«Қала қыстан қысылмайды,» — дейді қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаев

20151016-03-1«Тұрғындар жауапкершілікпен қараса»

Биылғы жылдың жылу беру маусымы мерзімінен бір апта бұрын басталды. Алайда, «Жылу неге тұрақты берілмей тұр?», «Біздің аймақта неге әлі жылу жоқ?» деген сұрақтарын көлденең тартып жатқан тұрғындар аз емес. Елді толғандырған осы сауалдарға жауап іздеп біз қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Қыс бейқамдықты қаламайды, қылышын сүйретіп қыр астынан шыға келсе, қайсыбір қамсыздарды қапы қалдырары анық. Сондықтан, біз қатал сынға ерте көктемнен, яғни, жылу беру маусымы тоқтасымен кірісеміз. Барлық жылу беру қазандықтары күрделі және ағымдағы жөндеуге қойылады. Ол өз алдына әңгіме. Мен қазір қала тұрғындарына, оның ішінде «қазақ ауылы» аталатын жеке сектордың тұрғындарына сөз арнағым келіп тұр.

Жылу беруге қатысты мекемелер көктемнен бастап күзге дейін жылу құбырларын жөндеп, ақаулы жерлерін қалыпқа келтіреді. Сосын барлық жылу желілерін ауамен, сумен шайып, тазалайды. Бұл жұмыс, әсіресе, жылу беру маусымы алдында тағы бір мәрте жүргізіледі. Оның екі пайдасы бар. Біріншіден, ауамен, сумен жуып-шайған кезде құбырдың не жылу радиаторының ақаулы жері байқалып, суық түскенше ол жөнделеді. Екіншіден, жыл бойы жиналған кір-қоқыс пен темір татының қалдықтары шайылып, құбыр да, радиатор да тазарады. Өкінішке орай, жеке сектор тұрғындары бұл іс кезінде құбырлардың вентильдерін жауып алу себебінен лай су мен қалдықтардың бәрі жылу қазандығына келіп құйылып, жазда тазартылып, жаңа іске қосқан пешті тоқтатуға мәжбүр болады. Осыдан барып «жылу неге берілмейді, неге қайта-қайта тоқтата береді?» деп кінә артады. Қазір де қалада жылу осылай үзіліспен беріліп жатыр. Оған әлгіндей жағдайлар себеп болуда. Мамандар пешті тоқтатып, қайыра тазалауға мәжбүр, – дейді Серік Төкенұлы біздің сауалымызға.

Әкім орынбасары мұндай келеңсіздіктен шығу үшін қаладағы барлық үйлер кондоминиумға кіруі керек деген ойын да ашып айтты. Оның сөзіне қарағанда, қалада жүзден астам үйлер ешкімнің иелігінде жоқ екен. Пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй-коммуналдық цехтарына қарасты үйлерде мұндай оралымсыздықтар жоқ. Оларда құбырлар уақытылы жуылып, тазартылып, іске қосылады.

– Ешқандай кондоминиумға кірмесе де тұрғындар жауапкершілік танытып, хабарландырулар жасалғаннан кейін үйлерінің құбырларын ашып, шайып, жуып алса болар еді, – дейді Серік Оразбаев.

 

«Қазандар жөнделген, отын қоры жеткілікті»

Халықтың қыстан қысылмай шығуы жылу қазандықтарының тоқтаусыз жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Бұл жұмыстар да қалада ерте көктемнен қолға алынған. Бүгінгі күні қалаға жылу беріп тұрған екі қазандықтағы жеті қазан жіті жөнделіп, іске қосылған.

– Әрине, қазандарды іске қосудың өзіндік тәртібі мен талабы бар. Біз де сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, №1 жылу беру қазандығында 4 пеш бар. Оның біреуіне биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Осы төрт пештің үшеуі тұрақты жұмыс істейді де, бір пеш резервте тұрады. Ол әлде бір апатты жағдай болғанда немесе күн райы күрт суытып, қолданыстағы пештердің қуаты жетпей жатқанда ғана іске қосылады.

Жалпы, қаламыз қанатын кеңге жайып, жаңа ғимараттар мен баспаналар салынып жатыр. Сондықтан қалада жылу энергиясының жетіспеуі қиындық тудырары сөзсіз. Мұның да жолын тауып, істі шешіп отырмыз. Қазір оңтүстік-батыс қазандықтың бір желісі қалаға жылу беруге қосылған. Жалпы бұл қазандықта үш пеш жұмыс істейді. Бұларға да ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні үш пештің екеуі тұрақты жұмыс істеп тұр. Біреуі резервке қойылған, – дейді Серік Төкенұлы бізбен әңгімесінде.

Жұртты алаңдататын тағы бір мәселе – қазандықтардың жеткілікті отынмен қамтамасыз етілуі. Әкім орынбасары бұл жағынан да алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін алға тартты. Оның айтуынша, бүгінгі күні екі жылу станциясында 208,270 мың тонна көмір және 1,776 тонна мазут қоры жасақталған. Яғни, көмір төрт айға, мазут үш айға еркін жетеді.

– Бізде отын сақтайтын арнайы орынның болмауынан отын қоры осылай ай-айға бөлініп тасылады. Сондықтан, жылу беру маусымына қажетті отын қоры жеткілікті болады, – дейді орынбасар.

 

«Құбырлар мен желілер ауыстырылды»

Қыс айларында жылу мен судан және электр жарығынан да үзіліс болмас үшін қалада әзірлік жұмыстары ойдағыдай жүргізіліпті. Жаз бойы 17,980 шақырым жылу желілері, 7,430 шақырым су желілері және 55,081 шақырым электр желілері алмастырылған.

– Биыл бұрын-соңды болып көрмеген ауқымды деңгейде құбырларды ауыстыру жұмысы қолға алынды, өйткені, олардың көбісі тозған, уақыты өткендіктен кез келген уақытта жарылып кету қаупі бар. Сондықтан, біз оның алдын алып, белгіленген жоспар бойынша іске кірісіп кеттік. Нәтижесінде жоспар асыра орындалды. 6,22 шақырым магистральдық, 11,760 шақырым орамдық жылу желілері, 1,480 шақырым магистральдық, 5,950 шақырым суық су желілері, 54,841 шақырым әуе желілері және 0,240 шақырым кабельдік желілер ауыстырылды. Мұның сыртында 0,750 шақырым кәріз желілерін де жаңғырттық. Мұның бәрі халықтың қиындықсыз тұрмыс кешуі үшін жасалып жатқан жұмыстар, – деді қала әкімінің орынбасары.

Қалада, сондай-ақ, әртүрлі кернеудегі электр трансформаторлары да жөнделіп, қондырғылары алмастырылған. Мұның өзі қыста электр энергиясының үзіліссіз берілуінің кепілі.

Сөз қорытындысында Серік Оразбаев қаланың жылу беру маусымына сақадай сай келгендігін, қыстан қысылыс болмайтындығын сенімді түрде мәлімдеді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.