Кітапханадағы кездесу

Сәтбаев қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ақпараттық-насихат тобының кездесуі болып өтті. Кездесуге Сәтбаев қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Б.Жайлаубаев, экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары М.Бапов, Сәтбаев қаласының ішкі істер бөлімінің жанынан жаңадан құрылған экстремизмге қарсы күрес бөлімінің басшысы А.Хамитов, орталық және балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұжымдары және оқырмандары қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында қөрсетілген мақсаттар мен міндеттер бойынша қаламызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «Сәтбаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекция бөлімі» ММ-нің сектор меңгерушісі Д.Жүнісбеков баяндама жасады. Қатысушылар тарапынан Жезқазған-Қызылорда, Жезқазған-Қарағанды жолдарының жағдайына және жылу беру мерзіміне қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңы бекітілгендігін, Сәтбаев қаласы бойынша жылжымайтын мүлікке рақымшылық жасау бойынша комиссия құрылып, жұмыс істейтіні туралы М.Бапов баяндады.

Сонымен қатар, қазіргі кезде терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған іс-шаралар мен терроризмге қарсы күрес комиссиясының жұмысы жөнінде А.Хамитов мәлімдеді. «Басқа ағымда жүрген азаматтар неге көбейіп кетті, олардың үйлерде топталып жиналғандарын көрсек немесе жат қылықтарын байқасақ кімге, қалай хабарласуға болады» деген сұрақтарға Алмас Адайұлы қанағаттанарлық жауаптар айтты.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.