Кеніштегі құтқарушылар

20151016-04-1«Қазақмыс» корпорациясының тапсырысын орындаумен айналысатын Жезқазған әскерилендірілген тау-кен құтқару жасағының газ талдағыш взводы үш бөлімшеден тұрады. Кезінде уақыт талабы мен асқан қажеттіліктен кейін барып дүниеге келген жасақ бүгінде кеніштердегі апаттың алдын алудың жаңа әдісін қолданған жоғарғы технологияға ие ұжымға айналған. Бүгінде өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Зардап шеккен адамдарды құтқару және іздеу, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде ержүректілік пен батырлық танытқан құтқарушылар мен ұжымның тыныс-тіршілігі туралы газ талдағыш взвод командирі Әділомар Карбозовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Сайдың тасындай іріктелген, өжет жігіттерден құралған ұжымда жиырмадан аса қызметкер еңбек көрігін қыздыруда. Жаңадан келгендер біліктілік көтеру курстарына жіберіліп, қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша білімін жетілдіреді. Жас мамандардың жанына арнайы жетекшілер бекітілген. Сондықтан, кеңестік оқу орындарында техникалық білім алғандардың тәжірибесіне сүйенуге тура келеді. Мәселен, бөлімше командирлері Талғат Бекетов, Еділжан Босқұмбаев, Марғұлан Рыскелдин жауапкершілік жүгінің ауырлығын түсінетін, өз ісін жетік меңгерген мамандар. Олардың көмегімен біз жастарды үйрете аламыз. Болашақта заманауи техниканы меңгерген кадрлар қалыптасады деген ойдамын.

– Взводтың негізгі жұмыс бағытымен таныстыра кетсеңіз. Қандай міндеттер жүктелген?

– Негізгі міндетіміз – кеніштердегі апаттың алдын алу. Газ деңгейін тексеріп, сынамасын зертханада анықтап, шектеулі рұқсаттық шамадан асып кеткен жағдайда тау-кен инспекциясына тапсырады. Жұмысқа тиянақты, жауапкершілікпен қарап, апатты жағдайды анықтап, дер кезінде ауыздықтау арқылы өндірістегі қалыпты жұмыс ырғағының бұзылмауына септеседі. Бұрғылау-жарылғыш жұмыстарына екі респираторшы қатысады. Оның сыртында жерасты дизельді техникаларынан бөлінетін газ құрамының шектеулі шамадан асып кетпеуін қадағалаймыз. Сонымен қатар, бұрғылау, тиеу, тасу жұмыстарында көтерілетін шаң 2-мгнан артпауы керек. Күнделікті атқаратын жұмысымыз осы. Апатты жағдайды анықтап, дер кезінде ауыздықтау арқылы өндірістегі қалыпты жұмыс ырғағының бұзылмауына септесеміз. Осылайша, өндірістік көрсеткіштерді арттырып қана қоймай, еңбек жағдайының жақсаруына ықпал етудеміз.

– Қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау талаптарының сақталу барысына тоқталсаңыз.

– Кадрлардың техникалық біліміне үлкен мән беріледі. Өйткені, қауіпсіздік техникасы шараларын сақтап, қызметті жетік меңгеру үшін теорияның берері көп. Бізге келгенге дейін өндірісте жұмыс істеген, тәжірибесі бар мамандар сұранысқа ие. Белсенділігіне, қоғамдық шараларға деген ынтасына баса мән беріледі. Компьютерлік білімі болса тіптен жақсы. Біз сөткелеп жұмыс жасаймыз. Кезекшілер күндіз-түні телефон құлағында отырады. Әр қызметкердің жұмыс орнындағы қауіпсіздікке деген көзқарасын кеңейтіп, түсінігін өзгерту мақсатында семинар-тренигтер, кездесулер, дөңгелек үстелдер, арнайы жүйе туралы корпорация стандарттары, қауіпсіздік ережесі турасында сабақтар өткізіледі. Олар арнайы электротехникалық жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұрғылау, жарылыс жұмыстарынан кейін сынама алуға арналған «Респиратор Р-34» құрылғысы, шаң құрамын алуға «АЭРА» шаң сору құрылғысы, үрленетін камера, шөлмектер мен индикаторлы түтікше секілді құралдар пайдаланылады. Әрине, жұмыс болған соң жетіспеушіліктер де жоқ емес.

– Ұжымда қандай қағидалар қалыптасқан?

– Бізде бір-біріне деген сенім, қолдау білдіру, жетекшілерге бағыну, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсету деген қарапайым адами қағидалар қалыптасқан. Жаңадан келгендерге де осыны сіңіруге тырысудамыз. Жұмысшылармен ұдайы кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырғанбыз. Жетекші мамандар жұмысшылармен ортақ тіл табысуға тырысады. Жағымды жұмыс жағдайын қалыптастыру – басты міндет. Сонымен қатар, спортқа баса назар аударамыз. Жақында командамыз бөлімшелер арасында футболдан өткен кездесуде үшінші орынды иеленді. Өз мамандығы бойынша «Үздік респираторшы», «Техникалық дайындық тактикасы», «Үздік бөлімше» байқауларына қатысып, жеңімпаз атанғандар жетерлік. Олардың қатарында командирдің орынбасары Асхат Сейдахметов, Владимир Панфилов, Михаил Мерзликин, Асылхан Қазыбаев, Владимир Мяторов, Мәди Серкебаев, Өмірхан Смайылов, Сапар Төлеуішов, Толқын Тұрлықожаев, Жанболат Құрсабаев, Төлеген Лабаков, Айдар Жанғабылов, Ерлан Ахметов бар.

– Алдағы жоспарлар туралы айта кетсеңіз.

– Ай сайын кеніштердегі шаң-тозаңнан сақтау қызметімен бірлесе отырып, жоспар құрамыз. Сол келісім арқылы атқаратын жұмыс барысы нақтыланады және үздіксіз жүргізіледі. Қазір жасақ жауынгерлері кәсібиліктері мен жауапкершіліктерін алға арта отырып, өнімді еңбек етуде. Бүгінгі технологиялық жетістіктер жаңа мақсаттарға жетелеп, болашаққа міндеттер жүктеуде. Біздегі басты принцип – ұжымдық мәселелер бірінші орында қала бермек. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Қиын сәттерде тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда!» деген сөзі біздің жасақ жауынгерлері үшін басты ұран. Алдағы уақытта да шахталардағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысып, адам өмірін сақтап қалу жолындағы жұмысымызды жандандыра бермекпіз. Төл мерекелерімізбен әріптестерімді құттықтай отырып, қырағылықпен өндірімді еңбек етуге шақырамын.

Әңгімеңізге көп рахмет.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.