Балалар қуанған күн

Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімі қандай мереке болсын қарамағындағы мүмкіндігі шектеулі балақандарды назардан тыс қалдырып көрген емес.

Жастайынан тағдыр салған сынаққа төзіп, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтпаған, өнерге, спортқа бейім балаларды қанатының астына алып отырған бөлімнің әлеуметтік қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында «Алтын күз» атты іс-шара өткізді.

Айтулы шарада балалар күздің кереметін сипаттайтын өлеңдер оқып, ән шырқап, би биледі. Әсем безендірілген залдың ішінде жайылған ақ дастарханға қойылған дәмнің, жемістің түр-түрі күздің тоқшылық пен молшылықтың кезі екендігін паш етті.

Ал, сурет салу байқауында балалар күздің әсем көріністерін өздерінің қиялдарымен бейнелеп жатты.

Шара соңында бөлім меңгерушісі Талиға Қапарова сөз алып, әр баланың қоғамда өз орны бар екендігін және оларды жан-жақты дамытуда түрлі жоспарлар қолға алынып жатқандығын тілге тиек ете келе, осы мерекені өткізуге демеушілік жасаған азаматша Майра Жаппасбаеваға балғындардың атынан ризашылығын жеткізді.

Мейірімділік танытып, көпке үлгі көрсеткен Майра Смағұлқызына ата-аналар атынан С.Шоманова, А.Есмағанбетова алғыс айтты.

Демеушінің қаражатына алынған сый-сияпаттар өнер көрсеткен әншіге де, бишіге де, дарынды суретшіге де, сондай-ақ, денсаулығына байланысты іс-шараға қатыса алмағандарға да үлестірілді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, бұл күні балғындар мәз-мейрам болып, бір шаттанды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.