Бар назарымыз маңызды мәселеде

Бүгінгі танда елімізде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес қызу жүргізілуде. Қоғамда әртүрлі топтардың ықпалымен ата дәстүрімізбен астасып кеткен ислам дінінен алшақ кетіп, рухани болмысынан айырылып жатқан жастардың ертеңгі болашағы кім-кімге болмасын ой салары хақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейту бағытындағы жұмыстардан қаламыз да шет қалып отырған жоқ. Әсіресе, радикалдық бағытта жүрген жұмыссыз жастарды бақылау, оларды мүмкіндігінше жұмыспен қамту мәселесі өткір тұр.

Жалпы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 281 жас жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрса, соның екеуі дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіндегі азамат. Дін мәселелерін зерттеу орталығының тарапынан біздің бөлімге дәстүрлі емес бағыттағы екі азаматты жұмысқа орналастыруға берілген өтінішін біз қанағаттандырғанмен, олар мамандықтары бойынша жұмыс орны болмағандықтан, қоғамдық жұмыстарға тартылды. Алайда, енжарлық танытқан азаматтар аталмыш жұмыс орындарына барудан бас тартты. Қазіргі күні бұл азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту қарастырылу үстінде.

Тіркеуде тұрған жастардың көбісі заңгер, қаржыгер, тау-кен мамандықтары бойынша есепте тұрғандықтан, оларды жұмысқа орналастыруда қиындықтар болып тұр. Себебі, жұмыс берушілер жоғарғы білімді дәрігер, мұғалімдер, слесарь-сантехник, электргазбен дәнекерлеуші, «Д» дәрежесіндегі жүргізуші, психологтарды талап етуде.

Радикалдық ағымда жүрген азаматтардың қатарынан әлеуметтік көмек сұрау бойынша өтініш түскен жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында ел көлемінде қолға алынған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» және «Аймақты дамыту» бағдарламаларының шеңберінде қайта оқыту, уақытша жұмысқа орналастыру оның ішінде қоғамдық, әлеуметтік жұмысқа тарту және жастар іс-тәжірибесі сынды жобалар ұйымдастырылды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға ниет білдірушілерге шағын несие берілді. Ағымдағы жылғы қыркүйек айының 24-не дейінгі аралықта 682 өзін өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген жастар тұрақты жұмысқа орналастырылып, 245 жұмыссыз жас қоғамдық жұмыстарға тартылса, 66 жұмыссыз қайта оқуға жіберілді. Бұл жастардың арасында діни көзқарасында ауытқушылық байқалатын жастар жоқтың қасы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталар болсақ, біздің бөлім бүгінгі таңда жастардың жұмыссыздық мәселесіне бар назарын салып, қадағалап отыр.

Бауыржан Апеков, Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.