500-ші сәби дүниеге келді

Өткен жексенбіде Сәтбаев қаласының перзентханасында сағат 13.37-де 500-ші сәби туылды. Тұңғышын осыдан жеті жыл бұрын дүниеге әкелген Гүлмира Оспанова перзентханаға осымен үшінші рет түсіп отыр. «Жаратқан жар болса, әлі де бала сүюден қашпаймыз», дейді үш балалы ерлі-зайыптылар Ерлан Тайлақов пен Гүлмира Оспанова.

Отасқандарына оншақты жыл болған жас жұбайлардың тұңғышы Елдос биыл жеті жасқа толса, екінші баласы Айзере төртке аяқ басыпты. Енді шағын отбасындағы тепе-теңдікті бұзып, өмірге қыз бала – Аяулым келді. Салмағы 3 келі 420 грамм Аяулымның бойы 52 сантиметр. Денсаулығы өте жақсы екендігін жеткізді Гүлмираны аман-есен босандырып алған дәрігерлер Гүлжан Хасенова мен Амина Стаднюк. Көп балалы болғысы келетін жас отбасы қиындықтарға мойымақ емес. Қазір қала әкімдігінде қызмет ететін отағасы ешкімге алақан жаймай, табысын бала-шағасына жеткізіп келеді. Қуанышын жасыра алмаған жас ана: «Құдай сәбимен қоса оның несібесін де береді. Берген баланы ала береміз. Өйткені, бала өмірдің мәні мен сәні. Одан бас тарту үлкен күнә. Денсаулығым жеткенше бала туудан қашпаймын» деп ағынан жарылды. Аяулым анасымен бірге қазір үйіне, туған-туыстарының арасына оралды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.