекжарды тілегін әнмен жеткізсе, «Алға, бас!» театры сахналық қойылымды ақынның өлеңдерімен өрнектеді.

Кешке жиналған қауым қошеметтеп, сахна төріне шығарып салған Ғалил ақын жерлестеріне жүрекжарды сөздерін жеткізіп, 2014 жылы өзінің «Ақсарай» жыр-жинағын шығаруға демеуші болған «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Қанат Балмағамбетовке, жинақты өңдеп, шығарылымға жауапты болған өңірімізге белгілі журналист Абдолла Дастановқа, осы күні кітаптың тұсаукесерін өткізуге мұрындық болған Сәтбаев қаласының әкімі, өнер жанашыры Әнуар Омарға, кешті ұйымдастырушылар – қаламыздың ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық мәдени-сауықтыру орталығына алғысын білдірді.

Өз сөзін Ғалил ақынның «Қайтарамын қарызымды» өлеңімен бастаған Әнуар Омар сол қарыздардың бір қайтарымы болған бұл кітап жырсүйер қауымның жүрегінен орын алғанын айта келе, Ғалил Жәнібеков Батырбек Мырзабеков, Ғазиз Ештанаев, Мұса Тлеуовтер сынды аймағымыздағы ақиық ақындар сапында өзіндік орны бар, Мұқағали, Тұманбай, Кәкімбек ақындардың сара жолын жалғастырып келе жатқан ақынымыз екенін айтты. Қала басшысы кеште ақын иығына қазақ дәстүрі бойынша шапан жауып, бағалы сыйлық табыс етті.

Кеш барысында Аман ақын мен Ғалил ақынның арасындағы сұхбаттан көрермендер Ғалекең жайлы біраз мағлұмат алды.

1951 жылдың 1 сәуірінде Ұлытау өңірінің Амангелді ауылында дүниеге келген Ғалил Жәнібеков бала кезінен өлеңге құштар болды. Оның алғашқы өлеңі 10 жасында 1961 жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда, соған арнап жазылған екен. Содан ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүргенде де, әскер қатарында да, кейін кеншілер қаласына қоныс аударып, ауылдағы темір тұлпардың тізгінін темір жонушының станогына ауыстырғанда да қолынан қаламын тастамай, өнер мен өндірісті әлі күнге дейін ұштастырып келеді. Ғалил ақынның поэзиясы жан-жақты. Махаббат лирикасы, патриоттық жырлар, әзіл-сықақ шумақтар мен адамның жан дүниесін тебірентер нәзік жырлар топтастырылған «Ақсарай» жыр жинағы талғампаз оқырманның көңілінен шығады деуге болады. Ал, Ғалекеңнің қаланың мәдени өмірінде, өлең өлкесінде жас ақындарды баулып өсіру жолындағы еңбегінің өзі бір төбе. Ақынның сол еңбегінің жемісі іспетті кеште оның шәкірттері бар өнерлерін, талап-таланттарын көрсетті.

Ақын Мұса Тлеуов кеште Ғалил Жәнібековтің сонау 80-90-шы жылдары айтыс ақыны ретінде бір қырынан көрінгенін айта келе, кешегі жыр жүйріктері салып кеткен айтыскерліктің сара жолын жалғастырушылардың бірі болғанын тілге тиек етті.

– Ал, бүгінгі тұсаукесері болған «Ақсарай» жыр жинағы – Ғалил ақынның жан сарайының жиынтығы, қазынасы, – деді Мұса ақын.

Кеште Амангелді ауылының әкімі Аманбек Сүлейменов, нағашысы Өтеш Ахметов, Ғалекең еңбек ететін электр желілері кәсіпорнының өкілі Сандуғаш Әлкенова ақынға ізгі тілектер айтып, сый-сыяпат көрсетті.

Ақынның жыр кешінің өнерсүйер жастарға берер тәлім-тәрбиесі, өнегесі мол болды. Кеш соңы Ғалекеңнің шәкірті, әнші Дина Садырбекованың орындауындағы ұстазының «Сәтбаев жастарының жыры» әнімен аяқталды.

Мәди Әлжаппаров. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.