Қамқорлық және адалдық

20151023-03-2Әлеуметтік сала – рухани адам­гершілік және адами асыл қасиеттерді бойына сіңірген ме­йір­бан жандардың, үлкен жүректі азаматтар мен азамат­шалардың ма­мандығы деп есептеуімізге то­лық негіз бар. Себебі, өзгелерге қамқорлық жасау, тағдыр тау­қы­ме­тін тартып, сан қиындықты қара нардай көтеріп жүрген қам­көңіл жандардың әркез қасынан табылудың өзі ұлағат­ты­лық пен адамгершіліктің биік шыңы. Міне, сондай тау тұлғалы жандар біздің қаламыздағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да аз емес. Солардың бірі – жалғызілікті қарттар мен мүгедек жандарға үйде қызмет көрсету бөлімінің әлеуметтік қызметкерлері – Жанат Қарымбаева мен Бота Тоқбергенова.

Аталған қызметшілердің қай-қайсысы болмасын өз істеріне адал жандар. Олардың бәрі осы салада жиырма жылдан артық еңбек етіп келеді. Мәселен, Жанат 1993 жылы әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа кіріссе, Ботаның бұл іспен айналысып келе жатқанына 15 жыл болыпты. Екеуінің мамандықтары да финанс саласы. Бірақ, кешегі оңтайландыру жылдарындағы жұмыссыздық пен айлықтың шайлыққа жарамауынан олардың бірі жұмысын, енді бірі оқуын тастауға мәжбүр болған.

–Мен өзімнің әлеуметтік қызметкер болғаныма өкінбеймін. Рас, алғашқы жылдары қиын болды. Кейін үйреніп кеттік. Қарамағымда 9 адам бар. Олардың маған бауыр басып кеткені соншалық, сәл кешіксем елегізіп, іздеп отырады. Мен де оларға қызындай, келініндей қызмет көрсетуге тырысамын. Тамағын істеп, кір-қоңын жуып, үйін тазалап, коммуналдық төлемдерін уақытылы төлеп беремін, – дейді Жанат Қарымбаева (суретте).

Бота Тоқбергенова да өзінің күтіміндегі жандардың күтіп отыратын қызметшісіне айналғанын айтады. Бағымындағы 9 адамның біреуі І топтағы, екеуі ІІ топтағы мүгедек екен. Соған қарамастан Бота олардың көңілінен шығатындай қызмет көрсетуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға өмірдің керемет екендігін ұғындырып, оларға қолдарынан келгенше жылулық сыйлап, өмірдің керемет құбылыстардан тұратынын санасына сіңіре де біледі ол. Өмірден құлазып қалмас үшін де олармен көптеген жұмыстар істейді.

Әлеуметтік сала қызметкерлері үлкендердің батасын алып жүргені хақ. Жалғыздықтың жарасы жандарына бататын қарт аналар мен аталарымызға алтындай уақытын бөліп, үйлерін, киімдерін тазалап, тамақтарын істеуден жалықпайтын әлеуметтік сала қызметкерлері ақ батаның астында қалып жататыны да анық. Ал, өмірде үлкендер берген батадан асқан жылы сөз жоқ. Жалғыз адам сырлас іздейтіні рас. Осындай сәтте жалғыз жандармен әңгімелесіп, көңілін бөлісетін тағы да әлеуметтік сала қызметкерлері. Міне, осындай игі істерімен ерекшеленетін олар қандай құрметке болса да лайық.

Топтаманы әзірлеген Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.