Шуақты күндегі шат-шадыман

Жылдағы дәстүрге сай Жезқазған кентінің тұрғындары да биылғы Наурыз мейрамын көтеріңкі көңіл күйде атап өтті. Ғ.Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі кенттің орталығында жыл сайын Наурыз мейрамын өткізіп, тұрғындарға қуаныш сыйлап келеді. Осы игі іс биыл да жалғасын тапты. «Кеншілер» мәдениет үйінің алдында басталған мерекелік бағдарлама ғимараттың ішкі кең залында жалғасты.

Жиналған көпшілікті алғаш болып Ғ.Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресінің бастығы Жанболат Бөрібаев құттықтады: – «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – жаңарудың басы. Қазақстанды мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдері де Әз Наурызды өз мерекелеріндей құрметтеп, атап өтуде. Табалдырығымыздан келіп кірген қоян жылы біздің елдің тарихында жақсы оқиғалармен есте қалайын деп тұр. Өйткені,  биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы 20 жылдық мерейлі мерекеміз де құтты болсын. Ел дәулеті артып, ырысымыз таси берсін»Жезқазған кенті әкімінің орынбасары Ғабит Шахтаев, трест ардагері Балтамұрат Жылқайдаров кент тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

№2 орта мектептің оқушылары, «Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен трест қызметкерлері әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп мерекені қыздыра түсті.

Трестің Кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Набира Бисариева да барша тұрғындарды  мерекелерімен құттықтап, Шахтапроходкалау басқармаларының арасында  қызметкерлерді ынталандыру мақсатында дәстүрлі түрде  өтіп тұратын конкурстың қорытындысын жариялады. Барлық талаптарға сай келген Бақытбек Кариннің бригадасы «Үздік бригада» деп танылып, 50000 мың теңгені қанжығаға байлады. Наурыз мерекесіне арналған қабырға газеттері мен бұрыштар ұйымдастырылған. Осындай игі істерге атсалысып жүрген басқармаларға да құнды сыйлықтар табыс етілді. «Үздік ұлттық киім үлгісі» номинациясы бойынша да бір топ қызметкерлер марапатталды.

Кенттің байырғы тұрғыны,  еңбек ардагері Қаратай Нұрғалиев – «Еліміздің мәртебесі биік, қазынасы мол болып, табыстан табысқа жете берейік», – деп бата берді.

– «Жылда мерекеге жиналған кент тұрғындарына біздің «Мерей» балалар үйі  өздері дайындап әкелген наурызкөже мен бауырсақ таратады. Мұндағы  мақсатымыз – ұлттық тағамымызды кеңінен насихаттау және дәм татыру», – дейді балалар үйінің тігіншісі Бәтима Қосшұғылова. Бұл күні орталықта сауда да қызу жүріп жатты. Мәдениет үйінің фойесіне ұлттық нақышта өрнектелген кереге керіліп, далада киіз үй тігілмесе де, сол киіз үйдің көрінісін беріп тұрды. Ауыл ақсақалдарына төрден орын беріліп, дәстүрге сай табақ тартылды, сый-құрмет көрсетілді.

Жиналған көпшілік Шахтапроходкалау тресі жайған дастарханнан дәм татып, бір-біріне игі тілектерін жолдап жатты.

– «Ұлттық дәстүріміздің бір көрініс тауып, жасап қалатын тұсы – Наурыз мерекесі ғой. Әр ұлт өкілдерінің басын бір дастархан басына жиған осындай мерекемізде Ғ.Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі үнемі кент  тұрғындарына мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, дастархан жаяды. Бізге деген құрметтері үшін трест басшылары мен қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіреміз», – дейді зейнеткер Қалжан Жаңарыстанова.

Міне, осылай Жезқазған кентінің  тұрғындары да шуақты күндегі шат-шадыман тойдың куәсі болды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.