Атүстілікке жол беруге болмайды

20151023-06-1Қалалықтардың қыста қысыл­мауы­ның негізі көп жағдайда жаздағы атқарыл­ған шаруа­ларға тікелей қатысты. Бұл бағытта «Қазақмыс» корпорациясының энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындары тынымсыз істер атқарды. Әсіресе, қаланы жылумен, сумен қамтамасыз ететін «ЭнергоЖелілері» кәсіпорны жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысты. Өйткені, олар жаздың бір күнінің қыстың бір айына азық екенін жақсы түсінеді…

– Қазіргі кезде біздің кәсіпорын ыстық су тарататын 443 шақырым, суық су тарататын 511 шақырым магистралды және орамдық желілерді, 2 қазандық, 18 жылу беру сорғы стансасы бекеттерін пайдалана отырып, қаланы жы­­лумен және сумен қамтамасыз етуде. Кә­сіпорында қалыптасқан жұмыс дағ­­дысы – міндетті ойдағыдай орындаудың негізгі алғы­шарты болып табылады. Желілік аудандардың қалыпты жұмыс істеуін қам­­тамасыз ету үшін кәсіпорында арнайы күтіп-қарау және жөндеу, еңбек қорғау және қау­іп­сіздік техникасы бөлімшелері құрылған. Жылу және су тарату жұмыстарын жедел басқару үшін тәу­лік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.

Жыл сайын біз 30 шақырымға дейін жылу және су желілерін ауыстыруды жоспарлап отырамыз. Сол жоспарға сәйкес биыл 26,160 шақырым жылу және су құбырлары алмастырылды. Бүгінгі күні 1,5 шақырым су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан басқа «Жылу энергиясы кәсіпорны» бойынша екі жылу қазандығының пештеріне заманауи технологияға сәйкес жаңғыртулар жүргізілді. Сөйтіп, олардың жылу беру қуаты арттырылды. Біз сол өндірілген жылуды тұтынушыларға ысырапсыз жеткізуге күш салатын боламыз.

Қала халқының жылудан ғана емес, ауыз судан да тарықпауы үшін бүгіннен негіз қаладық. Жаз бойы қаладағы 6 су жинағыш резервуарлар жуылып, тазартылды. Бұлар кез-келген апатты жағдайда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті нысандар. Оны да талапқа сай тазалап, тұтынушылар құқын қорғау басқармасының тексерісінен өткіздік. Жалпы, біздің мекеме қысқа әзірлік жұмыстарын мерзімінде аяқтап, арнайы паспортты да алғашқылардың бірі болып алды.

Сөзімнің басында айтып өткенімдей, біз жылу мен суды тұтынушы­ла­ры­мызға кідіріссіз жеткізіп тұрмыз. Көп жағ­дайда үйле­рінде жылу мен су болмаса бізді жаз­ғыра бастайды. Ал, мұнда кондоминуимдар мен пәтер иелері кооперативтерінің, тұрғын үй-коммуналдық цехтарының са­лақ­тығы ескеріле бермейді. Мұны ақталу үшін айтып отырғаным жоқ, шындығы да солай.

– Жылу беру маусымына тиянақты әзір­лен­гендеріңіз байқалады. Осы атқа­рыл­ған жұмыстардың сапасы қандай, ал­ты ай қыс бойы үздіксіз жылу беруге кепілдік бере ме?

– Біздің жұмыста атүстілікке жол беруге бол­­майды. Бұл кейін үлкен апаттарға соқты­ра­ды, ба­сы артық шығынға батырады. Ең басты­сы, тұр­ғын­дардың біздің қызме­тімізге деген сеніміне сел­кеу түсіреді.

Мұндай жағдай болмас үшін біз жыл сайын көктемде және күзде ты­ғыз­дық пен беріктікке жылу желілерін гидравлик­а­лық сынақ­тан өткізіп отырамыз. Гид­равликалық сынақ нәтижесінде магистральды және ішкі орамдық жылу желіле­рі­нің әлсіз жерлері анықталып, олар уақытылы қалпына келтірілді. Рас, құбырлардың ескіруінен жылу берілгеннен кейін де ақаулар байқалып, жылу тоқтатылып, жөнделеді. Мұнымызды тұрғындар дұрыс түсінбей, шу көтеріп, телефон соғып жатады.

Қала әкімінің шешімі бойынша шаһарды жылыту маусымы 10 қазаннан басталды. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған және резервтегі бар­лық жабдық қандай да жүктеме көтеруге әзір. Жылудан ысырап та болмайды. Ол үшін жылу құбырларының сырты арнайы материалмен қапталды. Бұл жұмыс биыл да ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл бізде 7,6 шақырым құбырдың сырты оралу қажет болса, қазір оның 60 проценті орындалды. Бұл жұмыспен арнайы тәжірибесі бар «ПромЭнергоИзоляция» ЖШС айналысуда.

Сондай-ақ, жылу және су желілері де іргелі мердігер компаниялардың көмегімен ауыстырылды. Мәселен, «ГрандХид» компаниясы қаламыздың батыс ауданында 6 шақырым жылу құбырын ауыстырды. Жұмыстары сапалы. Ал, біздің жұмыскерлеріміз бұл істің майын ішкен жігіттер. Олардың жұмысында қателік деген болмайды.

– Қазақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой. Кездейсоқ болатын оқиғалардың алдын алу үшін қандай сақтандыру шара­лары алынды?

– Бұл жұмыстар да алдын-ала ойластырылды. Қазір бізде төтенше жағдайларды жою үшін жұмысшы құра­мынан тұ­ратын арнайы апаттық-техникалық команда құрыл­ды. Апаттық-техни­ка­лық команда мате­риал­дық-техникалық құралдар­мен жабдықтау нор­маларына сай толықтай жа­рақ­тандырыл­ды. 3 экскаватор, 2 ЛК, 2 К-700 тракторлары арнайы қысқа сай жабдықталды. Мұның сыртында жылумен, сумен жабдықтау желілерінде апатты жағ­дайларда пайдаланылатын құбырлар мен арма­ту­раның қажетті қоры жасалды. Задвижкалар мен вентильдер де, сорғылардың қосалқы бөлшектері де әзірленді.

– Соңғы кездері ел арасында «кәсіпорын қаланың коммуналдық саласына кіреді екен, «Қазақмыстың» қанатының астында әупіріммен жүрген мекеме мұнда келген соң мүлдем тұралап қалмай ма?» деген алаңдаушылық та бар. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Әрине, бір меншіктен екінші бір меншікке өту кімге де болса оңай соқпайтыны анық. Бірақ, тұралап қаламыз дей алмаймын. Десек те, үлкен қаржылық қолдаудың қажет екені анық. Мұны қала басшысы да облыс әкімінің, біздің басшыларымыздың алдында көтеріп жүр. Және ол кәсіпорынды бастапқы қалпына болмаса да алғашқы үш жылда іркіліссіз жұмыс істей алатындай жағдайға келтіріп өткізуді де талап етіп отыр. Біз үшін қала әкімінің бұл талабы орынды. Өйтпеген жағдайда, халық айтқандай, жағдайымыздың қиын болатыны да жасырын емес.

Міне, осы мақсатта қала басшысы бөлінетін қаржыны үш жылға дейін біздің кәсіпорынның есеп шотына аударуды көздеуде. Ондағы ойы, сол түскен қаржы арқылы біз өзіміздің материалдық-техникалық базамызды нығайта аламыз. Кәсіпорынның қаланың меншігіне көшуінің кешеуілдеп отыруының өзі осы мәселелердің оңтайлы шешілуіне орай болып отыр.

Келер жылдан бастап біз «ЭнергоЖелілері» емес, бұрынғы атауымызбен, яғни, Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны болып қаланың коммуналдық меншігіне кіретін боламыз. Жұмыс күшінде де, жұмысшылардың жалақысында да қысқарту болмайды. Тек жылу мен судың тарифы өсетін болады. Онсыз болмайды. Әлгінде айттым ғой, біздің жұмыс кідіріссіз жүруі үшін қомақты қаржы керек деп.

– Қаржы дегеннен шығады, тұтынушылардың қанша қарызы бар? Олар қалай өндірілуде? Қандай шаралар қолданып жатырсыздар?

– Біздің қалада барлығы 709 көпқабатты тұрғын үй, 35 білім беру, 13 денсаулық сақтау мекемелері, 7 мәдениет, 2 спорт нысандары, басқа да көптеген әлеуметтік нысандар мен сауда орындары, жекеменшік кәсіпорындар бар. Біз солардың бәріне жылу және су жеткізіп беруге міндеттіміз. Бұл міндетімізді мүлтіксіз орындап та отырмыз. Десек те, біздің өндірген өнімімізді тегін пайдаланғысы келетіндер, тауарымызды ұрлағысы келетіндер аз емес. Біз олармен сот арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Айталық, бүгінгі күні біздің кәсіпорынға тұтынушылардың 27 млн. теңгеден астам қарызы бар. Оның 20-30 млн теңгесі мүлдем қайтарылмайтын қарыздар. Біз оларды «өлі» қарыз деп атадық.

Қазір «тірі» қарыздарды қайтарудың шаралары жасалып жатыр. Көп іс сотқа берілді. Сот «өндірілсін» деген үкім де шығарды. Бірақ, тұтынушыларымыз әзірге асығар емес. Сондықтан, біз қарызы көп тұрғындарды жылудан ажыратуды қолға алдық. Келешекте солтүстік өңірлерде қолданылып жатқан «кәріз желісін жауып тастау» әдісін қолға аламыз деп отырмыз. Мұның тиімділігі көп екен. Кәріз желісі жабылған тұрғын не ыстық суды, не жылы суды, не әжетхананы пайдалана алмайды. Қанша күн «қалдықтарын» далаға тасып жүрсін. Әрине, біз мұндай шараларға амалымыз таусылған соң барғалы отырмыз.

Ал, жалпы айтқанда, біздің кәсіпорын қысқа қапысыз қамдықпен келіп отыр. Қатал сыннан сүрінбей өтуге күш салатын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.