Жас қаламгерлер байқауы

20151016-12-1Өткен аптаның соңын ала қаламыздағы №16 мектептің мәжіліс залында Сәтбаев қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жас жазушылар мен ақындардың Ақселеу Сейдімбеков атындағы байқауы болып өтті. Жастардың қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттыру, А.Сейдімбековтің шығармашылығын кеңінен насихаттау, жастардың тіл байлығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауға қаламыздан 15 жас қаламгер қатысты.

Қай қаламгер болмасын, ол ең алдымен өз дәуірінің, өз ортасының перзенті. Ол жазған шығарма арқауы да сол замана шындығы болып табылады. Халқының мәдени, рухани өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, суреттейді. Ақселеу Сейдімбековтің шығармаларындағы уақыт шындығы да, сол шындыққа берілген пайым-парасаты да бүгінгі ұрпақ үшін таптырмас құнды дүние. Міне, осы құндылықтарды жас қаламгерлердің санасына сіңіре отырып, олардың да өз сүрлеулерін салуларына ықпал етуді мақсат тұтқан байқау қаламызда да өтті.

Байқау негізінен үш бөлімнен тұрды. «Алаштың арда ұлы» атты бірінші бөлімде жас ақындар өз өлеңдерін ұсынса, «Қазақтану ілімінің қара нары» бөлімінде жас жазушылар төл шығармаларын ұсынды. Ал, «Ақселеу мұрасы» атты үшінші бөлімде көсемсөз шеберлерінің шығармалары сарапталды. Орайы келгенде айта кетейік, аталған үш бөлім бойынша шығармалар бүркеншек атпен жабық бәйгеде сарапшылардың талдауынан өтті. Оған білім бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғапова, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, ақын Мәуия Бекмағамбетова, №5 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Іргебай Әбдікәрімов төрелік етті. Сарапшылар байқауға түскен 16 шығарманы жанрлары бойынша саралап, үздіктерін іріктеп алды. Байқау күні осы топ жарған шығармалар жұртшылық назарына ұсынылды. Ал, ең үздіктері облыстық байқауға жіберілетін болып шешілді.

Қорыта келгенде, жас ақындар арасында №15 орта мектептің мұғалімі Қалдыгүл Бұқар І орынды, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің мұғалімі Бақыткүл Ғабдулла ІІ орынды, №15 орта мектептің мұғалімі Қалдыгүл Есмағамбетова ІІІ орынды жеңіп алды.

Ал, жас жазушылар арасында Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі Гүлнар Сембетованың (І орын) «Қыз тағдыры», «Нала» әңгімелері, №16 орта мектептің мұғалімі Замзагүл Хасенованың (ІІ орын) «Сағыныш сезімі» әңгімесі және №19 орта мектептің мұғалімі Амангелді Құрақбайдың (ІІІ орын) «Анжелика» әңгімесі үздік деп танылды.

«Көсемсөз» кезеңінде Ахмет Байтұрсынов «Көсемсөз – шешенсөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылған сөз. Оның шешенсөзден айырмашылығы, шешенсөз ауызша айтылады, көсемсөз жазбаша жеткізіледі», деп анықтама берген екен. Сайып келгенде көсемсөз қоғамдағы күрделі мәселелерді мемлекеттік, ұлттық, бұқаралық мүдде тұрғысынан қозғау, әрі оларды шешу жолдарын түсіндіру және сол іске жұмылдыру үшін әлеуметтік баспасөз арқылы жарияланған ықпалды сөз. Сол көсемсөз шеберлерінің байқауында осы үрдістен көрінген «СТА» телеарнасының тілшісі Жансая Оразбекова І орынды жеңіп алса, С.Сейфуллин атындағы мектептің мұғалімі Айсұлу Шакинаның еңбегі ІІ орынмен бағаланды. Ал, «Денсаулық» медициналық колледжінің студенті Шекер Керімбердиеваның еңбегі ІІІ орынға лайық болды.

Байқау соңында ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мәдинат Игенберлина жеңімпаздарды арнайы дипломмен, сертификатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Байқауда қалалық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй төгіп, кеш сәнін келтіре түсті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.