Өзгелерге үлгі болған

20151016-08-2Өндірісте қауіпсіздік техникасын сақтау және оның ережелерін қатаң орындау бірінші орында. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытына қарасты Сәтбаев аймақтық кәсіпорны бұл міндетті орындауда басқалардан озық шығуда. Өзгелерге үлгі болған кәсіпорындағы еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Алмас Айранбаевқа жолығып, әңгімеге тартқанымызда былай деді:

– Қауіпсіздік техникасының бәрінен жоғары тұратындығын түсіндіріп отырмыз. Ұжымда барлығы отбасылы. Ауысымнан кейін үйге аман-есен қайтқың келеді. Қауіпсіздік техникасы ережесі үнемі бұзылса өз өміріңе ғана емес, отбасының да келешегіне нұқсан келтіріледі ғой. Бірдеңе бола қалса отбасын кім асырайды? Міне, осы жайында ойланған дұрыс.

– Кәсіпорынға қауіпсіздік техникасының қандай стандарттары мен жобалары енгізілген?

– Бүгінде жалпы алғанда қырық жеті қауіпсіздік стандартының бізге жиырма жетісі тиесілі. Осы негізгі деген жетеуі бойынша ірі жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорын жұмысшылары корпоративті стандарттарды енгізудегі тәжірибелерімен, қауіпсіздік техникасы, экектр қауіпсіздігі мәселесі төңірегіндегі жетістіктерімен бөлісуге міндетті болғандықтан қауіпсіздіктің «Мінез-құлық аудиті» өткізіледі.Ондағы мақсат – нәтижелі тәжірибелер алмасу. Техникалық, еңбек жағдайын ұйымдастыру. Техникалық аудиттің тағы бір жағымды ерекшелігі – өз ісінің үздіктерін анықтау. Мұнда жұмысшыларды мадақтау бағдарламасы бар. Онда барлық жағдайлар қарастырылған. Арнайы жүйе туралы, корпорация стандарттары, қауіпсіздік ережесі, жұмысшылар жаңалықтары туралы сұрақтардан тұратын сұрақ-жауап беті жасалған. Онда қауіпсіздіктің бес қадамы мен он кардиналды ережесі туралы сұрақтар қамтылған. Сұрақ-жауап әңгімелесу түрінде өткізіледі. Одан кейін арнайы құрылған жұмыс тобы сынақ нәтижесін салыстырады. Көп балл жинағандар арнайы марапатқа ие болады. Сонымен қатар, «Өмір» бағдарламасының да берері мол. Бұдан бөлек «Қауіптілікті бағалау», «Қолайлы жұмыс жағдайын ұйымдастыру» стандарттары да тұрақты қолданыста.

– Апаттың алдын алуда қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– Төрт негізгі цехта жүзге жуық адам еңбек етеді. Барлығына аталмыш жобалардың ережелері ежелеп түсіндірілді. Агрегат, механикалық, ұста-дәнекерлеу, жинақтау цехтарында барынша қолайлы жұмыс жағдайы жасалған. Еңбеккерлердің барлығы арнайы құрылғылармен толықтай қамтамасыз етілген. Олардың қауіпсіздігіне бірінші цех бастықтары мен ауысым шеберлері жауап береді. Біздің міндетіміз – жұмыс барысында қауіпсіздіктің сақталуы жайын түсіндіру, бағыт-бағдар беру, бақылау.

– Жыл басынан бері апатты жағдайлар орын алды ма?

– Біздің кәсіпорын жазатайым оқиғаларды болдырмау жөнінде басқа ұжымдар арасында бірінші орында тұр. Жыл аяғына дейін осы қарқыннан танбаймыз деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.