Жақсы азамат қандай-ды…

20151016-08-3Жезқазған аймағындағы «Қазақмыс мэйтенанс сервисиз» кен-шахталық жабдықтарды жөндеу және сервистік қызмет көрсету департаментіне қарасты «САТ» сервистік орталығының учаске механигі Мейіржан Тоқымбаев алғашқы еңбек жолын Қаражал қаласындағы тау-кен комбинатында электрик болып бастады. Жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін де өндірістен қол үзген жоқ. Басшылық жұмсаған жерден қалмай, күй талғамай, шағымданбай ауыр еңбекке төселді. Техниканың тілін меңгеріп, шашып тастап, қайта құрап алардай кезге жетті. Сол білімі осы кезге дейін өміріне өзек, тірлігіне талғажау болып келеді.

«Еңбектің наны тәтті» деген. Санасы сәулеленіп, сезімі серги бастаған бозбала айналасын байыппен барлап, күндіз-түні тер төгіп, талмай еңбек етті. Соның арқасында құрмет пен қошеметтен кенде болмады. Оның өмір жолы осылайша жалғасып кете берер ме еді?! Жастайынан ауыр жұмысқа төселіп, өз ісінен шабыт алып жүрген жігіттің шырқын тоқсаныншы жылдардың толқыны бұзды. Айтары бар ма, бұл бұрын-соңды болмаған күрделі кезең еді. Бір жағынан ер-азамат болған соң отбасының жауапкершілігі де мойнында. Ойлана келе «өндіріс ошақтары шоғырланған жерге барсам өзегім талмайды» деген шешіммен Сәтбаев қаласына жол тартты. Содан бері биыл он жеті жыл өтіпті.

– Алғаш өндіріске келгенде кешегі болашақ мамандығыма баулыған ұстаздар, аға буын тәлімгерлер шетінен «сен тұр, мен атайындар» еді. Қандай да бір шешуі қиын күрделі технологиялық түйіндер олар қолдарына алды дегенше сүмірейіп шыға келеді. Саусақтарының сиқыры бар ма дерсің. Не керек, көп нәрсені солардан үйрендік. Кәнігі машинистер, темірден түйін түйген токарьлар, сантехник-слесарьлар мен білікті инженерлердің Жезқазған, Сәтбаев қалаларына келуі өндіріспен байланысты екендігін болашақ кәсібіме басыбайлы бетбұрыс жасаған кезде білдім, – дейді ол.

Финдік «Параматик», «Атласкопко» фирмасының «Бумер» бұрғылау станогы секілді қуатты техниканың тілін терең меңгеру жолында ол өз міндетіне ынталы, ықыласты, салқынқандылығымен, оңтайлы, ұтымды шешім қабылдау шеберлігімен ерекшеленді. Жерасты жөндеу пункттерінде бұзылған техниканы дер кезінде жөндеп, табысты тасқындатуға үлес қосып жатқан жайы бар. Жұмыстың тоқтамауына техника себепші болса, техниканың жүруі Мейіржан Аманжолұлы секілді хас шеберлердің қолында. Арнайы шеберханада жастардың біліктігін ұштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жағдайдың алдын алып, қырағылық та таныта жүреді.

Оның да білгенін, көрген-түйгенін үйретіп жүрген шәкірттері жетерлік. Солардың бірі – жас механик Болат Беков. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, тілалғыш, еңбекқор, елгезек жастардың қатарында. Ұжымда Болаттай жастардың қатары мол. Олардың жұмысқа деген ынтасы, ұйымшылдығы, береке-бірлігі ерекше. Осы ретте жастарды ынталандыру, еңбекке баулу бағытындағы учаске бастығының да атқарып жатқан көңіл көншітерлік жұмыстары жайында атап айтты М.Тоқымбаев.

Тоқымбаевтарды «Кеншілер әулеті» деп атауға толық негіз бар. Ардақты әкенің өндірістегі ізін ұлы Дәурен жалғастырса, қос бауыры Ержан мен Сержан корпорацияның түрлі құрылымдық бөлімшелерінде жауапты қызметтің тізгінін ұстап, өндірісті өркендетуге үлес қосуда. Дәурен, Айдана, Ернұр, Ерназар атты ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиеленген отбасында жақында тағы бір қуанышты жағдай орын алып, өмірге бесінші болып Айару есімді сәби келді.

– Әсіресе, зайыбым Ләззаттың қуанышында шек жоқ. Алланың берген балаларын дүниеге әкеліп, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелей бермекпіз, – дейді отағасы жан толқынысын жасыра алмай.

Жасынан ел мен жер, Отан алдындағы парыз секілді қасиетті ұғымдарға мән беріп өскен Мейіржан Аманжолұлы:

– Ұрпағымның туған топырағында аунап, соның суынан нәр алып, тума-туыстарын жыға танитын, ұлттық тәрбиемен нәрленіп, санасына сіңіріп, көпшіл болып өскенін қалаймын. Әйтпесе, жатбауыр болып кетуі мүмкін ғой. Перзенттерімнің қазақ мектебінде дәріс алғанын да ұлтымыз үшін маңызды деп білемін. Сол себепті кейінірек Ләззат екеуіміз немерелерді қолымызға алып, осы бағытта тәрбиелемекпіз, – дейді.

Осылайша, өндірістің тынымсыз тірлігіне төселген, электриктен бастап, слесарь, механик секілді сатылардан сабақ алған М.Тоқымбаев табысқа жетудің кілтін тапқан кенші. Ол кісі талғамай, қиналғанға көмек қолын созуға дайын тұратын, өскелең ұрпаққа ақылшы тәлімгер ретінде қажымай еңбек сіңіріп келе жатқан ардақты азамат.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.